Салим Айлазов: Бәріміз бір атаның баласындаймыз. Бір-біріміздің айырмашылығымызды байқамаймын

19 Ақпан 2019, 03:04 11586

Жастар жылы жарияланысымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты маңызды іс-шараларды жоспарлап, оларды жүзеге асыруды бастап кетті.

Астанадағы этномәдени орталықтардың белсенді жастары да сырт қалмай, күш біріктіруде. Солардың қатарында М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің IV курс студенті, университеттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» клубының жетекшісі, күрд этномәдени орталығының мүшесі Салим Айлазов та бар.

— Салим, биыл Жастар жылы. Өзіңдей жастардың жұлдыздай жарқырайтын жылы. «Жарасым» клубының мүшелері өз тарапынан іс-шаралар жоспарлап жатқан болар?

Клубта жүзге тарта жастар бар. Бәріміз қандай да іс-шара болмасын ұлттық сипатта өткіземіз. Елбасының жастардың алдына қойып отырған міндеттері мен тапсырмаларының қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сол үшін де біз орталықтың жұмысын белсенділікпен атқаруды арттырамыз. Қазіргі қажырлы жұмысымыздың нәтижесі болашақта Қазақстанның нәтижесіне айналатынына сенімдімін.

Университет түлегі ретінде мен үшін Жастар жылының ашылу форумында айтылған студенттерді жұмысқа тарту туралы бағыты үлкен қызығушылық тудырды. Университетті бітіргеннен кейін мен қайда барамын деп алаңдамаймын. Біз үшін үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Тек тетігін тауып, кірпіш болып қалану қалды.  

Жалпы Жастар жылында бізге қойылып отырған міндеттер ауыр емес, тек өз ісіңді сүйіп, ептілік таныта білуің керек. Қолыңнан нақты не келеді, сонымен айналысып, нәтижеге қол жеткізу керек.

Қазақстанда халық үшін бар жағдай жасалып отыр. Оның ішінде жастарға көп көңіл бөлінуде. Білім алам, ғылыммен айналысамын, өнерлі боламын десең, ешкім бетіңнен қақпайды. Осы тұрғыда мен оқып жүрген университеттің басшылары білімнің қолжетімді болуына бар жағдайды жасап отырғанын айта кеткен жөн болар.

Жастар жылында мемлекетімізде бейбітшілік пен келісімнің сақталуына, табыс пен тұрақтылықтың нығаюына атсалысамыз.

— Сенің жасөспірімдерге би үйрететініңді біліп жатырмыз. Сол туралы айтып берсең.

— Оқу мен жұмыстан қолым бос кезінде мен балаларға «Лезгинка» биін үйретемін. Үйірмеге әртүрлі ұлттардың балалары қатысады. Мысалы, ингуш, шешен, түрік, күрд, қазақ, орыс, татар өкілдерінің балалары би үйренуге ынталы. Мен оларға би үйрете отырып, қосымша тәрбие беруді де ұмытпаймын. Балаларды достықты қадірлеуге, бір-біріне, айналасына сүйіспеншілікпен қарауға, татулықта өмір сүруге, патриотизмге тәрбиелеймін. Тіпті әр мерекелік күндерде шығарма жазуды тапсырамын. Яғни, мен тек дене тәрбиесіне ғана мән беріп қоймай, ішкі жандүниенің қасиеттерін де дамытуды жөн деп таптым.  

— Өзің жас бола тұра, соңынан ерген іні-қарындастарыңа қамқорлықпен қарағаның жан сүйсінтеді екен. Дана халқымыз «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді, саған кім үлгі болды?

— Біз аспаны ашық, елі тыныш мемлекетте өмір сүрудеміз. Осы үшін де Елбасына, барша халықтарға алғыс айту керек. Қазақстан бар әлемде тыныштық болғанын қалайтын мемлекет. Мен де елімнің патриоты, азаматы ретінде мұны қолдаймын. Сол сияқты әр азамат өз елінің дамуына үлесін қосып отыру керек дегім келеді. Ешкім де тыс қалмауы тиіс. Әркім өз бетімен жүретін болса, ешкім ештеңені керек қылмайтын болса, еліміз құлдырайды. Мұны ешкім де қаламасы анық. Мен осы үшін де өскелең жеткіншектерге үлгі болсам, ертең солар да дәл мендей ойлайтынына кәміл сенемін. Сөйтіп бұл үрдіс өз жалғасын таба береді.

Кезінде жер аударылып келген ата-бабаларымызды бауырындай көрген қазақ елінің жерінде барлық халықтар толеранттықты сақтап, достық қарым-қатынас орнатты. Қазіргі уақытта әлем қазақстандықтардың тату екеніне көзі жеткен. Ал мен айтар едім, тіпті бәріміз бір атаның баласындаймыз. Бір-біріміздің айырмашылығымызды байқамаймыз. Бізде интернационал отбасылар бар. Мысалы, менің ағам қазақ қызына үйленді. Олар екі ұлттың мәдениетін біріктіріп, шаңырақ көтеріп отыр. Сол үшін де мен ағамды мақтан тұтамын.

Ал үлгі дегенге келетін болсақ, маған қазақ халқының парасаттылығы үлгі.

Содан да мұның барлығы қаншалықты маңызды екенін біздің жасөспірімдер түсінгенін қалаймын.

Қарыштап дамыған заманда балаға интернет емес, ересектердің қолдауы қажет болады. Ұстанымы жақсы ұстазға шәкірті үйірсек болады. Мен де «болмасам да, ұқсап баққым» келеді. Мемлекет – ол бір үлкен отбасы. Отбасының мүшелері бір-бірімен жарасымда өмір сүруі керек. Үлкені кішіге үлгі, кіші үлкенге қолқанат болғаны абзал.

— Күрд этномәдени орталығы туралы айтып өтсең.

Күрд этномәдени орталығы қоғамның игілігіне жұмыс атқарып отыр. Орталық төрағасы Шамо Заарұлы Фатоев «Қоғамға, еліңе, отбасыңа, тіпті өзіңе қандай пайдаң тиіп отыр?» деп сұрайды әуелі бізден. Бұл бізді әбден ойландырып тастайды. Шынымен де пайдалы қандай іс атқарып жүрмін деп ойланасың.

Біздің медицина саласында жұмыс істеп жүрген ұлт өкілдері осы тұрғыда үлкен іс атқаруда. Олар халықтың денсаулығына көп көңіл бөледі. Мен және достарым заң саласында оқып жүрміз. Біздер болашақта елдің құқығын қорғайтын маман болып шығамыз. Ал өнерде жүргендер мәдениеттің өркендеуіне үлесін қосып жүрген азаматтар. Барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Қазақстан халқы Ассамблеясы бастаған барлық бастамалардың басы-қасында жүреміз.

Орталықта ұлттық мәдениетімізге бағытталған үйірмелер жұмыс істейді. Бұл арқылы басқа ұлттар бізге жақын болып, қоян-қолтық араласса дейміз. Көпұлтты Қазақстанның халықтары бір-бірінің салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына қанық болса екен деген зор ниетіміз бар. Әркім әр салада жүрсе де, қоғамға пайдасын, үлесін тигізуді басты мақсатына айналдырады. Елбасы, ата-анамыз, төрағамыз ел игілігіне жұмыс істеуімізді тапсырады.

Осы орайда мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сайты өте сапалы контентпен қамтылғанын айтып өтсем деймін. Маған сіздердің этностар туралы жазғандарыңыз ұнайды. Әр жаңалық, мақала, сұхбат, жарияланымдарды оқи отырып, біздің қоғам біртұтас екенімізді ұғындым. Халықтардың өмірі, салты бір. Қаншама ұлттың салты, дәстүрі, діні, тілі бөлек болғанымен, үйіміз ортақ. Бәріміздің мақсатымыз ортақ. Дін мен ділге, тілге қарамастан, біз бір отбасымыз. Тұлғалардың сұхбатын оқи отырып, мен де осылай істесем екен деген ой қалыптасады. Қазіргі азғантай ғана істеп жүргенімді одан әрі асырып істесем екен деген рухым асқақтады. Жалпы айтқанда, сіздердің еңбектеріңіз бағалы. Сіздер халықтардың жаршысысыздар.

Бұрын біз түрлі іс-шаралардың барысында бір-бірімізбен танысып, білісіп жататын едік, тіпті уақыт жетпей қалатын. Ал қазір біз Ассамблея сайтынан көп дүниені біліп жатырмыз. Сіздер арқылы мен көп адамдарды таныдым десем, артық айтқандығым емес. Ендігі жерде кездесе қалсақ, ол адамдар туралы біліп тұратын боламын. Осы орайды пайдалана отырып, сіздерге алғыс айтамын. Еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!

— Салим, отбасың және өзіңнің қызығушылықтарың жайында әңгімелей отырсаң.

— Менің ата-анам Жамбыл облысынан, кейінгі жылдары Астанаға көшіп келдік. Оқуымды аяқтаған соң туған жеріме ораламын ба, әлде Астанада қаламын ба, ол жағын әлі шешпедім. Бірақ туған жерімді сағынамын.

Ең бастысы – осы уақытқа дейін алған білімімді, түйгенімді, адамдық қасиетімді еліме қызмет етуде пайдаланамын деген ой-арманым бар.

Мен бала кезімнен кітап оқығанды ұнатамын. Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс» шығармасын, Агата Кристидің кітаптарын оқып, өзіме заң саласында жұмыс істеймін деген мақсат қойдым.

Менің достарымның арасында көптеген ұлттардың өкілдері бар. Достарымның ұлт тарихын, мәдениетін бойыма сіңіруге тырысамын. Ұлттардың мәдениетіне қызығамын. Олардың барлығына құрметпен қараймын, олар да маған сыйын аямайды. Кейбір тілдерді үйреніп те жүрмін. Мысалы, қазақ, түрік, әзірбайжан, орыс тілдерінде түсінісіп, сөйлеп келемін.

Бос уақытымда тәрбиесі қиын балаларды жаныма жинап алып, оларға адами қасиеттерді дарытуға, не жаман, не жақсы екенін ұқтыруға тырысамын. Ата-анаға, Отанға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға талпынамын. Денсаулықтарына қарауға, білім алуға үндеймін. Зиянды заттардың әсерін түсіндіреміз. Жас болсақ та, соңымыздан ерген інілерімізге бас болуға, оларды адам болып қалыптасуына көп көңіл бөлеміз. Бізге де қарап бой түзейтін жасөспірімдер бар екенін сезініп, жауапты болуға тырысамыз.  

Сол балалар кейде менің үйіме келіп, менен ақыл-кеңес сұрайды. Білгенімді айтамын, білмегенімді ересектерден сұраймын.

Кітап көп оқимын дедім ғой, сол арқылы танымым кеңейеді. Менің түсінігімде дұрыс өмір сүру деген – ол отбасылы болу.

— Этномәдени орталықтың жұмыс істейтінін қалай біліп келдің?    

— Маған орталықтың барын әкем айтты. «Шамо Фатоевқа бар, ол саған көп нәрсені үйретеді» деді. Біздің төрағамыз жан-жақты, әсіресе тәрбиеге көп көңіл бөледі. Шамо ағам жас болса да, ақылды, қайырымды, өнегелі жан.

Орталықта мені жылы қарсы алды. Мен жастарға бағытталған жұмыстарды атқара бастадым. Өзімнің жұмысымды ұнатып қалдым. Қазақстан халқы Ассамблеясы туының астына жиналған барлық этностар мені бірден өзіне баурап алды. Жас ретінде менің де аз болса да көмегім тигеніне қуандым.  

Көптеген бірегей тұлғалармен таныстым. Үнемі Аскер Пириев ағамның қолдау сөздері дем береді. Менің де Аскер аға сияқты болғым келеді. Ол мені шын мәнінде де мықты адам болуға үйретті.

Қысқасы, Ассамблеяның қызметіне тәнтімін.

— Кітапты көп оқимын дедің. Соңғы оқыған әсерлі кітабың?

— Елбасының «Елбасы жолы» кітабын оқып, шабыттандым. Кітапты оқи отырып, еліме пайдалы бола алатынымды түсіндім. Біз болмашы нәрсеге ұнжырғамызды түсіріп, қиындықтың алдында шарасыздық танытатынымызды ұғындым. Негізінде шешілмейтін мәселе болмайды екен.

Кітаптан шынайы болуды, өз қағидаларыңа берік болуды үйрендім. Бірақ қағидаларың ешкімге зиян тигізбеуі тиіс.

Сонымен қатар маған күрд ғалымы, академик Надир Надиров ұнайды. Ол адам қазір сексен жетіде болса да, әлі де тың, ширақ. Надир Кәрімұлының өмірлік қағидасы – мемлекетке қызмет ету.

Мен он төрт жаста болғанда, «Мы, курды-казахстанцы» деген кітабын оқыдым. Ол өз кітабында қазақ халқы туралы өте жақсы жазған. Онда қиын кездерде қазақ халқы күрдтерді туғанындай көріп, бауырына тартқаны сөз етілген. «Осы халықтың арқасында күрдтер аман-есен қалып, қазақ жерінде тамыр жайған. Бұл қазақ халқының жүрегі ақ, үлкен дегенді білдіреді» дейді.

Кітапты оқыған соң мен қазақтарды бұрынғымнан да қатты жақсы көріп кеттім. Адамдарға көмектесіп, қамқорлығына алған қазақ халқы бейбітшілік деген не екенін іс жүзінде көрсетті. Ендігі біз осы сыйластықты сақтай алмасақ, арымызға, намысымызға, ұятымызға сын.

Менің атам Айнал Абишев, көршілес тұрған қазақтар Әбіш деп атайтын. «Әбіш» деген адал деген мағынаны білдіреді екен.

Күрдтер таулы аймақтарда өмір сүрді ғой, атам да сол сияқты таулы жерде тұру үшін жер сұрап алған екен. Сол атам бақилық болар алдында балаларына «мен маңдайымды қай жерге тигізсем, сол жер туған жерлерің» деген екен. Сол туған жерлеріңе адал болыңдар деп өсиет қалдырған. Артынан қалған ұрпағы, яғни, біздер аманатын арқаланып жүрміз. Оқуымды бітіріп, Отан алдындағы борышымды адалдықпен атқарып, атамның аманатын балаларымызға аманат етіп қалдырмақпын.

— Замандастарыңа қандай кеңес бересің және алдағы бес жылда өзіңді қандай орыннан көресің?

— Бес жылдан кейін де, өмір бойы да еліме адал ұл боламын.

Ал жас достарыма дамуға кеңес беремін, өз ісіңе, отбасыңа, Отанымызға толықтай қызмет ет, қандай жағдай болмасын, адам болып қалу керек.

Келер жылды қарттар жылы деп атаған жөн болар еді. Қарттарға жастар қамқорлық танытса екен.

— Салим, сенің үлкендердің тәрбиесін алғаныңды әңгіме барысында аңғардым. Әкеңнің мақтанарлық ұлысың. Алда келе жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ыстық лебізіңді оқырмандарға жеткізсең.

— Қазақстан халқын қиындықтар шынықтырып, біріктірді. Біздің халықтар шыдамды, төзімді. Достықты қадірлейтін қазақ халқы – дана халық.

Мен тіпті былай деймін – өзімді қазақ деп санаймын. Әрине мен өзімнің шыққан тегімді ұмытпаймын. Бірақ қазақ елінің азаматы ретінде өзімді қазақпын деп санаймын.

Ата мен әкем айтқандай, қиындықта қысылтпай, төрінен орын берген қазақ халқына мың алғыс!

Мен Қазақстанда туғаныма қуанамын. Қазақстандай отанымды мақтан етемін. Қазақ елі деп соққан жүрегім үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтамын!

«Бірлік, келісім және төзім» деген ұраны бар халықтың достық қамалы бұзылмасын!

— Тілегіңе рақмет, оқуыңды сәтті аяқтап, арманыңа жете бер!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: