Сағым болған Сағидың беймәлім қырлары

Бүгiн, 18:35 443

Асанәлі Әшімовтің ұлы Сағи Әшімов – небәрі 38 жыл өмір сүрсе де, қазақ өнерінің алыбына айналған бірегей тұлға. Оның сахнадағы және экрандағы әрбір рөлі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, қазақ театры мен киносының алтын қорына айналды. Бірақ сахнадан тыс жерде оның өмірі мен шығармашылығы туралы көпшілікке беймәлім, тың деректер мен естеліктер де бар. Әшімовтің қайталанбас актерлік шеберлігі мен тұлғалық қасиеттері, оның өнер жолындағы қызықты әрі терең сәттері бүгінгі таңда өнер сүйер қауым үшін үлкен қызығушылық тудырады.

Әлеуметтік желі қолданушысы Әсет Ақмолда 1999 жылы 8 сәуірде Сағи Әшімовтың Айнаш Мәукенқызына берген соңғы сұхбатын жариялап, актерға қатысты тың естеліктер мен деректерді ұсынды.

Актер Сағи Әшімовтің соңғы сұхбаты

Жақында ғана ет бауырым, ағам Мәдиден айырылдым. Өмірімдегі ең ауыр күндерімнің бірі сол. Мәди ауырып жүргенде қатты қиналдым. Одан айырылып қалудан қорқатынмын. Тағдырға амал бар ма?

Өз өміріме келсем, актерліктен тыс, қосалқы кәсіп жүргіземін. Қазіргі нарық жағдайында қосалқы кәсіп қажет, меніңше. «Майымхан» деген кафем бар. Ағам – Мәди ашып берген еді. Майымхан деп әкемнің «Год дракона» фильмінің құрметіне атадық. Үрімшіден шебер аспаз шақырып та алдық.

Халық мені қазір Тимур Сабиров ретінде қабылдайтындай. МАИ инспекторлары бірден танып, айыппұл төлетпей, қоя берсе, базардағы саудагерлер керісінше «Сабиров, сен байсың ғой» деп ең қымбат тауарларын ұсынады. Көшеде көрген халықтың бірі қолтаңба сұраса, енді бірі балағаттауға кіріседі. «Перекрестоктің» алғашқы 24 сериясын жазған ағылшындар. Тимурды қатал да, қатаң адам ретінде көрсеткен. Мен оның ролін өмірге жақындатып, жағымды қырларын қосуға күш салдым. Тимур ролі өзіме ұнайды. Ал, өмірде өте көңілді адаммын. Әртүрлімін, жалпы. Бірде авантюриспін, бірде романтик, енді бірде оптимиспін.

Жұбайымның есімі – Сәнімгүл. Соня деймін. Мамандығы шаштараз. Майра, Аңсар деген егіз балаларым бар. Есімдерін әкем қойған. Алғашында екеуін ажырата алмаушы едік, өскен сайын өздеріне тән ерекшеліктері айқындалып келеді. Майра деп анамның құрметіне қойдық. Аңсар – аңсаған баламыз...

Жалпы, актер болам деп ойлаған да емеспін. Бала кезімнен анам гастрольге, әкем түсіру алаңына бірге алып жүретін. Оларды айтпағанда жақын туыстарымнан сегіз адам – халық әртістері. Атақты актерлердің арасында өстім. Қысқасы, өз өміріме дән ризамын. Менің басты қолдаушым – тағдырым. Тағдыр салған даңғыл жолмен жүріп келемін. Мені қалыптастырған ата-анама алғысым шексіз.

Мен үшін әйелдің идеалы – анам Майра. Біз үшін, ері үшін өз өнерін құрбандыққа берді. Асанәлі Әшімовтей өнер адамын қалыптастырып, оған жағдай жасады. Сол үшін де әкем өз тағдырына риза. Ол өзін анама мәңгілік қарыздармын деп есептейді. Әке-шешем бірін-бірі тура тапқан жандар. Бір қызығы, бар сырымды тек анама айта алған екенмін. Әрине, әкем де әкелік мейірімін аяған емес. Бірақ, түсіру алаңында өте қатал болатын.

Ролдерімді бір-бірінен бөліп-жармаймын. Сомдаған әр бейнем – менің перзентім. Алайда, аса қатты бағалайтыным – Шоқан ролі. Ең ауыр тигені де сол өзіме. Үкімет бағалап, Шоқан ролі үшін мемлекеттік сыйлықтың лауреаттығын алдым.

Сағи Әшімовтің өз естелігінен

Төрт жасымнан бері актермін. Өнердегі тұсауымды кескен – анам. Опера және балет театрында, сонымен бірге спектакльдерде ойнайтынмын. Маған арнап парик жасап, өзіме лайықтап капитан формасын тігіп бергендері қатты ұнайтын. Әлі күнге жаныма киноға қарағанда театр жақын. Көрерменмен онда тікелей қарым-қатынасқа түсіп, көңіл күйін аңғарып, шабыттанып, қуаттанып отырасың.

Әкем өне бойы киноға түсіп, өнер сапарларында жүретін. Шешем оған тек қана шығармашылықпен айналысуға 100 пайыз мүмкіндік жасады. Ағам Мәди екеуміз оны отбасында сирек көретінбіз. Мектептегі жиналыстарға бармайтын, бірақ біз өтініш жасасақ класымызбен театрға және киностудияға экскурсия жасататын. Мектепте тек «үштікпен» ғана оқыдым. Оныншы класты зорға бітірдім. Мен ол кезде Тәжікстанда «Өз бидайыңды өзің өсір» фильміне түсіп жүргенмін, тіпті әкем болмаса аттестат та алмауым мүмкін еді.

Шоқан – кинодағы төртінші рөлім. Ең ауыр рөлім сол болды-ау деймін. Күніне 18 сағаттан түсетінбіз. Таңертең Шоқанның отыз жасын, түсте он алты, кешке тағы отыз жасын ойнайтынмын. Жауапкершілігі ерекше болды: Шоқанды ойнай алмасам, көрермен мені кешірмес еді. Әкеме ең әуелі алғысым шексіз, сосын Нұрмұқан Жантөриннің «Оның уақыты келеді» фильміндегі Шоқанын көргенімнің көп себі тиді.

Әкем қатты «қинады». Көркемдік кеңес мені Шоқан рөліне бекіткен соң соның арқасында басты бөгет – 12 келі артық салмақтан сегіз күнде арылдым. Кейбіреулер күлетін: «Асанәлі Әшімұлы, Сағи туған балаңыз ба?» деп. Қатты толқыды ол. Кейін айтқаны ғой: «өз балам болған соң шыдады. Басқалар шыдамас еді» деп. Айтқандай, сегіз күнде тастаған сол салмақты екі жыл бойы алып жүру болды ең қиыны. «Шоқанды» көрермен қалай қабылдайды деп қатты қорыққаным есімде. Оған дейін, Шоқанның рөліне кандидаттарды іріктегенде де қорқыныш болды. Ол жолы менің жолым болғаны – жасым тура келді – 22 жаста болатынмын.

Актер Бақытжан Әлпейісовтің Сағи Әшімов туралы айтқаны

Сағимен танысқаныма 20 жылдан асты. Осынау жылдар ішіндегі өміріміз тек қана әдемі әзілмен, тамаша тағылыммен есте қалыпты. Сағимен бірге жүріп, бірге тұрудың өзі мерекеге бергісіз еді. Ол қиын бір жағдайдың өзін орайын тауып қиыстырып, қалжыңға айналдырып жіберетін. Осы қасиетінің өзімен-ақ ол тамаша мектептен өткендігін дәлелдеп тұратын. Бұл жағынан келгенде Сағи бізге қарағанда бақытты, өйткені, ол кешегі қасиетті қара шалдардың қолына су құйып, сарқытын ішкен аяулы азаматтың отбасында дүниеге келген ғой.

1987 жылы Сағи екеуміз Ыстықкөл жағасында Т.Арганчеевтің «Лейтенант С.» фильміне түсіп жаттық. Сағи қатардағы солдат, мен лейтенант рөліндемін. Былайша айтқанда менің әскери дәрежем жоғары. Фильмді таза әскери ортада түсіргендіктен кімнің нағыз әртіс, кімнің нағыз солдат екенін ажырату қиын болатын. Содан бір күні Сағи солдаттардың көзінше, кетіп бара жатқан маған: «товарищ лейтенант, сюда иди» дегені. Кішігірім спектакльдің боларын сезе қойдым да, бірден сүмірейген кейіпке еніп «не пойду» дей қойдым. «Я кому сказал – сюда-а-а-а!» деп даусы қатқыл шықты. Солдаттарда үн жоқ, не ойын, не шын екенін білмей, аң-таң. Мен жүгіріп жеттім. Солдаттардың көзі шығып барады. «Сигарету» деді. Бере қойдым. «Зажги» деді. Жақтым. Қолын сермеп қалып еді, фуражкам ұшып кетті. Жылап жібере жаздап: «Я скажу комбату» деп едім, «что, что» деп құйрықтан сылқита тепті емес пе? Бұдан әрі шегінуге болмайды, оның үстіне рөлдеріміз, ойындарымыз екеумізге де ұнап бара жатыр. Солдаттардың болса көздері атыздай. Не керек сол жерде Сағи әбден ит сілікпемді шығарды. Жатқызып, тұрғызып, небір жаттығулар жасатты маған, әйтеуір, бәріне көндім. Содан былай шыға бере ішек-сілеміз қатып әбден күлдік. Оның мұндай тапқырлығы көп еді.

«Мен Әшімов, сен Тілендиевсің» деуші еді Сағи. Нұрағаңа теңегеніне өзімше мәз болсам, «мәз болмай-ақ қой, сенің құлақтарың ғана ұқсайды ол кісіге» дейтін. Сағидың көңілсіз күндерін аз көрдім. Көбіне сол сымдай тартылған күйі, сұңғақ, сергек қалпында жүретін. Қалжыңдасқан кезінде өмірдің өзін шынайы ойнайтын. Онда жасандылық деген атымен болмайтын.

Мен оның сынған сәтін көргім келмейтін. Соңғы рет жолыққанымда (Германияға сапарының алдында) жүзінен бір мұң көрдім. Сол жолы әдеттегідей қалжыңдасқан жоқ, театр, кино жайын айтып өткен соң Сағи: «Өмірде өкінішім жоқ. Әрине, Асанәлі Әшімовтің баласы болу оңай емес. Әрқашан әкемнің көлекесінде қалып қоямын ба деген қауіпте жүрдім. Оның үстіне бала кезден бәрі Асекеңнің баласы деп қараушы еді. Сол құрметпен ғана қалатын шығармын деп те ойлайтынмын», – деді. Әуелде Сағи мұның бәрін не үшін айтты деп түсінбедім. Біртүрлі жұмбақ көрінді. Енді түсіндім...

Асанәлі Әшімовтің күнделігінен

Болсаң бол, болмасаң ат-тоныңды ала қашып, өмірден өз орныңды тап. Актер қашанда бірінші болмағаннан кейін басқасы бос сөз. Кейде қаншама мектептен өткен өзімді де ауыз толтырып актермін деп айтуға жүрегім дауаламайды. Өйткені бұл өнер үнемі ізденіп отырмасаң өзіңді жұтып қоюы мүмкін. Осындайда бір-екі рөлмен ғана көрініп, өзін үлкен актер санайтындарға таңқаласың. Сағи менің ырқымсыз, өз бетімен актерлік факультетке түскенде зәрем кетіп, не ұрсарымды, не шығарып аларымды білмей, әбден басым қатып еді. Пендеміз ғой, кейде «басқа мамандықты қалағанда құлынымның тағдыры басқаша болар ма еді» деп те ойлаймын. Өнердегі келешегіне күдікпен қарағаным рас еді. «Геометрияға да шабыт керек» деп Пушкин айтпақшы, қай мамандыққа да бейім, дарын қажет. Бәлкім вахтер, бухгалтер болуға таланттың қажеті бола қоймас. Ал, актерліктің, өнердің жөні басқа ғой. Ортанқол актер болғаннан болмаған жақсы. Жоқ, балам, менің қаупімді сейілтіп, үмітімді ақтады. Әлі күнге бір тәуба етіп, қуанатыным – шешесі Майра баласының еңбегінің жемісін көріп кетті. Анасының ақ сүтін ақтады, құлыным!

Адам бір мақсатпен мағыналы өмір сүруге талпынады. Әйтпесе хайуаннан айырмашылығың қайсы?! Сол мақсатын жүзеге асыру үшін жоспар құрады. Балам Сағидың актерлігі Шоқаннан кейін кәдімгідей қалыптасып қалып еді. Ең бастысы киноның не екенін едәуір білгендей болатын. Бірде оған ойнаған болып: «Ендігі межең – Абылай» дедім. Ол басын сипап «Шоқаннан ауыр бола қоймас» деді.

 Бәлкім, актерлік өнердің азабын есіне түсірді білем. Бекер айтқан екенмін. Менің дағдымда алдын ала айтқаным орындалмай қалатын. Ырымым қырын кетті. Сондықтан кейде алдағы жоспарымды айтуға қарадай қауіптенемін. Тіпті біреумен сыр бөлісуге де қашқақтайсың. Бертін келе осындай бір жазылмаған заңдылықтар барына сенгендеймін.

Кісі баласы дүниенің бар заңдылықтарын біліп өсуі мүмкін емес шығар, адам өмірбақи оқушы секілді ғой. Кейде аса жауапты, тарихи маңызы зор оқиғаларға, тұлғаларға ден қойғанда осы тұрғыдан келіп ойланамын. Бәлкім, менің Сағиыма ұлы әруақтардың бейнесін сомдаудың өз өмірімен қоштасуына әкеліп соғуында бір бұлтартпас, түсінбес үндестік бар ма?!

Олай дейін десең, сонда адам баласы алдына ұлы міндет қоюға тиісті емес пе деген ауыр ойға тағы да маңдай тірейсің. Менің достарым Игорь Вовнянко мен Сламбек Тәуекелов Сәтбаев жөнінде деректі фильм түсіру үшін Жезқазғанға аттанғанда осындай бір ойдың жөңкіліп келгені бар. Жігіттер алдына үлкен мақсат қойып отыр. Бұған неге қуанбасқа?! Мен де қуандым. «Ұлы ғалымның әруағы жар болсын» дедім. Егер осынау ұлының үлгісі бүгінде жалғасын таппай, көрінбей жатса, сол ұлылықтың өзі болмаса да болмысын, бір сәтін өмірге қайта әкелу үшін еңбектенгеннің несі айып?! Сондықтан Қаныш, Мұхтар, Әлкей секілді асыл адамдардың образын тірілту арқылы біз қаншама бос қалған рухани кеңістігімізді толтырып, табысқа жеткен болар едік. Осынау үш тұлғаның ұлы достығының өлгеннен соң да елге қызмет етуінің өзі қандай ғажап тағылымыды жағдай. Қаныш ағаның басқа салада жүрсе де өнер мен әдебиетке жетіктігі талай академиктеріңізді он орап алушы еді ғой. Басқасын айтпағанда Затаевичке берген отыз шақты әндерінің өзі неге тұрады? Қаныш ағаны көріп едім, бірақ қолына су құя алмадым.

Қазақтың сорына осындай ұлылар ерте кетіп, ел ерте жетімсіреп, жаман-жәутіктері шалғайыңа оралып жүре береді. Сәтбаев, Әуезовтердің орны толмайтынын білеміз, бірақ қол қусырып қарап отыруға болмайтынын да білеміз. Біз өзге түгіл өзімізді әлі білмейтін халықпыз ғой. Режиссураға баруымның бір себебі де сол олқылықтың орнын толтыру еді. Туындыға уақыт төреші. Ең бастысы қазіргі ұлы мүмкіндікті пайдаланып бүгінгі ұсақтықтың орнын сол тау тұлғалардың бейнесімен жауып, ірі кесек қалпымызды сақтау. Өмірден өтіп кеткен тұлғаларға табыну, солардан тағылым алу арқылы да елді тәрбиелеуге тиіспіз.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: