Бокстан «Elorda Cup» халықаралық турнирінде 51 келіде Сәкен Бибосынов пен 57 келі салмақтағы Махмұд Сабырхан жеңіс тұғырына көтерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Elorda Cup» халықаралық турнирінің финалында Сәкен Бибосынов қазақстандық тағы бір былғары қолғап шебері Кенже Мұратұлымен 5:0 есебімен жеңді. Сәкен Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленсе, 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында топ жарған болатын.
Сондай-ақ, Махмұд Сабырхан финалда Асылжан Серікбаймен өзара мықтыны анықтау керек болған. Алайда қарсыласы жекпе-жекке шығудан бас тартып, Махмұд халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
2001 жылы туған Махмұд Сабырхан 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2021 жылғы чемпионатта күміс жүлдеге ие болған. Сондай-ақ былтыр Азия чемпионатында финалға шығып, күміспен күптелген.