Санасы нұрланған адам туралы аңыз

30 Маусым 2014, 11:51

Қозы өлген соң Баян сұлу да оның артында жалғыз қалуды жөн көрмедi.

Бұл аңызды қазақ оқырманына алғаш ұлы Мұхтар Әуезовтiң таныстырғаны белгiлi. Аңыз Солтүстiк Үндiстанның шағын патшалықтарының бiрiнде бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 566-476 немесе 563-473 жылдар аралығында өмiр сүрген Сиддхартха Гаутама дегеннiң патша отбасында дүниеге келгенiнен басталады. Алаңкөңiл патша өз ұлының дүниенiң қайғы-қасiретiнен бөлектенiп, тек қуаныш пен күлкiнi ғана бiлiп өскенiн қалаған. Патшазаданың бiраз өмiрi осылай қайғы-мұңсыз өткен де болатын. Жары Яшодхара да оған сарай сыртында мүлдем басқа өмiрдiң бар екендiгi туралы тiс жарып айта қоймаған едi. Бiрақ бiрде сарай маңынан сәл жырақтап шығып кеткен ол етi сүйегiне жабысып арыған қарияны, ойбайлай ыңыранған, денесiн дерт меңдеген сырқатты, жұрт азалап жерлеуге алып бара жатқан жансыз мүрденi көрiп қалады. Мiне, осыларды көргеннен кейiн-ақ оның көңiлi нiлдей бұзылған. Өйткенi, жүрегi ояу патша ұлы өзiнiң де түбi осылардай болатынын ұғынған едi. Оны, егер бар пенде тiршiлiгiн осылай аяқтайтын болса, онда өмiрдiң мәнi неде деген сауал мазалай бастаған. Осы сауал оны ақыры патшаның салтанатты сарайынан да, жарының ыстық құшағынан да бездiрген. Ел кезген, жер кезген тақуалардың қатарына әкелiп қосқан.

Бiраз жылдардан кейiн ол тақуалардың тiршiлiгi де құр өзiн-өзi алдарқату екендiгiн түсiнедi. Олардан жырақ кетiп, бодхи ағашының түбiнде отырып алып ұзақ күндер бойы тәңiрге жалғыз сыйынады. Мiне, осы ағаштың түбiнде 35 жасында, iбiлiстiң арбауынан аман өткен 49 күнге созылған құлшылықтан кейiн, Сиддхартханың санасы оянып, көктен хабар түседi. Өзi «санасы нұрланған адам», яғни, Будда деген жаңа есiм алады. Будданың тағдырын бiлетiндер оны арнайы құдайлардың өтiнiшiмен жер бетiне түсiп, пейiлi бұзыла бастаған адамзатты адалдықтың жолына қайта бұруға тапсырма алған әулие жан екен деседi (Үндi дiни нанымы бойынша адам бар күнәсiнен тазарып бiткенше жер бетiне әртүрлi денеде, өсiмдiк боп, жәндiк боп, адам болып үздiксiз келе бередi. Ал Будда бұл қайта туулардың бәрiнен өткен, тек құдайлардың ғана өтiнiшiмен жерге арнайы түскен жан ретiнде аталады). Сол Будда сексен жыл қара жердi басып, дауысы жеткен жердiң бәрiне iлiмiн таратып дүниеден өтедi. Ал осы iлiмдi кейiн шәкiрттерi Орталық Азияға, Аспан астындағы Қытай мен аралдардағы Жапонияға дейiн жеткiзедi. Бүгiн бұл дiннiң тармақтарын Қытай, Тибет, Жапония мен Корея секiлдi байырғы отырықшы елдер ғана емес, моңғол, бурят, қалмақ секiлдi тағдыры өзiмiзбен еншiлес болған байырғы көшпелi халықтар да ұстануда.

Будданың дүниеге әртүрлi бейнеде келген туылуларынан сыр шертетiн аңыздар мен мысалдар буддизм әдебиетiнде жатақ деп аталады. Жатақтарда Будда маймыл, сиыр, марал, қоян, тасбақа, пiл, әулие, тақуа, мейiрiмдi патша, данагөй патшазада сипаттарында көрiнiс бередi. Олардың бәрiнде де ол даулы мәселелерден жеңiмпаз болып шығып отырады. Маймылдар көсемi ретiнде су иесi албастыны алдап жыққан да, сайрауық шымшықтардың басшысы ретiнде аңшының ауынан құтылудың амалын тапқан да, көршiлесiмен ақша тiгiп бәс ойнаған аңғал иесiне екi мың рупий табыс тауып берген ақылды сиыр да, бәрi-бәрi осы Будданың өзi. Қарап отырсаңыз, қайсы болмасын жақсылықтың жеңiсiмен аяқталатын ертегi-мысалдардың бәрiн де «Будда бiрде дүниеге келгенде» деген қайырма әлқиссамен бастай беруге болатын секiлдi.

Ендi «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына қайта оралайық. Дәлiрек айтқанда, жырдың алғашқы түпнұсқасының соңы қалай аяқталуы мүмкiн деген мәселеге. Егер жырды алғаш жырлаған ақын шынымен буддашыл болған болса, ол жырды былай түйiндеген болуы әбден мүмкiн:

Қозы өлген соң Баян сұлу да оның артында жалғыз қалуды жөн көрмедi. Жаратқан иеден келесi өмiрлерiнде екеуiн қайтадан бiрге, тағы да ғашықтар ретiнде дүниеге келтiруiн сұрады да өзiне-өзi қол салды.

Бұл жолы фәни жалғандағы тiршiлiктерi қасiретпен аяқталған екi мұңлық ғашықты халық ұзақ жоқтап жылаған. Ел ақсақалдары ақыры екеуiн бiр жерге жерлеуге ұйғарысты. Ендiгi өмiрлерiнде олардың қосылып, барлық мұрат-мақсаттарына жететiндiгiне үмiт бiлдiрiстi.

Мына белқұда болып жатқан екi кiсiнiң ұлы мен қызы, бәлкiм дүниеге қайта келген сол Қозы Көрпеш пен Баян сұлу болар. Олай болса, олардың болашағы жарқын болуын тiлейiк».

Мiне, бiздiң шамалауымызда шабытты шақырар той үстiнде жырланатын мәңгiлiк махаббат дастаны осылай түйiнделген. Оның осы тұрысында жапон әлде қытай ертегiсiн еске түсiретiнi де рас. Және бұлай болуына ол елдерге де жетiп, ұлттық дүниетанымына айналып кеткен буддизм мен оның мифологиясы себепшi екендiгi де жасырын емес.

Қалай дегенмен де ана дүниеге барғанда бiрiн-бiрi тани алмай қамығып жүрген Лермонтовтың христиан ғашық­тарының хикаясынан анағұрлым оптимистiк әуенде аяқта­­ла­тын мұндай туындыға әбден қол соғуға болатындай. Өйт­кенi, қолдан келiп жатса, келесi бiр дүниеге келулерiнде болса да, ғашықтардың өзара қосылуына мүмкiндiк жасап бергеннен артық не бар дейсiң. Мұны, бiздiңше, жырдың алғашқы авторы да өте жақсы бiлген.

Солай, түпнұсқа «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры өз кейiпкерлерi мен оны алғаш жырлаған ақынның дiни сенiмдерiне ешқандай қайшы келмейтiн-дi.

Әрине, бiздiкi жорамал болжам ғана. Ол жорамалға сену, сенбеу оқырманның өз еркiнде. Ең бастысы, Ұлы Даланың елiмiз мәңгi мекен етер осы бұрышында бiр кездерi атақты төрт дiннiң бiрi ретiнде саналатын буддизмнiң де бiр қонақтап кеткенiн қисаптан шығарып тастамасақ болғаны.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: