20 Тамыз 2014, 03:41
Алдымен ол замандағы тайпалық тілді тəп бүгінгі қатты дамыған, сол барыста бір бірінен алыстаған тілдер кейпінде елестеткен қисынға қона кетпейді. Бұл есте мықты болуға тиісті өте маңызды көзқарас. Рас, Доктор Зардыхан Қинаятұлы айтқандай: “Сақ мемлекеті бір орталыққа бағынған мемлекет болған жоқ. Оның 20 страпы (бөлімі) болды. Əр түрлі тілде сөйледі. Геродот “сақтар аргипейлерге келгенде 8 тілде тілмаш арқылы сөйлесті” деп жазды. Сондықтан сақтарды тек үнді-еуропалықтар немесе тек түрік тектестер, деуге келе бермейді. Ал, сақтардың шығыс бөлімінің негізгі тобын қаңлы, үйсіндер құрады. Страбонның шығыс сақтар дегеніміз - қаңлылар деген сөзі бар”. Доктор Нəбижан Мұхаметханұлынша айтқанда, “Біздің этногенезіміз сақтардың шығыс бөлігінен бастау алады. Ол сақ деген - таза үнді-еуропалық емес, көптеген тайпалардың құрамы. Шығыс бөлікте түріктік элементтер көп” болатын. Доктор Мəмбет Қойгелдінің де сақ дəуірін зерттеп жүрген италиялық ғалымның: “Сақ дəуірі мəдениеттің, тілдің əлі толық қалыптасып бітпеген, балаң дəуірі. Сондықтан мен тек мына тілде сөйледі дегенге қарсымын. Сақтар тілінде ол кезде иран да, түрік те сөйледі, екеуіне бірдей ортақ тіл болды” дегенін айтқаны, сосын “Мен де осы тұжырымды қостаймын. Біз бүгінгі күннің өлшемімен ежелгі ғұн дəуірін зерттеуге барамыз. Осынымыз қате. Ол кезде моңғол тілі əлі қалыптаспаған, түрік тілі де қалыптасу жағдайында болатын. Тілдер мен мəдениеттер үшін өтпелі кезең болған тұс еді” дегені бар.
Міне тарихты, əсіресе арғы тарихты осылайша талдау керек. Пəлен тайпа қай тілде сөйледі дегенге келгенде, түген тілде деп берген жауабымыз салыстырмалы сөз екенін, ол түлен тілдің өзіне аттас бүгінгі тілмен мүлде ұқсас болуы мүмкін емесін, арада мыңдаған жылдық тіл тарихы мен тіл эволюциясы жатқанын, өзгені қойып, мың-ақ жылдың алдындағы түрік тасбітіктеріндегі тілдің бүгінгі түрік тілдерінен көп парыққа ие екенін ескере отырып сөйлегеніміз дұрыс. Мысалға ежелгі түрік тілі мен ежелгі шығыс иран тілін алсақ, ол заманда бұл екеуінің бірінде екіншісі болған. Бүгінгідей алшақтап кетпеген, бірінде түрік тілінің, екіншісінде иран тілінің элементтері басым болған. Тілдік айрмашылық болса да, ерекше не тым ресми салттық жағдайды былай қоя тұрғанда, бірінікін бірі ептеп түсінетін күй кешкен.
Тілгерлердің бір тобы, сақтардың көп тайпалы екенін мойындай тұра, оларды тек бір ғана тіл жүйесінде, яғни иран (үнді-еуропа) тілді болар деп санауының, тұрмыс салт (етік, шалбар киетіні, үзеңгі істететіні, ат үстінен жақтартатыны, т.б.) жағынан сақтардың өз мұрагері ғұндарға (түрік, моңғолтілділерге) мүлде ұқсастығын ескермеуінің, Ұлы Далалықтарда тілдік айырмашылық болғанымен, бірінікін бірі түсінетін күй кешкенін қаперге алмауының қателігі осы арада.