Сағым дүние...

19 Мамыр 2016, 04:04

Қазақтың Батырханы

29 сәуірде белгілі музыкант, композитор, әнші Батырхан Шөкеновтің дүниеден озғанына бір жыл толды. Тыңдармандар өздерінің сүйікті әншісін толассыз шапалақпен мәңгілік сапарға шығарып салғаны күні кеше ғана сияқты еді…

Алматы сол күні қабағын ашпай, Алатау бір демде тұнжырай қалған. Тек Алматы мен Астанада ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде оның әндері айтылды. Әнші көзінің тірісінде айналасындағыларға әнімен жылу сыйлап жүруші еді. Оның қазасы халықты бұрынғыдан бетер жақындастырып кетті. Әлі есімде, былтыр 29 сәуір күні әлеу­меттік желілер арқылы хабар алысқан алма­тылықтар кешқұрым Абай алаңына қарай ағылды. Жиналған жұрттың санында есеп жоқ. Бәрінің көзінде – жас, көңілінде – мұң. Бір сәтте әлдекім тосыннан бұйрық бергендей, жұртшылық Батырханның орындауындағы сүйікті әндерді шырқай кетті. «Отан-Ана», «Сағым дүние», «Қайран, көңіл-ай!», «Джулия»… Бұрын да талай тыңдап жүрген әндеріміз бұл жолы басқаша естіліп, алабөтен сипаты аңғарылғандай болды. Әдетте көпшілік жиналған жерге жолай қоймайтын өнер адамдары да осы арадан табылды. Ал, әншіні ақтық сапарға шығарып салу рәсімі хан мен қарашаның басын қосты. Қоштасуға келген ақ сақалды аталар мен ақ жау­лықты әжелер, әншінің замандастары, тіпті, кішкентай балаларға дейін көздері мөлт-мөлт етіп, оның әндерін шырқады. Күн шайдай ашық еді. Филармония маңдайшасына ілінген суреттен Батырхан халыққа сәл күлімсірей қарап тұрды. Баршамызды отыз жыл бойы сырлы әнімен тербеп келген сүйікті ұл Бірлік күнінде басымызды біріктіріп кетті. Қоштасу рәсімі де Батырханның ішкі мәдениетіндей тым биік сипатта, ың-шыңсыз, тыныш өтті. Үздіксіз соғылған шапалақ… Жұрттың осынша ықылас-пейілін көрмегелі көп болып еді.

Құдай бір басына бақ пен талантты беріп қана қоймай, ізгілік пен қарапайымдылықты қатар дарытқан Батырхан шынында да халықтың адамы болды. Мақпалдай үні тыңдағанның құлағына майдай жағатын. Жүрген жерін думанға айналдырып өткен талантты ұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл ТМД халықтарына ортақ бірегей әртіс бола білді. Кезінде әйгілі Алла Пугачева «А-Студио» тобын Мәскеуге аттай қалап алдырып, қарапайым қазақ жігіттерінің бағын ашты. Примадоннаның көреген шешімі Батырханның кейінгі жеке карьерасына да жол ашып берді. Өзінің араласқан ортасы да тым биік талғаммен таңдалғандай: Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Алла Пугачева, Қуат Шілдебаев, Ибрагим Иса, Еркін Ынтықбаев, Еркеш Шәкеев… Өз саласында оза шапқан жүйріктермен шығармашылық байланыс жасау әншінің кәсіби біліктілігінің өсуіне зор ықпал етті. Бірінен соң бірі нағыз «хит» әндер дүниеге келді. Бір ғана «Отан-Анасын» алыңыз. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері сұмдық. Тыңдағанда, тұла бойың тітіркенеді. Елбасының өзі бір кездесуде әншіге «Отан-Ана» – еліміздің екінші Әнұраны» деген екен. Өнер адамына бұдан асқан қандай баға керек?! Кейінірек, Ибрагим Иса мен Қуат Шілдебаевтың тама­ша тандемінен туған «Сағым дүние» де халықтың жүрегіне жол тапты.

Батырхан халыққа фальшсыз, таза, шынайы өнердің қандай болатынын көрсетіп кетті. Ол әншілігінен бұрын, аса білімді музыкант еді. Чарли Паркердей ХХ ғасырдың үздік саксофоншысына еліктеп өскен бала Батыр қазаққа таңсық аспапта ойнауға ден қойды, кейінірек кәсіби білім алды. Алғашында ұлының бұл қадамын құптай қоймаған әкесі «әртіс болам дейсің бе? Сен әртіс болсаң, көптің бірі емес, бірегей әртіс болу керегін білесің бе?» деп көңілі толмай сөйлеген екен. Сонда «мен ең үздік әртіс боламын, әке!» деп жауап қайырған Батырхан кейін сол уәдесінде тұрды. Саксофонын арқалап бармаған жері қалмады, өзіне ғана тән ерекше мәнерін қалыптастырды.
Мезгілсіз қазадан кейін тыңдар­ман­дарға бұрын-соңды танып-білмеген «Батырхан» деген жаңа әлем ашыл­ғандай еді. БАҚ беттері мен әлеу­меттік желілерде Батырхан Шөкенов туралы көптеген жылы естеліктер жазылды. Естеліктердің көбінде авторлар әншінің баладай аңғал мінезін, сезімталдығын, кішіпейілдігін сөз еткен. Бала дегеннен шығады, Шөкенов ЮНИСЕФ-тің Орта Азиядағы бала­ларға көмектесетін алғашқы ерікті елшісі болғанын біреу білсе, біреу білмес. ЮНИСЕФ жас­тар арасында сауалнама жүргізгенде, көптің таңдауы дәл осы Батырханға түскені тегін емес-тін. Өйткені, ол балаларға көп көмектесетін. Бірақ, онысын ешқашан елге жария қылған емес. Әлеуметтік желіде Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов та оның қайырымдылық шараларға қашанда уақыт табатынын жазған еді. Ал, ресейлік «МузТВ» арнасының директоры, әншінің досы Арман Дәулетияров бір сұхбатында мынадай естелігімен бөлісіпті: «Бір жолы Батыр екеуміз сырласып отыр­ғанымызда, мен оған өзімнің кейде жас балаша қуанғым келетінін айт­қанмын. «Шіркін, маған біреу шар мен балмұздақ сыйласа ғой!» дегенім есімде. Арада біршама уақыт өтті. Ол әңгіме ұмытылып кетті. Бір күні ұшақтан түсіп келе жатсам, қарсы алдымда Батырхан тұр. Бір қолында – бал­мұздақ, бір қолында – шар! «Арман, тезірек же, әйтпесе, мына балмұздақ еріп кетеді» деп қояды. Сол кезде менің балаша шаттанғанымды көрсеңіз! Батыр­хан адамдарды қалай қуантуды білетін…»

Батырхан Шөкеновтің кәсіби ше­берлігі туралы көп нәрсе айтуға болады. 2013 жылы әлемнің ең үздік деген мамандарын шақырып, «Батыр Live» атты есеп беру кешін өткізді. Осы ке­шімен Батырхан әріптестеріне нағыз концерттің, нағыз шоудың қан­дай болатынын көрсетіп кетті. Ол Қазақстанда әлемдік деңгейдегі дыбыс жазу студия­сын, дыбыс режиссерлерінің ұлттық мектебін ашуды армандады. «Ұлттық ор­кестр­лердің сүйемелдеуімен Құр­ман­ғазының барлық күйлерін студияда жаздырып, келер ұрпаққа табыстап кеткім келеді» дейтін. Өзі қазақ тіліндегі әндерді мінсіз орындайтын және өзгелерден де соны күтті: «Кейбіреулер ән айтқанда, «махаббат» деген сөзді «маһабат» деп жеткізеді. Ол – қате. Әннің қазақ тілінде сауатты, таза орындалуына баса мән беруіміз керек. Ал, композиторлардың Қуат Шілдебаев секілді қазақ фольклорын жетік білгенін қалар едім» (әншінің «Түнгі студия» бағдарламасына берген сұхбатынан).

Батырхан әнді анық, сауатты жет­кізгенінен бұрын жүрегімен айт­қанын мойындайықшы. Қоңыр дауысымен миллиондардың жүрегін жау­лады. Ақырында, анасының жүрегін емдетіп жүріп, өзі де жүрек ауруынан кетті. Сәйкестік пе, білмеймін, оның репертуарында жүрек туралы әндер көп еді. Батырдың сахнада ең соңғы рет шырқаған әні «Маған көктем көмектеседі» деп аталады. Ән мәтінінде «менің жүрегім көмекке зәру» деген жол бар екен. Әншінің ғазиз жүрегінің дәл осы көктем айында тоқтағаны қандай өкінішті! Көктем оған көмектеспеді, әттең…

Қай істі қолға алмасын, мүлтік­сіз орындайтын Батырхан осыдан бірер жыл бұрын ресейлік «Живой звук» бағдар­ламасында бас жүлдені жеңіп алды. Ал, былтыр «Один в один» шоуына қатысып, өзінің көпке белгісіз қырларымен бәрімізді таңғалдырып еді. Батырдың осы шоудағы Лучано Павароттиі, жалаң аяқ Сезария Эворасы қандай еді! Кезінде бүкіл Кеңес халқы сүйіп тыңдаған Юрий Антоновтың «Лунная дорожкасын» да айнытпай шырқады. Бәйгенің басында келе жатқан болатын. Әттең… Шоу аяқталуға сәл қалғанда дүниеден озды. Десе де, ұйымдастырушылар Батырханды сөзсіз жеңімпаз деп таныды. Бағдарламадағы соңғы шырқаған әні оны шексіз бақытқа бөлеген еді. Өзінің кумирі, әлемдік деңгейдегі әнші Стиви Уандердің бейнесіне еніп, үздік деп танылды. Оның сондағы айтқаны сөзі әлі санамда тұр: «Для меня проект уже состоялся». Құдды қоштасу сөзі сияқты…


…Батырхан Шөкеновті ақтық сапарға шығарып салған соң, жиналған халық үйге қайтуға асық­пады. Олардың көңі­ліндегі қимас­тықты сезді ме, филармония қыз­меткерлері далаға аппараттарын шығарып, Батырханның әндерін қойды. Тосыннан естілген таныс дауыс бәрімізді селт еткізді. Неге екенін қайдам, бір мезетте барлығымыз аспанға қарай қалыппыз. Ән арасында әншінің «Алматы, қанеки, бірге шырқайық!» деген даусы жарқын-жарқын шығады. Оны естіген жұрт бір жылап, бір күлді. Адам көп жи­налған концерттерде сахнадағы әртістің сұлба­сын көре алмай, дауы­сын тек алыстан тыңдауға мәжбүр болушы едік ғой. Сол жерде өзімді Батырхан ағамның соң­ғы кон­цертінде тұрғандай сезіндім. Тек оның үні аспан жақтан естілгендей болды.
Мұхтар Әуезов, Күләш Бай­сейітова, Шәкен Айманов…Шы­ғар­­машылығының шарықтау ша­ғында Мәскеуде қазақтың талай марғасқалары дүниеден өткен. Енді осы бір көңілсіз тізімге Шөкеновтің де атын қосуға мәжбүрміз. Ол өзімен бірге музыканың тұтас бір дәуірін ала кетті. Өзінің өнер жолында артынан қаңқу сөз ертпеген аздың бірі еді. Сондықтан болар, халық оны шын жақсы көрді.

Өзінің аяқталмай қалған жоспарлары мен идеялары көп екен. Қазір оларды Батырхан Шөкенов атындағы қор жүзеге асырып жатыр. Әншінің артында қалған мұра­сын ақтарып, әндерін миллион мәрте қайталап тыңдармыз-ау. Шы­­ғармашылығының нағыз кемел ша­ғында ортамыздан мезгілсіз кетіп қалғаны ғана жүректі қинайды.

«Таулар алыстаған сайын биік­тейді» дейді. Біз сіз туралы әлі талай естеліктер айтамыз, аға! Эстрададағы, Құдай-ау, жалпы, өмірдегі жасандылық пен даңғазалықтан шаршағанда, саф таза өнерді сағынғанда, біз сізді әлі талай іздейтін боламыз…


Роза ӘРЕН

 

Бөлісу: