Садақшы Ажар Рахметқызы: Ұлттық спорт – қанымызда сақталған өнер

7 Тамыз, 11:17 727

Қыркүйектің алғашқы аптасында Қазақстанда түрлі елдің ұлттық спортшыларының басын қосатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасындағы жарыста 4 қазақстандық бақ сынайды. Соның бірі – садақ атудан Қазақстан чемпионы Ажар Төлеуқанова. Ажар садақ атуды Астанада үйреніп, Өскеменде жастарды мергендікке баулитын кәсіби мектеп ашқан. Ол өзінің ата-анасы мен туғандарын ғана емес, барша шығысқазақстандықтардың садақ атумен шұғылдануына себепкер болған. Өскеменде дәстүрлі садақ ату федерациясын ашып, 100-ге жуық талапкерге бапкер болып жүр. Бүгін Ажар Рахметқызымен сұхбаттасып, Көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатқанын сұрап білдік.

Өскеменде дүниеге келгенмін, тұрмыс құрғанмын, екі балам бар. Мамандығым – сәулетші, магистратурада дизайнер мамандығы бойынша білім алдым. Қазір екінші жоғарғы білім алып жатырмын. Болашақ спорт пәнінің мұғалімін. Қазіргі таңда ШҚО, Дәстүрлі садақ ату федерациясының негізін қалаушы, президентімін. Ұлттық құрама мүшесімін және осы шығыс өңірінде садақ атуды дамытып жатқан спортшылардың бірімін, - дейді Ажар Рахметқызы.

Ажар садақ ату спортына қызығушылық танытып, әуесқой спортшы ретінде бастаған.

Садақ ату спортына хобби ретінде қарадым. Алғашында Астана қаласында үш айлық курсқа қатысып, үйреніп жүрдім. Осылайша алты жылдан бері садақ ату өнерімен айналысып келемін. Басында әуесқой спортшы ретінде жарыстарға қатысып жүрдім. Кейіннен жаныма жақын спорт түрі болғандықтан кәсіби түрде айналысуды жөн көрдім. Қазір толыққанды жұмысым да, хоббиым да садақ атумен тікелей байланысты. 2017 жылы Астанада өткен Экспо көрмесі қарсаңында этноауылдар жұмыс істегені белгілі. Сондай этноауылдың бірінде садақ атып, аттың үстінде шауып көрдім. Сол кезде қызығушылығым оянып, Астанада дәстүрлі садақ атуды қайдан үйренуге болатынын іздестіре бастадым. Бір жыл өткеннен кейін ғана курстарға жазылып, 2018 жылы қолыма садақ алдым. Содан бері садағымды тастамадым, - дейді Ажар Төлеуханова.

instagram.com/azhar_nurkey

Астанада  Юнус Эмре институты мен Садақшылар қоры бірлесе ашқан садақ атуды үйрететін курстарға қатысқан Ажар бастапқы деңгейді үздік нәтижемен аяқтаған.

2018 жылы Астанадағы Юнус Емре түрік орталығының қолдауымен Қазақстанда түрік стилінде бас бармақпен садақ атуды үйрететін 3 айлық курс өтті. Түркияға барып үйреніп келген 3-4 ұстаз болды. Сол ұстаздардан үйренген соң өз бетімізше садақ атуды жалғастырдық. Яғни, Юнус Емре орталығының ұстаздарынан базалық білімді алдық. Одан кейін тұрмысқа шығып, Шығыс Қазақстанға кеткен соң, бар білімімді басқаларға үйретіп, өз-өзімді шыңдай бердім, - дейді Ажар Төлеуханова.

Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі садақ атумен айналысатын мергендер қатары көбейіп келеді. 2022 жылы Дәстүрлі садақ ату спорты Ұлттық спорт қауымдастығының олимпиадалық емес спорт түрі бойынша тіркеуден өтті. Осылайша ұлттық федерация құрылып, өңірлерде филиалдары ашылып жатыр.

Қазіргі таңда мергендерді Ұлттық садақ ату федерациясының бас бапкері Диас Ахметов деген азамат жаттықтырады. Былайша айтқанда, ол біздің алғашқы бапкеріміз. Диаспен бірге садақ атуды Юнус Емре орталығы өткізген курста бірге бастаған едік. Сол курсқа қатысқан жігіттер мен қыздар садақ ату спортына жаңа леп әкелді. Былайша айтқанда, елімізде садақ ату спортымен айналысатындар көбейді. Диас Ахметов республикалық Садақ ату федерациясының негізін қалады. Толықтай аккредитациядан өткізіп, ресми түрде тіркеліп, бүгінгі деңгейге жетті. Ол республикалық федерацияның негізін қалаған соң, мен Шығыс Қазақстанда жүріп, федерацияның облыстық филиалын аштым. Одан бөлек, садақ атуды бірге бастаған Азамат есімді ағамыз Ақмола облыстық федерацияның негізін қалады. Садақ атуға деген қызығушылығымыздың арқасында бәріміз бірігіп, жан-жақтан еліміздегі садақ ату өнерін дамытып жатырмыз, - дейді Ажар Төлеуханова.

Биыл шілде айында Өскемен қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жалауы желбіреді. Ел біріншілігі 7-17 жас аралығындағы балғын спортшылардың өнерімен басталды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға атсалысқан Ажар Рахметқызы қатысушы саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгенін айтады.

Өскемен қаласында биылғы жылдың шілде айында Қазақстан республикасының жасөспірімдер арасындағы чемпионатын өткіздік. Өте ауқымды іс-шара болды. Дәстүрлі садақ атумен айналысатын мергендер бойынша рекорд жасап, Өскеменде 17 өңірден келген 300-ге жуық қатысушы бас қосты. Осылайша балалар арасындағы чемпионаттардың рекордын жаңарттық. Өскеменде Глубокое кентінде және қаланың өзінде балаларды жаттықтырамын. Менің жаттығу жұмыстарым басталған соң балаларға көңіл бөлуге уақыт тапшы. Бірақ соған қарамастан чемпионатты сәтті өткіздік. Өскеменнен 33 бала қатысты. Олар Ұлан, Тарбағатай, Глубокое, Риддер аудандарынан келді. Алайда, чемпионаттағы көрсеткіштеріміз көңіл көншітпеді. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Бапкер ретінде мен болмағандықтан дайындық та жүйелі түрде болмады, - дейді Ажар Төлеуханова.

Ажардың айтуынша, Шығыс Қазақстанның өзінде 100-ге тарта бала садақ атумен кәсіби түрде айналысады.

Жарыс жоғары деңгейде өтті. Өңірлерден келген балаларды Өскеменде қыдыртып, әкімдік пен спорт басқармасының қолдауын сезіндік. Қазір жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша садақ атумен 100 шақты бала айналысады. Тарбағатай, Риддер, Зайсаң, Самар, Ұлан, Глубокое аудандарының балаларының қызығушылығы жоғары, - дейді садақшы қыз.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Оздоровительная организация. (@amalaya_official)

Ажар 8-13 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Ол дайындықты бір жыл бұрын бастап, Малайзия елінде тәжірибе жинап қайтқан.

Көшпенділер ойындары қарсаңында алғашқы екі оқу-жаттығу жиынында іріктеу болды. Ұлттық құрамада бар ерлер мен әйелдердің ішінен ең үздіктерді таңдап алды. Бірінші оқу-жаттығу жиыны Малайзия елінде ақпан айында болды. Сол іріктеуде бесінші орын алдым. Ал Көшпенділер ойынына үздік нәтиже көрсеткен алғашқы екі қызды іріктеп алған болатын. Содан кейін Алматыда кезекті іріктеу ойындары өтті. Сол сайыста үздік екі қыздың қатарына кірдім. Ұлттық құрамаға кіретін 4 қыз бен 6 ер адам осылай іріктелді. 4 қыздың үшеуі астаналық болса, жалғыз мен ғана өңірден келген садақшы қыз болдым. Осылайша Көшпенділер ойындарында 10 адам ел намысын қорғайды, - дейді Ажар Төлеуханова.

Мерген қыздың айтуынша, әрбір оқу жаттығу жиыны маңызды рөл атқарады. Спортшы қателіктерін түсініп, құрал-сайманын таңдайды.

Малайзияда 20 күндей болдық. Садақ ату спорты бойынша ең үздік ел Малайзия болғандықтан алғашқы оқу-жаттығу жиыны сол жақта өтті. Жергілікті садақшылардан тәжірибе жинауға барымызды салдық. Менің ең алғашқы үлкен қателігім – ауыр садақпен атуым. Әрбір оқу-жаттығу жиынында садақшы үшін көп нәрсе өзгереді. Мысалы, мен Малайзияда жеңіл садаққа ауыстым. Оның алдында өте ауыр садақпен жүрген едім. Одан кейінгі жиында оқтарымды ауыстырдым. Түркия елінің шеберінен жақсы оқ алдым. Яғни, оққа сай садақ болады, садағына сай адам болады. Соның бәрінің комбинациясын таба білу маңызды. Сайманымның бәрін сайлап, Көшпенділер ойынына дайындадым. Енді барынша техникамызды күшейтіп жатырмыз. Бапкеріміздің көмегімен техникамызды жақсартып, өзгерту үстіндеміз. Тамыздың алғашқы апталарында Астанада оқу-жаттығу жиындары басталды, - дейді Ажар Рахметқызы.

Жанкүйерлерді «Дәстүрлі садақ атудан қазақстандық қыздардың басты қарсыласы кім деген сұрақ?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Көшпенділер ойынына 70-тен аса әйел қатысады деп жоспарланып отыр.

Көшпенділер ойынына 32 мемлекеттен 74 әйел қатысады деген болжам бар. Яғни, біздің 70-тен астам қарсыласымыз бар деп айтуға болады. Фаворит деп Малайзия, Моңғолия, Қырғызстан, Венгрия елінің қыздарын айтуға болады. Түркия елінің садақшылары да үздіктер қатарында. Біздің елдің қыздары да осал емес. Жалпы өте жоғары деңгейде дайындалып жатырмыз, - дейді Ажар Рахметқызы.

instagram.com/azhar_nurkey

Қазір мерген қыздарымыз қызу дайындық үстінде. Ел намысын абыроймен қорғау үшін аянбай еңбектеніп жатыр.

Желтоқсаннан бастап Ұлттық құрамаға кіріп, жаңа жарыстар басталған кезде алдыма нақты мақсат қойдым. Ең бірінші мақсатым осы Көшпенділер ойынына өту болатын.  Аман-есен іріктеуден өттім. Ендігі мақсатым – әрине жеңімпаздар қатарынан көріну. Осы мақсатта қолдан келгенін аянбай жасап жатырмыз. Айлап үй көрмей кеттік. Балалардан жырақта жүрген де қиын соғады. Соңғы оқу-жаттығу жиынына қызымды алып барайын деп жатырмын. Садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының ерлері мен қыздары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды алады деген сенімдемін. Алдағы уақытта Көшпенділер ойындарын абыроймен өткізіп, жеңіспен оралу. Негізгі жоспарым садақ атуды дамытумен тікелей байланысты, - дейді Ажар Төлеуханова.

Ажар садақ ату өнерінің артықшылықтары туралы айтып, кез келген жаста айналысуға болатынын атап өтті.

Жалпы барлық спорт түрі өзінше қызықты, жанкүйерлері үшін ерекше. Әркім өзіне ұнайтын спорты туралы ұзақ уақыт әңгіме айтуға дайын тұрады. Садақ атқанда демаламын. Жауынгерлік рух бойыңды жаулап алатын, көздеген кезде, діттеген нысанаға оғың тиген кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы осы өнерде шыңдалу, үздіктердің қатарында жүру – зор мәртебе. Садақ атудың бір артық тұсы – жас талғамайды. Кез келген адам кез келген жаста үйрене алады. Қай жаста болсын үйрену кеш емес. Мысалы, мен өзім спортқа кеш келсем де оған өкінбеймін. Ұлттық спортымыз қанымызда, генімізде сақталған өнер деп ойлаймын, - дейді Ажар Төлеуханова.

instagram.com/azhar_nurkey

Дәстүрлі садақ ату спортының ең басты артықшылығы – ұлттық киім кию. Кейіпкеріміз жарыстарда форманың ұлттық стильде болғаны маңызды екенін айтады.

Студент кезімнен ұлттық киім киюге, салт-дәстүрімізді дәріптеуге жақын едім. Мені барлығы «Қазақ қызы» деп айтатын. Қазақша киіну трендте емес кезден бастап ою-өрнегі бар сөмке мен көйлектерді киіп жүретінмін. Ұлттық құндылықтар жүрегіме жақын еді. Ал садақ ату менің ұлтыма деген махаббатымды толықтыра түсті. Жалпы садақ ату жарыстарындағы ереже бойынша әр ұлт өзінің ұлттық киімінде өнер көрсетеді. Бас киімнен бастап аяқ киімге дейін форма ұлттық киім болуы тиіс. Осылай ұлттық нақыштағы киіміңді киіп, садақ атқан кезде толқисың. Бойымды ерекше энергия туа бастайды. Осыдан соң отбасым да менімен бірге садақ атуға көшті, - дейді Ажар Төлеуханова.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ULTTYQ SPORT (@ultsport.kz)

Қазір садақшы қыздың отбасы да кәсіби түрде садақ атумен айналысып жүр. Әрі еліміздің шығыс аймағында садақ ату танымалдылыққа ие болған.

Ата-анамнан бастап қайын атам мен енем де қосыла кетті. Олар жарыстарға барып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Республикалық чемпионаттарға Шығыс Қазақстаннан жалғыз қыз болып баратын едім. Командалық жарысқа қатысатын адам болмайтын. 3-4 жылдың ішінде Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы құрылып, талантты қыз-жігіттер ортамызға қосылып жатыр. Ұлттық спортымыздың осылай дамып жатқаны, қызығатын жастардың көбейгені және нәтижелер қуаныш сыйлайды, - дейді Ажар Рахметқызы.

instagram.com/azhar_nurkey

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: