Сандуғаш Стамғазиева Алтынбек Қоразбаев туралы ашық айтты

10 Желтоқсан 2023, 17:14 49247

Көптен бері сахнаға шықпай кеткен Сандуғаш Стамғазиева алғаш рет «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап қатты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Кезінде Мейрамбек Беспаевпен дуэт боп ән шырқап, кейіннен өнерден алыстап кеткен әнші танымал композитор Алтынбек Қоразбаевпен некелескені белгілі болған. Бүгінде екеуінің екі қызы бар.

Стамғазиеваның сөзіне қарағанда, ол бүгінде жұмысқа оралып, тойларға да шығып жүр екен.  

Ана атанған соң өнер екінші сатыда қалып еді. Қазір «Алатау» дәстүрлі өнер театрына жұмысқа кірдім. Сахнаны қатты сағынып қалыппын. Өмірімді екі қызыма арнадым. Қыз балаға жақсы тәрбие керек. Аналық мейірімге бөлеп өсірсем деген бір ғана мақсат болды. Қазір енді олар бойжетті, есейді. Сондықтан сахнаға ақырындап қайтадан шығып жатырмын. Тойға шығып, қыздарды ұзатып жүрмін, - деді әнші.

Әнші Алтынбек Қоразбаевпен қарым-қатынасы жайлы да айтты. Өмірінің бұлай өзгеретінін күтпегенін алға тартты.

Ол кісіден екі бала дүниеге келеді деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Маңдайыма жазылған екен. Бастапқыда ол кісі мойындамай, жария еткеніме ашуланып жүрді. Бірақ қазір бәрі реттелді. Екі қыз тұрғанда қайда барамыз. Біз араласпаған күнде де қыздар әкелерін іздейді. Араласып тұрады. Әкелерімен ақылдасады, мен көбіне «әкеңнен сұра, сол не айтса сол болады» деймін, - дейді ол.

Өне иесінің сөзіне қарағанда, үлкені студент, ал екіншісі мектепте оқиды. Екеуі де өнерге жақын екен.

Үлкенім – Алтынай, 19 жасқа толды, журналистика саласында білім алып жатыр. Ал Сафиянұрым 10-сыныпта оқиды. Екеуі де өнерге жақын. Үйге келе жатқанда сыртта тың тыңдап, біраз тұрамын. Кейде олар мен жоқ кезде ән салып, дайындалып алады. Мен бар кезде ұяла ма, тынышталып қалады. Жап-жақсы дауыстары бар, екі жақтан да Құдай беріп тұрған соң олар қайда барады? – деді ол.

Стамғазиева Қоразбаевтың бәйбішесімен қарым-қатынасына қатысты сауалға да жауап қатты.

Алтекеңнің үйіндегі кісімен көп кездескен емеспіз. Бірақ оған деген көзқарасым өте жақсы. Рахметімді айтып отырамын. Қазір неше түрлі жағдайды естиміз ғой, «ойбай, бәйбішесі біреуді жалдап ұрғызыпты», «көшеде шашын жұлып, төбелесіпті» дегенді. Құдай сақтасын, ондайдан беті аулақ, ол кісінің даналығы, Алтекеңе деген құрметі шығар, бір-бірімізге жамандық ойламағанбыз, - деді Сандуғаш Стамғазиева. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: