Салтанат Нүкенова тірі болғанда бүгін 32 жасқа толар еді...

15 Мамыр, 10:00 5087

Бүгін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанат Нүкенова 1992 жылы 15 мамырда Павлодарда дүниеге келген. Салтанат Нүкенованың есімі 2023 жылдың 9 қарашасында бүкіл әлемге танымал болды. Ол 31 жасында өзінің азаматтық некедегі жары Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. 9 қарашада ұсталған Қуандық Бишімбаевтың кінәсі дәлелденіп, жарты жылға созылған істің нүктесі қойылды. Ол аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 24 жылға темір торға қамалды. Ал оның қылмысын жасыруға көмектескен Бақытжан Байжанов 4 жыл арқалады.

Салтанат Нүкенованың өлімі қазақстандықтар арасында үлкен резонанс тудырды. Қоғамда зорлық-зомбылық мәспелелері ашық талқыланып, жазыла бастады. Соның нәтижесінде әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Осы сәттен бастап Салтанат Нүкенова еркіндік пен зорлыққа қарсы қоғамның символына айналды.

Қуандық Бишімбаев сотын барша қазақстандықтар мен шетел азаматтары тікелей эфирде көрді. Сот барысында Салтанат Нүкенованың Бишімбаевпен некелескен 2022 жылдың күзінен бастап, бір жыл бойы физикалық және моральдық тұрғыда зорлық көргені дәлелденді. Әсіресе, Нүкенова өлім аузында жатқанда Бишімбаевтың 20 минут ішінде 175 рет бір сұрақты қайталап, видео түсіріп алғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Алқабилердің бірнешеуі эмоциялық түрде соққы алып, жедел жәрдем шақыруға тура келген. 13 мамыр күні айыпталушыға халықтың атынан алқабилер үкім шығарып, әділдік орнады.

Қазіргі таңда Салтанат Нүкенова атындағы қор жұмыс істеп жатыр. Қордың негізін қалаушы - Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді. Ол тұрмыста зорлыққа ұшыраған әйелдерге тиісті көмек көрсететінін атап өтті.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Фонд памяти Салтанат Нукеновой (@saltanat.foundation)

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: