Садақаның 10 әдебі және пайдасы

14 Мамыр 2018, 15:21 64669

Садақа – береке кілті

Садақа – қайырымдылық істердің бастауы.  Бұл жақсылықты жасай отырып, біз Алладан еселенген сауаптар аламыз. Пайғабарымыз (с.а.у): «садақа – мал дүниені кемітпейді, керісінше оны молайтады», – деген.

Садақа берудің 10 әдебі:

1. Садақаны шын жүректен, ықыласпен беру.

2. Садақаны адал еңбекпен тапқан ақшадан беру. Біреуден тартып алған, харам келген ақшаны садақаға беру күнә арқалатады.

3. Садақаны мұқтаж жандарға беру. Ал мұндайлардың қатарына пақырлар мен міскіндер, жағдай нашар жандар, жетім мен жесірлер, қарызға белшесінен батқандар кіреді.

4. Садақаны өзіндегі мал-дүниенің ең жақсысынан беру. Керек қылмай тастаған затты, сол сияқты ескі-құсқыны садақаға беруге болмайды.

5. Садақаға өзіне ұнамды, қымбат нәрсені беру. Өзі қатты жақсы көретін нәрсені садақа ету, сауапты арттырады.

6. Берген садақасын міндетсінбеу. Қайырымды іс жасап тұрған жан, өзінің садақа беруге мұқтаж екенін білгені жөн.

7. Садақаны жағдайы төмен өз туған-туыстардан бастау.

8. Садақа бергені жайлы жасырып ұстау. Яғни, беретін ниеті туралы, садақа бергендегі амалы хақында, берген соң да ешкімге тіс жармауы тиіс.

9. Садақа беру – шүкірлік ету. Алланың сізге берген нығметін сезіну деп біліңіз.

10. Берген садақасын қайтып алмау, оны қайтару шариғаттағы ең жиіркенішті амалдың бірі болып саналады.

Садақа берудің 10 пайдасы бар:

Осы дүниедегі 5 пайдасы:

1. Мал-дүниені тазартып, байлығыңызды еселейді;

2. Күнәларды жояды;

3. Ауру мен келер апаттан қорғайды;

4. Мұқтаждарды қуанышқа бөлейді;

5. Ризықты арттырып, табысқа жетелейді.

Ал ақыреттегі 5 пайдасы:

1. Садақа қабір азабынан сақтайды;

2. Тозақтан құтқарады;

3. Таразыда сауабы көбірек болады;

4. «Қыл көпірден» өту оңайырақ болады;

5. Дүниесінің есебін беру жеңіл өтеді.

Пітір садақасы туралы не білеміз?

Пітір садақасы – әр мұсылманның беруі тиіс садақасы.

Пітір садақасы кімдерге уәжіп? Пітір садақасы әрбір азатты, қалталы адамдарға уәжіп болып саналады. Ал тұрмысы нашар кісіге пітір садақа беру міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі.

Пітір садақаны кімдер үшін береді? Пітір садақаны отағасы өзі үшін және балиғатқа толмаған балалары үшін жеке береді. Әйелі, үлкейген ұл-қыздары, туған туысы, ата-әжелері үшін беру міндеттелмеген. Дегенмен, сауап үшін берем десе өзі біледі. Сол сияқты ақыл-есі кеміс үлкейген балалары немесе жағдайы нашар ата-анасы үшін пітір садақа беру керек. Қайтыс болған адамдар мен ана құрсағындағы бала үшін пітір садақа берілмейді.

Пітір садақаны мөлшері – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы осы жылғы пітір садақаның мөлшерін 300 теңге деп бекітті.

Пітір садақаның берілуі – Ораза айт күнінің таң атысымен уәжіп болады. Басқа себептермен кешігіп жатса, бәрібір оны беру керек (кешікпеген абзал, себебі уақыты өткен соң, ол жай садақа ретінде есептеледі). Айт күнінен бұрын Рамазан айының ішінде берілсе де болады.

Пітір садақасын кімдерге береді? Құран Кәрміде айтылғандай пітір садақаны зекет берілетін орындарға берсе болады. Сол сияқты пақырларға (зекет парыз болатындай белгілі байлық мөлшеріне жететіндей жағдайы жоқ жандар), міскіндерге (ештеңесі жоқ адамдар), зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолындағыларға,  қаржылары бітіп, жолда қалғандарға берсе құба-құп.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: