Самирхон Абабакиров: Олимпиадаға жолдама алу үшін бар күшімді салдым

17 Наурыз, 06:34 3944

Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ҰОК мәліметінше, дүбірлі доданы Қазақстан командасы 2 лицензиямен аяқтады. Бірінші жарыс күнінде Батырхан Төлеуғали (80 келі) жолдамаға иелік етсе, Самирхон Абабакиров (58 келі) жазғы ойындарға қатысу құқығын жеңіп алды. 20 жастағы спортшы Olympic.kz тілшісіне сұхбат беріп, өзінің сезімін бөліскен болатын. 

Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін тынымсыз дайындалып едік. Бәрі ойдағыдай өткені қуантады. 

Ал турнирге келер болсам, өте тартысты өтті. Әсіресе, жолдама тағдыры сарапқа салынған жартылай финал жекпе-жегі мені біраз қобалжытты. Спортта уайымсыз болмайды, әрине. 

Десе де, бапкерлерімнің, жанкүйерлердің қолдауымен осындай нәтиже көрсетіп, Париж ойындарына жолдама алдық. 

Енді бізді тынымсыз жаттығу күтіп тұр. 2022 жылдан бері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп келем. Екі рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатыстым. Спорттық мансабымдағы ең үлкен нәтижем – Мексикада өткен әлем біріншілігіндегі бесінші орын. Содан соң, міне, Париж Олимпиадасына қатысқалы отырмын. 

Менің басты міндетім – әлемдік додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғау. Сол үшін еңбек етемін, - дейді Самирхон. 

Еске сала кетейік, Қытайдағы лицензиялық турнирде Самирхон Абабакиров үш кездесу өткізіп, барлығында қарсыластан басым түсті.

Зарина Арман
Бөлісу: