Салауатты өмір салтын ұстану сәнге айналып келеді - мемлекеттік қызметкер

18 Қыркүйек 2023, 14:00 3757

Бүгінде қызметімен де, өмір сүру салтымен де өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтар жетерлік. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, спортқа тұрақты көңіл бөлетін жанның бірі -  Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Алтай Рахимберлин. Ол бар көңілі мен ынтасын студенттерге, спортқа бөледі. Нақтырақ айтсақ, білім алушылардың жағдайын жасап, елімізде жүгіруден өтетін марафондарға қатысып тұрады. Алтай – Қарағанды облысының тумасы. Жасы 34-те. Басқарма басшысы  El.kz ақпарат агенттігне берген сұхбатында алдымен өзінің қызметі туралы айтып берді.

«Білім саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді»

Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы жоғары оқу орнын бітіре салысымен алғаш мансап жолын Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің аппаратында халықпен жұмыс істеу инспекторы ретінде бастаған екен.

Кейін Топар кентінде бас маман болып қызмет еттім. Қарағанды облысы Білім басқармасында Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінде бас маман болып 4 жыл жұмыс істедім. Сөйтіп, 2018 жылдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы қызметіндемін, - деді ол.  

Бүгінде Алтай Советұлының мемлекеттік қызметте жүргеніне 12 жылдан асқан. Алдағы уақытта қызметін білім саласында жалғастырып, оны дамыту үшін күш жұмсауға ниетті.

Елімізде колледждегі грант саны 50 мыңға өскен

Алтай Рахимберлин басқарманың жұмыс құзіретіне студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету, яғни колледждерге құжаттарды қабылдау, студенттерге шәкіртақы тағайындау, тамақтандыру, жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері кіретінін айтты.

Еліміз бойынша 700-ден астам Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 400-ден астам мемлекеттік колледждер бар. Қазіргі таңда мемлекет өз тарапынан жастарға тиісті қолдауын көрсетуде, - дейді Алтай Советұлы.

Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасы басшысының айтуынша, осы жылы колледжге оқуға түскен 190 мың талапкердің 130 мыңы грантта оқиды екен.

Жыл сайын студенттерге берілетін грант саны артып отырады. Биылдың өзінде студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға ұлғайтылды, яғни 32 мыңға жетті. Келесі жылы бұл сомманы тағы да екі есе арттыру жоспарда бар, - дейді ол.

Сонымен қатар колледжде оқып жүрген жастар әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілген. Жұмысшы мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттерге бір жолғы ыстық тамақ беріліп, демалыс кезіндегі жол жүру ақысы жылына екі рет төленеді.

Студенттер арасындағы сұранысқа ие мамандықтар

Биыл талапкерлер көбіне IT, металлургия, машина жасау, геология, электр энергетика, құрылыс бағытындағы мамандықтарды таңдады. Педагогтердің мәрбесі артуына байланысты педагогика мамандығын таңдайтын білім алушылар саны да артқан. Одан кейін медицина мамандығына да деген сұраныс жоғары, - деді Алтай Рахимберлин.

Алтай Советұлының сөзінше, өткен жылдан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кәсіпорындар өтінім беру арқылы студенттерді оқудан кейін 100 пайыз жұмысқа қабылдай алады. Ол үшін кәсіпорын-колледж-талапкер үш жақты келісімге отыруы қажет. Осылайша кәсіпорын студентті жұмысқа орналыстыру бойынша міндеттемені өз мойнына алады.

«Бос уақытымды құр өткізбеймін»

«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, спорт – денсаулық кепілі, адам өмірінің айнымас бір бөлшегі. Себебі ол бойға күш-қуат беріп, өзіңізді күні бойына сергек сезінуіңізге мүмкіндік береді. Сондықтан спортпен айналысудың адамзат үшін маңызы зор десе де болады.

Қазіргі таңда ересектермен қатар жастардың салауатты өмір салтын ұстануы сәнге айналып келеді десем қателеспеймін. Оның ішінде мен де бармын. Өзім жастайымнан спортқа жақынмын. Кішкентай кезімде бокспен айналыстым. Әріптестеріммен апта сайын футбол ойнап тұрамыз. Астана қаласы мен оның жанындағы жерлерде әртүрлі марафондар өткізіледі. Оған мені әріптестерім тартты, - деді Алтай Рахимберлин.

Басқарма басшысының жүгіруден жарысқа қатысып жүргеніне бір жылдан асқан.  

Біз мемлекеттік қызметте жүргендіктен, таңнан кешке дейін жұмысымызды отырып істейтіндіктен, өзімізге деген спорттың қажеттілігін сезінеміз. Сол себепті бос уақытымызды құр өткізбей, еліміздегі марафондарға қатысып тұруға тырысамыз, - деді ол.

Марафонға немқұрайлы қарауға болмайды

Алтай Советұлы марафонға қатыспас бұрын үнемі аптасына 3 рет жүгіріп дайындық кезеңін жүргізеді екен. Жарыстың басталуына 2 апта қалғанда майлы тағамдардан бастартып, жеңіл тағамдарға көшеді.

Жүгіруді көбісі қарапайым спорт түрі деп ойлап жатады. Алайда марафондарға қатыса келе жүгірудің күрделі спортқа жататынына көзім жетті. Сол себепті ол үлкен дайындықты қажет еді дер едім. Біріншіден, жүгіруге арналған дұрыс аяқ киімді таңдай білу маңызды. Екіншіден, ыңғайлы киім киіп алған да жөн. Сондай-ақ ең бастысы ұйқына қандырып алу керек. Жүгіруге бір күн қалғанда көп тамақ ішпеген дұрыс, - дейді ол.

Алтай Рахимберлин жүгіру марафонына енді қатысып бастаған адамдарға басында 2-5 шақырым қысқа қашықтыққа жүгіруге кеңес береді. Кейін ақырындап 10, 15, 21 шақырымға ұзартуға болады.

Бірден үлкен қашықтыққа жүгіріп кеткен денсаулыққа зиян. Өз басымнан өткізген оқиғаны айтар болсам, бұған дейін 10-13 шақырым жүгіріп жүріп, бірден 21 шақырым қашықтыққа жүгіретін марафонға қатысқан кезім бар. Жүгіру барысында мәре сызығына жеткен кезде денсаулығым нашарлап, құлап қалдым. Сөйтіп, марафондарға немқұрайлы қарауға болмайтынын түсіндім, - дейді Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы.

«Әрбір марафонға қатысқан адам – жеңімпаз»

Ол елімізде жүгіруден болатын марафонды жібермеуге тырысады.

Алдағы жексенбі күні Шымкент қаласында болатын марафонға қатысамын. Ал 1-қазан күні Алматыда жүгіруден бір марафон өтеді. Егер мүмкіндігім болып жатса, оған қатысуға ниетім бар, - дейді Алтай Рахимберлин.

Оның айтуынша, марафонға қатысу арқылы адамның дүниеге, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сондықтан ол барлығына спорттың қандай да бір түрімен айналысуға кеңес береді.

Бүгінде триатлон спорт түрі жақсы дамып келе жатыр. Ол үш кезеңнен тұрады. Яғни жүзу, веложарыс және жүгіру. Алдағы уақытта мұндай спортпен айналысуды мақсат етіп отырмын. Қазір әзірге жүзуді ғана қолға алдым, - деді Алтай Советұлы.

Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы әр марафонға қатысқан жүгіруші ол өзін-өзі жеңген адам деген ойын жеткізді.

Әрбір марафонға қатысқан адам – жеңімпаз деп есептеймін. Олардың әрқайсына медаль беріледі. Жүгіру спортымен кәсіби түрде айналыспаған соң әзірге алған орындарым жоқ. Көбіне жалындап тұрған жастар, кәсіби жүгірушілер орынға ие болып жатады.  Оларға жету қиын деп ойлаймын. Бірақ үнемі өзімді шыңдап отыруға тырысамын, - деді ол.

               

Ажар Лаубаева
Бөлісу: