Салық саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған шешім қабылданады - Қошанов

29 Қаңтар, 11:07 303

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылап, жаңа міндеттер қойды. Осыған орай Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пікір білдірді,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр.Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет.Бұл орайда озық елдердің тәжірибесін барынша зерделеп, жұмысты сессия соңына дейін аяқтауымыз керек, - деді Қошанов.

Мәжіліс спикері басты мәселенің бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне де тоқталып өтті.

Осы саладағы проблемалар бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқаны мәлім.Күні кеше Мәжілісте өткен үкімет сағатында бұл тақырып жан-жақты талқыланды. Депутаттар салалық министрлікке осы салада үнемі орын алып келе жатқан бірқатар проблеманы атап айтты. Бұған дейін Қоғамдық палата алаңында да кеңінен талқылау өткен болатын. Енді осы пікірталастардың барлық нәтижесін, сондай-ақ жинақталған тәжірибені заңнамалық тұрғыдан қарау қажет.

Ол Мемлекет басшысы айтқан салық реформасы жөнінде өз ұстанымын айтты.

Реформа қажет-ақ, бірақ ол барынша сараланып, байыппен қаралуға тиіс. Біз қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық бойынша Үкіметтің позициясын білдік. Бұл мәселе бойынша сарапшылар мен Парламент депутаттары да өз пікірлерін айтуда. Сондықтан мемлекеттік органдармен, бизнеспен бірлесіп, Салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулерді мұқият талқылайтын боламыз. Өзгерістерді барлық қырынан жан-жақты қарастырып, салық саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған салмақты шешім қабылдауымыз қажет, - деді Қошанов.

Қошанов оған қоса жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керегін атап өтті. Ол Мәжіліс қабырғасында тиісті заң жобасы әзірленгенін қоса кетті. Сөзінше, жақын арада осы заң жобасын талқылау жұмысы басталады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: