«Сабыр сақтаңыздар». Президент Алматы тұрғындарына үндеу жасады

25 Қаңтар, 16:09 1300

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда, – деді Президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: