Сабақ беру тәсіліне көрнекілікті қосу керек - ұстаз

3 Қыркүйек 2022, 17:33 3126

Бастауыш сынып мұғалімі Перизат Сайлаумен сұхбат

Жаңа оқу жылы бастала салысымен ата-аналарды балаларына білім беруге қарасты мәселелер толғандыратыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында халыққа жолдаған үндеуінде білім беру жүйесіндегі бірнеше мәселелер мен оның шешу жолын атап кеткен болатын. Ұстаздың жолдамаға қатысты пікірін және баланы оқытудың тиімді тәсілдерін білу үшін Ақтау қаласы, №19 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Перизат Сайлаумен арнайы сұхбаттасқан едік.

–      Перизат ханым, оқушылардың білім алуына кедергі болып жүрген қандай да бір мәселе бар ма?

–      Президентіміз өзінің жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектеппен қамтылады деген еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі өте орынды айтылды деп есептеймін. Себебі қазіргі таңда халқымыздың саны артып жатқандықтан балалардың да саны көбеюде. Сондықтан бүгінде елімізде мектептегі балаларға орын тапшылығы үлкен мәселеге айналып отыр. Кейбір мектептердегі оқушылар тіпті үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін біраз жұмыстар жүргізіліп жатқанына қуаныштымын.

–      Елімізде үш ауысыммен сабақ жүргізетін мектептер бар екені жасырын емес. Мұндай оқу форматы балалардың білім алу деңгейін төмендетпей ме?

–      Шағын аудандарда мектеп тапшы болғандықтан, кейбір мектептер үш ауысымда оқуға мәжбүр. Қазір үш ауысымды мектептерде әр сыныпта бала саны 25-30 оқушыдан білім алуда. Менің ойымша мұндай оқу форматы баланың білім сапасына да әсерін тигізеді. Уақыттың жетіспеушілігіне байланысты кейбір тақырыптар меңгерілмей қалуы мүмкін. Осы мәселені шешу мақсатында министріміз Асхат Аймағамбетов тамыз конференциясында үш ауысымды мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді деген. Барлық мектеп екі ауысымға көшкенге дейінгі қабылданған бұл шешім дұрыс деп есептеймін.

–      Халықтың арасында мектеп формасына қатысты біраз шу көтерілген еді. Мемлекет тарапынан оқушыларға қандай да бір көмек берілді ме?

–      Мектеп формасы ата-аналардың жан-айқайы болды. Шыны керек бір оқушының мектепке жиналуы үшін кем дегенде 50 000 теңгедей қажет. Енді әр отбасында 3-4 не одан да көп бала болуы мүмкін. Олардың әрқайсысын мектепке даярлау ата-анаға салмақ түсіреді. Дегенмен әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасыларға мемлекеттен көмек берілді, балалар мектепке жақсы дайындықпен келді.

–      Елімізде енді қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін 1-сыныпта тек қазақ тілі, 2-сыныпта орыс тілі, 3-сыныпта ағылшын тілі оқытылатын болды. Бұған қатысы бастауыш сынып мұғалімі ретінде жеке пікіріңізді айта кетіңізші.

–      Менің ойымша біз дұрыс бағытта келе жатырмыз. Өйткені жаңадан мектеп табалдырығын аттаған оқушыға бірден 3 тілді меңгеріп шығу қиынға соғады. Қазақ тіліндегі әріптерді әлі тани қоймаған балаға орыс тілі мен ағылшын тілін бірге қосып оқытуға болмайды. Бастауыш сынып оқушыларының білім жүйесіне енген өзгерістердің нәтижесі оң болады деген ойдамын.

–      Балаға ең алғаш білім беретін, оқу, жазуды үйрететін, ол -  бастауыш сынып мұғалімі. Оқушының қызығушылығын арттырып, білімге деген ынтасын қалай ашуға болады?

–      Қазіргі заманда ең алдымен балалардың психологиясын түсіну керек деп ойлаймын. Яғни ұстаз бір жағынан оқушыға психолог та бола білуі тиіс. Оның жан-дүниесін түсініп, көңіл-күйін байқап, дұрыс жұмыс жасай білгені жөн. Одан кейін ол сабақты қызықты етіп өткізе білуі керек. Мысалы мен өзім балаларға сабақ беру барысында түрлі әдістерді қолданамын. Кейде үйден сценарий құрып, анимациялық видеолар жасап алып келемін. Бұлай мультфильм түрінде жасап, сабақты қызықты ететін болса, үндемейді деген баланың да оқуға деген ынтасы ашылады.

–      Оқу үлгерімі нашарлап бара жатқан оқушымен қалай жұмыс істеу керек?

–      Балалар әртүрлі отбасында дүниеге келеді. Олардың тәлім-тәрбиесі де бір-бірінен ерекше болады. Дегенмен де бастауыш сыныпта оқитын баланы әбден өзі үйреніп кеткенше үнемі оқуын қадағалап отыру қажет. Яғни бұл жерде ата-ананың алатын орны маңызды.

Мектепте бір сыныпта 30 оқушы білім алады деп есептесек, олардың қарым-қабілеттері әртүрлі болады. Оның әрқайсысын алып жүру үшін қабілетіне сай қылып тапсырма беру керек. Мысалы бір бала мазмұндап ауызша айта алмаса жазбаша жақсылап жеткізуі мүмкін. Онда оған жазуға тапсырма беруге болады. Ал басқа бала суретті жақсы салуы мүмкін. Онда оған үйге берілген тапсырманы оқып, соған қатысты сурет салып келші деп тапсырма берген дұрыс. Яғни әр баланың тілін таба білу керек.

–      Оқушыға сабақта түсіндірілген тақырыпты ұмытпай, есінде сақтап қалуы үшін қандай шараларды қолдану қажет?

–      Сабақ беру тәсіліне көрнекілікті қосу керек. Яғни көретінді көрсетіп, естейтінді естіртіп, дәмін сездіртетіннің дәмін көрсеткен дұрыс. Сол кезде оның миында кем дегенде 80-90% ақпарат сақталып қалады. Енді мен өзімнің тәжірибеммен бөлісейін. Менде қазақ тілі пәнін сын есім деген тақырып болды. Оны сын есім деген «Қандай? Қай?» деген сұрақтарға жауап береді деп қана айтсам, қызық болмас еді. Сол үшін әр оқушыға үйінен алма алдырттым. Сабақта әр балаға оны сипаттатқыздым. Оның пішіні, көлемі, түсі, дәмі қандай деген секілді сұрақтарды қойдым. Оқушылардың барлығы сабаққа атсалысап, қызығып қатысты.

–      Ата-ана баласының оқуына қаншалақты жауапты?

–      Балаға ең бірінші жауапты адам – ата-анасы. Бірақ көп жағдайда мұны олар түсіне бермейді. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, үйдегі алған тәрбиенің орны бөлек. Бірақ, өкінішке қарай кейбір ата-аналар мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Ол жауапкершіліктің ішіне баланың өмірі, денсаулығы, тәрбиесі, сапалы білім алуы барлығы жатады. Бұл білімді ұрпақ тәрбиелеудің құралы.

Егер оқуды баладан сынып жетекшісі талап етіп қана қоймай, отбасында да қадағалайтын болса, онда оның бойындағы білімі де, дарыны да арта түседі. Ал керісінше үйінде қараусыз қалатын оқушы тек мұғаліммен ғана жұмыс істесе, оның бойында бар дарынан одан әрі шыңдау қиынға түседі.

–      Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: