Сахна сыртындағы сатира! 1-бөлім

28 Ақпан 2014, 09:01

Театр актерлерінің қойылым үстіндегі, дайындық кезіндегі немесе театрдың айналасындағы бастан өткерген қызықты оқиғаларын сериялы түрде назарларыңызға ұсынбақпыз.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің өз аузынан Гүлнұр Көлбай есімді журналист жазып алған. «Көзбояуы жоқ көріністер», кемсеңдеп күлдіретін актердің бастан өткерген оқиғалары назарларыңызда!

"Бәйтерек" тобының мүшелері Бәйтерек биігінде

– Актерлар сахнада жүргенде де, сахнаның сыртында да түрлі қызықтар болып жатады. Актер де адам ғой, сөзден жаңылысасың. Соның бірі Б.Ұзақовтың «Үміт» спектаклінде болған. Сахнадағы әріптесім есімін айтпай-ақ қояйын, екеуміздің кездесетін жеріміз бар. Жетімдер үйінен қашатын бала, Замирдің рөліндемін. Қашып бара жатқанда қызбен кездесетін сахнамыз бар. Кездескенде айтады: - Замир, мен сені жақсы көремін. – Мен де, деймін. Содан кейін, Әлияның сөзі бар. «Мені бүгін мамам Алматыға алып кетейін деп жатыр» дейтін. Сол сөзді айтпай тұр. Сахнада бір-бірімізге көмектесеміз ғой. Сосын мен көмектеспек болып: «Сені бүгін бір жаққа кеткелі жатыр дейді ғой» десем, «Сен ше» дейді ғой... не жыларымды, не күлерімді білмей қалған кез болған.

"Қымбатты Памелла" қойылымында

– Тағы сол әріптесіммен, сол қойылымда, екеуі ұзақ жылдан кейін кездесетін сахнасы бар. Замир алқаш болып кетеді де, оны Әлия көшеде кездестіріп қалады. Екеуінің көзі түйісіп, Әлияның Замир дейтін жері бар. Мен төмен қарап кетіп қалам. Әлия «Замир, Замир, мен ғой Әлия» деу керек. Мен сахнаның шетіне қарай еңбектеп келе жатырмын. Әлия да артымнан еріп келеді. Қашан айтады деп ойлап қоямын. Бір кезде Әлия қасымнан жүгіріп өтіп кетті де, сахнаның сыртына дейін барып, Марат дейтін жігіт бар, декоратор. Соған, «мынаның аты кім еді» дейді. Мен күлкіден өлдім. Менің атымды ұмытып қалған ғой. Сондай да қызық болған.

 

– Режиссер Мәмбетовтың кезі болатын. Ол кісінің репетициясында шыбынның ызыңы естілмейді. Сондай тыныштықта өтетін. Бәріміз артық қимыл жасауға, дыбыс шығаруға қорқамыз. Сосын бір күні Қуандық екеуміз (Қысытықбаев) бір қызық жасайықшы дедік. Жүректі қарасайшы сонда. Бақыт Исабекова деген актриса апаймыз бар. Сол кісіні алдамақ болдық. Менің қалжыңдап жүретінімді біледі де, айтқаныма сенбейді. Сосын, Қуандыққа айттым. «Вахтаға Семейден қоңырау келіп тұр. Тез барыңыз» деу керек. Ал, соны айтып тұрғанда, мен артынан шелек байлап жіберемін. Ол кезде вахтаға тек сахна арқылы ғана өтетін. Залда Әзекең репетиция жүргізуде. Ол кісінің үстінен басып өту деген, өлімге өз аяғыңмен барумен бірдей. Тура сол кезде бір актердің рөлі шықпай, Әзекең «идиоттан» жіберіп жатқан. Қуандық өте бір сенімді түрмен Бақыт апайға айтып тұр. "Апай, барсаңызшы. Мүмкін бір тығыз шаруамен хабарласып жатқан шығар. Бір жағдай болып қалды ма, кім біледі?" Бақыт апай сондай шыдамсыз адам ғой. «Ойбай-ай, не боп қалды екен ә? Бармасам болмайды-ау ә?» деп тықыршып кетті. Осы уақытты пайдаланып, мен етегіне сахнаның сыртында жатқан жаман шелекті байлап үлгердім. Зал тастай қараңғы. Мен де Қуандықты қостап қойдым. «Бақыт тәте, барсаңызшы енді» деп. Бір кезде ЗТМ болған кезде, жаймен пердені ашып шығып кетпекші болған кезде, етегіне байланған шелек даңғыр-даңғұр ете қалды. Әзекең Бақыт апайға қарап «Әй, идиот, қайда ұрлап бара жатсың андағы шелекті» деді де, Әзекең ішік-сілесі қатып күлді. Сол кезде білдім, Әзекеңнің шынайы әзілді қабылдай алатынын.


"Бәйтерек" тобының мүшелері ән шырқау үстінде

– Тура осындай жағдайды Асылбекке де істегенмін. Ол кезде прогон болып жатқан. Асылбектің құйрығына ұзын қызыл жіп байлап жібердім. Сахнаға шығып, тура Әзекеңе қарап тұратын кезі бар. Артында қызыл жіп салбырап тұр. Әзекең тырқ-тырқ етіп күлді де, «идиоттар тоқтатыңдар репетицияны» деген болатын.

Жалғасы бар...

Бөлісу: