Салтанат Тұрсынбекова сайлауда Қарақат Әбденді өзіне қосылуға шақырды

14 Қараша 2022, 23:41 1516

Салтанат Тұрсынбекованың бұл пікіріне қатысты Қарақат Әбден де жауап беріп үлгерді

Бұл туралы пікірін Салтанат Тұрсынбекова Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

"Қарақат Әбденге сайлау науқанынан бас тартып, менің штабыма қосылуға шақырамын. Әбден Қарақат Жақсылыққызының бағдарламасын талдап, кездесулерін сараптай келе, кей тұстарда ойымыз тоғысатынын түсінемін. Екеуміз де әйелдің қоғамдағы орнын, оның маңыздылығын айтып жүрміз. Бірақ айта кетейін, Қарақат Жақсылыққызының саяси тәжірибесі аз, сайлаушылармен кездесулерде оның бағдарламасының жөн-жосығын түсіндіріп, мәдени-бұқаралық іс-шаралары үшін түсініктеме беруіме тура келеді", - деді Салтанат Тұрсынбекова. 

Президентіктен үміткер Салтанат Тұрсынбекова қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін жақсы білетінін де жазған.

"Қарақатты өз командама шақырамын. Әйелдердің дауысы басым әрі анық шығуы үшін біз бірігуіміз керек.Сайлаушылардың дауысын екіге бөлмей-ақ қояйық. Қарақат Жақсылыққызы, сайлау науқанынан бас тартып, менің командама, штабыма қосылыңыз.  Әйелдер мен отбасының мүддесін алға жылжытуға бірге күш салайық! Оның үстіне, менің қарсыласым ұсынатын бастамалардың көбі менің сайлауалды бағдарламамның бір блогында ғана – «Халықты әлеуметтік қорғауда» қамтылған. Дегенмен, мен сот-құқықтық реформаны, мемлекеттік институттарды демократияландыруды, азаматтық қоғамды дамыту үшін елеулі өзгерістерді де ұсынамын. Сонымен қатар, мен құқық қорғаушымын, көп жылдар бойы әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келемін. Қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін бес саусағымдай білемін.Тағы да қайталап айтамын, Қарақат Жақсылыққызы, менің командама қосылыңыз, бірге жұмыс істеп, ұсыныстарыңызды сайлаушыларға жан-жақты жеткізуге уәде беремін", - деп жазды үміткер.

Салтанат Тұрсынбекованың бұл пікіріне қатысты Қарақат Әбден де жауап беріп үлгерді.

"Кейбір кандидаттардың маған ерекше ықылас білдіріп, сайлауалды бағдарламамды өте мұқият зерделеп шыққаны үшін алғыс айтамын. Бағдарламаға мәслихатта, мемлекеттік басқару секторы мен қоғамдық қызметте жинақтаған ұзақ жылғы тәжірибем негіз болды. Бір бастаған істі соңына дейін жеткізетін әдетімді менің жақтастарым, көптен бері бірге жұмыс істеп келе жатқан кісілер мен бастамаларымды қолдайтын жандар жақсы біледі. Өзге кандидаттарға бұдан басқасын білудің қажеті жоқ. Алдағы уақытта ел өңірлерінде сайлаушылармен бірнеше кездесуім өтеді. «Аз сөйлеп, көп іс тындыр» демекші, халқымыз ежелден-ақ аз сөзді алтынға балаған. Күшім де, тәжірибем де жеткілікті. Басқа кандидаттарға сәттілік тілеймін және шектен шықпауға шақырамын. Басты назарда кандидаттар емес, сайлаушылар болу керек", - деп жазды Қарақат Әбден әлеуметтік желідегі парақшасында.
EL.KZ
Бөлісу: