16 Қыркүйек 2014, 12:38
1937 жылы өлкелік комсомол комитеті Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағы болып құрылды. Құрамында 120 мыңнан астам жігіттері мен қыздары бар ұйымның алдында ұланғайыр жұмыстар тұрды. Осы кездің өзінде комсомол ұйымы көпұлтты болатын. Интернационалдық тәрбие жұмыстары жаңа ортақ болып құрылған күннен бастап қолға алына бастады.
Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің алғашқы қадамына БЛКЖО Орталық Комитеті дер кезінде қол ұшын берді. 1936 жылдың өзінде ұлт республикалары комсомол комитеттері хатшыларының кеңесінде ВЛКСМ Орталық Комитетінің Бас хатшысы А. Косарев: «Егер маған, ұлты орыс хатшысынан Таштитовтың қандай айырмашылығы бар деп біреулер сұрай қалса, мен айтар едім – олардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Тіпті Таштитовтың қажыр-қайраты басымдылық алып кетеді. Мен оны орыс обкомдарының қай-қайсынына болса да жіберсем, оның басқарып кететіндігіне сенемін» - деген еді.
Алайда, алайда... 1937 жылдың қара тұманы Қайсардың басына да төніп еді. Сол жылы 24 қазанда Қайсар Таштитовты НКВД тұтқынға алды.
Күні кеше ғана жалындап жүрген Қайсардың отбасын бір күнде үрей биледі. НКВД адамдары келіп, үй-ішінің астаң-кестеңін шығарып, тінту жүргізді. Төртінші қабаттың терезесінен оның кітаптарын сыртқа лақтыра бастады. Екі бөлменің қабырғасындағы кітап сөресі том-том кітаптарға толы еді. Бір күнде берекесі ұшқан Қайсар Таштитов отбасын алда не күтіп тұрғанын білген жоқ.
1937 жылы 23 қазанда Қазақстан Орталық партия комитетінің күні таңертең үйімізге сау етіп НКВД адамдары Хамидуллин, Бахтузин кіріп келді. Олармен бірге төменде машинаның қасында Қожамұратов Шәрәпи, Баянов Абдул бар екен. Ал Қайсардың ісін тергеуші Иванов жүргізді. (Сәкен Сейфуллинді тергеген де сол). Ол кейінгі кезге дейін Алматы қаласы Фрунзе аудандық милиция бөлімін басқарды. Мен ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде стенографистка едім. Қайсар ұсталған соң маған редакторым: «Амал жоқ, жағдай солай, өз бетіңмен жұмыстан шығам деп арыз жаз» деді. Жаздым. Қайсарды бірнеше рет іздеп бардым. Ең соңғы рет байқағаным: оңбай жүдепті. Оңдырмай соққыға жыққаны білініп тұр. Маған айтқаны: «мен тазамын, қайта ораламын. Сен разверсткаға бар» - дейді. Мен бұл сөзіне түсінбедім. Сол күні Ғабит Мүсіреповке келіп, «разверсткасы несі?» деп сұрасам, «тезірек елге кет, сені де ұстайды» дегені, расында мұнда көп тұрма» деді Ғабит. 1938 жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы Жанғозин Жақыпбек: «Сағадат, комсомолда енді қала алмайсың» деп комсомол билетімді алып қалды. Үрей жоқ. Осындай уайыммен жүргенде маған жаны ашитындардың бірі Күләш Байсейітова еді. Бір күні тағы да НКВД-ға шақырыпты. Барсам, «Қайсар Таштитов 1938-жылы 17-наурызда атылды, мұнда саған жүруге болмайды» - деді. Есеңгіреп улап-шулап отырғанымызда үйімізге фамилиясы Колодина деген әйел және Хамидуллин екеуі кіріп келіп мені қамауға алды. 1937-жылдан Қайсардың Ғайса деген кішкене туысы қолымызда еді, оны балалар үйіне алып кетті. Мені Ташкент көшесінің бойындағы түрмеге әкеліп тықты. Ал Ғайсадан дәл сол күннен бастап көз жазып қалдым. Алматыда үш ай түрмеде отырғызды. Содан этаппен Семей, Новосібір, Красноярск қалаларының түрмелері арқылы қайта айналып келіп, кейін 26-нүктеде отырдым. 11 жыл дегенде түрмеден шықтым. Соғыс қашан басталғанын да білмедік. Бір күні «Біз жеңдік, жеңіс күні!» деп әңгіме болғанда ғана Ұлы Отанымызда болып жатқан қан төгісті сездік. Мен түрмеде әр кез маршалдар Тухачевский, Егоровтың, Гамарниктің семьясымен бірге отырдым. Алматыда тұруымызға рұқсат етпеді. Ақмолада тұрдым. 1957-жылдан кейін Алматыда тұруға рұқсат етілді. Ол өмір өтті, кетті. Ал енді мен тек шындықты бетке айтқанды ұнататын адаммын. Бәле-жаланы бастан өткіздік. Ол бәле енді қайта айналып келмеу үшін де осы шындықты айтып отырмын. Өсек, өтірік емес, сол кездегі НКВД қызметкерлерінің арасынан аса қатыгездері де, сонымен қатар жанашырлары да болды. 1937-жылдан істеген Сәкенов деген азамат әлі бар. Ол не істемеді?! 1937-жылы ұсталып кеткендердің бәрі оның есімін бірінші еске алады. Мұндай адамдар бар екенін айту керек. Айтпаса болмайды. Талай адамның қанын көргендер олар. Мен енді әділетсіздік болмаса екен, жастар тарихымызды білсе екен деймін, - деген Сағадат апай ашуын жасыра алған жоқ. Ашуланбағанда қайтсін, өткеніне өкпесі бар ғой. Иә адамда аяушылық деген ұлы қасиет болады. Аяушылық болмаған жағдайда қатыгездік болатыны белгілі. Бір мезгіл өткен өмірге ашулы кейіппен ой жүгірткен Сағадат Таштитова:
- Балам, шындықты жазыңдар, ел білетін болсын. Бұл менің өтірігім емес, көзім тірі кезінде айтатын шындығым – деп қайта-қайта айта берді. 1932-ші, 1937 жыл халқымызда қара әріппен жазылған тарихи кезең екендігіне орала берді.
Кейбір әйелдердің қолдарында емшектегі балалары болды. Олар тамаққа жарымай шырқырап жылағанда лагерьдегі әйелдердің көздеріне жас үйірілетін. Үш жастан асар-аспас сәбилер балалар үйлеріне өткізілетін. Анасы мен баласын айырған сәтті көрген сайын екі құлағыңды тас бітеп, ен далаға безіп кеткің келетін. Лагерьдің шаруашылығы, фермасы болды. Әйелдер сонда таңғы төрттен кешкі тоғыз-ондарға дейін жұмыс істеді. Күнде бараққа сүйретіліп кеп құлайтын. Жұмысқа күзетушілер қарумен айдап апарып, айдап әкеледі. Санитарлық бөлімнің бастығы бір кеудемсоқ еркек болды, жұмыста сәл бөгеліп қалғандарды қолындағы резіңке таяғымен салып қалып, сұлатып жығады да істеген ісіне риза болып миығынан күлетін.
Сағадат Құдайбайқызына лагерьде бірге отырғандардың көбі бұрын жақын араласып тұрған жолдастар ретінде жақсы таныс еді. Олар: Бейімбеттің әйелі Күнжамал, Санжар Асфандияровтың әйелі Рабиға, бұрынғы комсомол қызметкері Зағыпи... Бір жолы лагерьге ұшқыш киімі бар әйелді әкелді. Оны Қайсармен бірге барғанда съезде көргем. Бұл – сол съезде сөз сөйлеген, әйелден шыққан алғашқы ұшқыштардың бірі Ирина Вишневская еді. Оны кейіннен, соғыстың қиын кезінде майданға алып кетті. Соғыс демекші, лагерьдегілер Германияның опасыздықпен соғыс ашқанын да кешігіп естіді. Әйтеуір лагерьде ашылған фабрикада әскери киімдерді көптеп тіккізетін. Көп әйелдер соғысқа сұранды, бірақ «халық жауларының» әйелдеріне сенім аз болды. Лагерьде электр жарығы болмады, сыртпен хат-хабар алмасуға рұқсат етілмеді, талайлардың өмірін қыстың қақаған суығы алып кетті.
Жетпісінші жылдары Сағадат Таштитованың үйіне «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінің» бір кездегі бастығы М. Юзипенко келіп: «Маған біреулер кінәсіз жандарды қинағансың деп жала жауып жүр. Ешкімді жәбірлемегеніме куә бол» дейді. Сағадат Құдайбайқызы көз алдына азапты күндер көлбеңдеп тұрса да ештеңе деген жоқ. Жәй күрсінді де қойды. Не демек. Ол кездің көп бастығы үлкен механизмнің тетігі, жоғарыдан түскен жарлықты «мүлтіксіз» орындаушы ғана емес пе еді?!
«Халық жауларының» балалары. Сағадат Құдайбайқызының естелік жазбасында бал дәурен балалықтың дәмін тата алмаған олардың ұзын тізімі берілген. Қорған Мусин, Ильфа, Санжар Жандосовтар, Мира, Катаяма Қуатовтар, Болат Аюханов, Серік Тілеулин, Алма Темірбекова, Алдан Берденов, Ақназар Байғасқин, Клара Күленова, Марат Есқараев, Роза Сырғабекова... Олар әке-шешенің аялы алақанын көп сезінбей өсті. «Халық жауларының» балаларына ол кезде жылы қабақ танытқандар да аз болды.
Бұрынғы комсомол жетекшісінің әйелі лагерьде кесімді он жылын да өткерді. Бірақ «сыртқа шығу правосы» болмады. Әр есікке бір кіріп жүріп, әрең дегенде Ақмолада жұмысқа тұрды. Содан бір жылдары Алматыға келді. Мұндағы туыс-жақындар «халық жауының» әйелінен сырт айналды. Жоғары жақтан: «24 сағаттың ішінде астанадан кетіңіз!» деген бұйрық шықты. Тек елуінші жылдардың екінші жартысында ғана Қайсар мен өзінің толық ақталғандықтары туралы қағаз алып, қатарға қосылды. Еңсесін көтерді.
Кезінде жылай-жылай көзде жас та қалмаған, балам. Ол жылдар тек өте ұзаққа созылған жаман түс сияқты елестейді қазір... Бір-бірімізді көргенде: «Хал қалай, «алжирлік» бауырым?» деп амандасамыз...
Өмірінің мағыналы күндерін, жарқылдап жүрер жастық шағын азапты қапасқа берген Сағадат апай, Қайсар Таштитовтің әйелі күліп отыр... Мұңайып отыр...
Қайсар атына заты сай жігіт еді, - дейді.
Біз күйеуінің рухын жоғары ұстап келе жатқан әжімді ананың өзіне де бұдан артық теңеу таппадық.
1937-жылы Қайсар Таштитов ұсталғанда оның 10 жасар Ғайса деген туысы Сағадатпен бірге қалып еді. 1938-жылы Сағадат Таштитов ұсталғанда сол Ғайсаны балалар үйіне алып кетті. Жақында «Жазығы не еді апалардың?» деген циклді мақала жарияланып жатқан кезде Сағадат қуанышына ортақтастық. Сол Ғайса 50 жылдан соң табылды! Балалар үйінде болыпты. Көрмегенді көріпті. «Халық жауының» туысы деген лақап атты 1957-жылға дейін қоңырау ғып тағып жүріпті. Қазір ауру-сырқаулы екен. Сағадат Таштитованың қайнысымен хабарласып қуанғанын айтсаңызшы. Телефон трубкасына жармасқан апай:
- Ғайса, мен саған қанша іздеу салып таба алмадым ғой. Қайда болдың? – дейді көз жасын сығымдап.
- Мен сізді жоғалтып алдым ба десем, бар екенсіз. Ғайсаңызды ендігі есімі
– Қайсар. Қайсаға «р»-ді қосып алғанмын. Қолым тисе, денсаулық боса Алматыға барып қалармын. Сізді газеттен оқып таптым. Редакцияға рахмет! – дейді телефоннан 50 жылдан кейін Қайсар Баймағанбетов. Тұтқындалғанға дейін Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істеген (1937-жыл, 24-қазан) Қайсар Таштитовты айыптау жөніндегі істі ССРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы 1957-жылы 4-сәуірде қайта қарады.
«1938-жылы 25-ақпандағы Омбы Сот коллегиясы Қ. Таштитовке байланысты қаулыны қайта қарап, қылмысты іс құрамының жоқтығына байланысты ол қаза тапқаннан кейін ақталды» деген қаулыны Сағадат Таштитова бойтұмардай сақтап отыр.
Қайсар Таштитов есімі 20-30-жылдардағы жастарға кеңінен таныс. Өзі Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде (1933-37-жылдар) Қайсар Таштитов жастарға тәрбие беруде көп жұмыс атқарды.
"АЛЖИР" естеліктер жинағы/Құрастырушы: Болат Жүнісбеков
Құрастыруға қатысқандар: Әбдірахманова Лауренсия, Жақсыбаева Рахима,
Ергельдинова Жанар, Айағанова Эльмира, Төлепбергнова Гүлнұр.