Қостанай – Арқалық бағытындағы АН-2 санитарлық авиация ұшағы Арқалық қаласынан 1,5 км қашықтықтағы әуежай маңына қатты қозғалыспен қонуға мәжбүр болды. Оған қатты боран себеп болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, әуе кемесінде төрт адам болған. Олар екі ұшқыш және екі дәрігер. Хабар түскеннен кейін Костанай облысының ТЖД өрт сөндірушілері жедел түрде оқиға орнына жіберілген. Облыстық ТЖД мен Арқалық қаласында жедел штабтар құрылған.
Құтқарушылардың жылдам әрекеттерінің арқасында ұшақтағы адамдар аман-есен табылып, Арқалық қаласына жеткізілді. Жарақат алғандар мен қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның себептері анықталып жатыр,-деп атап өтті ведомстводан.