«Самара-Шымкент» автожолы бағытындағы көпір бір тәулікте қалпына келтірілді

30 Наурыз, 13:00 840

«ҚазАвтоЖол» мамандары бір тәуліктің ішінде «Самара-Шымкент» авто жолы бағытындағы көпірді қалпына келтірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

28 наурызда кешкі уақытта еріген қар суының салдарынан халықаралық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1132 шақырымындағы көпірге жақындаудың оң жақ бөлігін су алып, уақытша қозғалыс шектелген болатын. 29 наурызда аталмыш мәселені дереу шешу мақсатында Ақтөбе облыстық «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ филиал мамандары көпірді қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Жұмыс барысында 12 плита мен 100 метрлік қисық сызықты діңгектер демонтаждалып, 5000 тонна ірі қиыршықты тас әзірленді. 31 маман мен 65 самосвал, 4 тиегіш, 1 автокран, 1 трал және 1 грейдер жұмылдырылды.

Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде мамандар бір тәулік ішінде көпірді қалпына келтірді. Қазіргі таңда көлік құралдары үшін қозғалысты ашу жоспарлануда, - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" мамандары.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: