Сөзден – іске көшетін уақыт келді

3 Шілде 2018, 11:55 2122

Латын әліпбиіне көшу мәселесінің қоғамда жиі көтеріліп, кеңінен талқыға салынып жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бұл әсіресе Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында айтылған пікірден кейін бірауыздан қолдауға ие болғаны есте. Онда: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.

Бұл түйткілге Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін қозғау салынды. «Латын әліпбиіне көшу мәселесін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс» деп, қадап айтқаны тағы бар. Ал, биыл қоғамда қызу талқыға айналған Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», — деп қадап айтқан болатын.

Жалпы, Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін дүркін-дүркін бекер тілге тиек еткен жоқ. Осы салаға қатысы бар мамандардың пікірін тыңдап, арнайы ұсыныстардың жасалуына да мүмкіндік берді. Алайда, латын әліпбиіне көшудің тиімді не тиімсіз жолдары таразыға тартыла бастаса да, ерте ме, кеш пе, еліміздің латын әліпбиіне көшетіні анық. 

Ал, оқулықтарды, кітаптарды латын қарпіне ауыстыру ісімен тікелей айналысатын Білім және ғылым министрлігі:

«Бұл маңызды жоба болғандықтан барынша абай болу қажет, қателіктерге бой алдырмау керек. Ағымдағы жылы жасалуы тиісті мәселе — бұл көңілге қонымды барлық әріпті қабылдау. Бірнеше нұсқа әзірлеп, оны талқылап, әліпбиді қабылдау қажет. Содан кейін латынға көшу жұмыстарының жоспарын түзу керек. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр», – деді. 

Тілдің мәртебесін көтеретін қадам

«Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда сөз алған Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Елбасы айтқандай, балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және ол әлеммен бірлесуге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Ал, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші — ол латын жазуына көшу. Айта кету керек, латын жазуы туралы бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Президент бұл мәселе жайында 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясында сөйлеген сөзінде және «Қазақстан 2050» Стратегиясында да айтқан болатын. Сонымен қатар, Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, тиісті шараларды қолға алу керек екенін жеткізді. Бұл қазіргі заманның талабы деп айтуға болады», — деді. Латын қарпінің ғылым мен техниканы дамытуда орны ерекше екеніне де екпін түсірген депутаттар еліміздің әрбір азаматы латын жазуына көшу әлемдік өркениетке жетудің басты жолы екенін білуі тиіс екенін қаперге салды. Себебі, латын жазуы адамзаттың дамуындағы қуатты тілдің бірі. Ол ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен ІТ-технологияның тілі. Сондықтан, біз осы өте жауапты кезеңге үлкен дайындықпен келдік. Нәтижесінде қазақ тілінің ықпалы күшейтіліп, қазақстандықтардың ағылшын тілін үйренуіне де барлық жағдай жасалынып келеді.

Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет, ең алдымен, тілдің дамуына ерекше көңіл бөлетіні заңдылық. Бүгінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 70 пайызға жетті. Ал, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Мұның бәрі, соның ішінде латын әрпіне көшу — тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадам. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз — қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру — біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі.

Мәжіліс төрағасы Н. Нығматулиннің айтуынша, латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек.

«Қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан, біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы, жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парызымыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұрамыз. Сондықтан, латын жазуына көшу — зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр. Біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі, тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», — деп қадап айтты.

Латынға көшу — қиындық тудырмайды

Бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: «Ең басты мәселе — ұлттық бірлікті сақтау. Бүгінгі мектептегі бала емес, келесі ұрпақтың Ресейдің даңғаза етіп жүрген символикалық орыс әлемінен құтылудың бір жолы. Бұл сөзсіз, саяси, өркениеттік таңба. Әріп кішкентай ғана нәрсе сияқты. Бірақ, көшедегі жазба, кітап аты басқаша болса, балабақшаға барған, мектеп бітірген ұрпақ елдегі тарап жатқан орыс газетін оқи алмайтын жағдайға жетеді. Бұл — мақсат. Оның артында құн төлемі бар. Біздің буын үшін комфорт мәселесі туындайды. «Кезінде жазған бірталай мақалаларым бар еді. Бәлкім, латын қарпіне кейінірік көшсек болар еді...» деп жүре берсек, онда бұл мәселе сөзсіз кешіге береді. Әр буын өзінше өзімшіл. Осы жылдың аяғына дейін бір нұсқаға келсек деймін. Бұл — өзімізді өзіміз құтқару жолы. Мәселен, жаман ауруға қарсы химиятерапия жасалады. Былай қарағанда, адамның жанын қажытып, ағзасын тоздыратын нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ, шын айыққың келсе, оны амалсыз орындайсың. Бұл да сол сияқты ұлт ағзасын жөнге келтірудің, кезінде шалдыққан дерттен емдеудің жолы. Екінші мәселе, негізгі қарсылық орыстілді баспасөзден келеді. Бізге үнемі Өзбекстанды алға тартып, «солар сияқты болып қиналасыңдар!» дегенді айтады. Бірақ, әзірбайжандар, түркімендер еш қиналмай латынға өтіп кетті. Кейбір азаматтар «осы кезге дейін жарияланған дүниелерді латын қарпімен басу керек» дегенді айтады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ол да бір құн. Шынын айтсам, қазақ кеңестік жазушыларының 80-90 пайыз шығармасын оқу мүмкін емес. Оның дұрыс жолы, әр жазушыға арналған сайтын жасау керек. Интернетке шығармасын жүктеу керек» дейді.

Ал, депутат Бекболат Тілеухан: «Әліпби ауыстыру астана ауыстырудан қиын емес» дегенді айтқан-ды. «Шынында да дайындалдық, осы нәрсенің түбі болатыны әркімге белгілі болды. Және біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт дайындады. Қалта телефонымызға келген СМС хабарлар орыс тілінде келген информацияның өзі латиницамен келіп, солай дайындады. Осы күні соткасынан айырылған адам, соскасынан айрылған баладан бетер мына заманда шынында да кетіп жатқан ақпараттың барлығы латиница, өйткені, әдеп солай ыңғайланып жатқан кезде туады. Осы уақыттан ерте бастасаң ерте болып кетер еді, енді кешіксек кеш болуы әбден ықтимал», — деді депутат. 

«Алдымызда үлкен бір Әліпби реформасын жасауда, кеше қысынан айырылған түріктің реформасы бар, өз елінде өгей шыққан өзбектің реформасынан алатын үлгіміз бар, әңгімесі бұзылып қалған әзірбайжанның, түңлігі түріліп қалған түркіменнің жағдайы біздің басымызда да бар. Ол қателікті жібермеуге бізге толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Сондықтан да, сөз ыңғайларыңыз немене дегенде, әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес, әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын деп ойламаймын. 1929 жылы біздің қазақ арабикадан латиницаға бар болғаны ек-ақ жылдың ішінде ауысқан. Содан қиын емес. Ең бастысы ниет керек» деген ол.

Бірінші жобаны Парламентте таныстырған Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латыншаға көшудегі қазақтың төл дыбыстарын қолдануды түсіндіре келе: «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп — бір дыбыс», «бір әріп — екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылды. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсындық. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз, латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері, ақылдаса келіп, 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Диграфтар арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтауға болады» деген еді. Алайда, қоғам бұл жоба бойынша кейбір сөздердің жазылуын келемежге айналдырып, кемшін тұсын көрсетіп берді. Бұдан кейін ұсынылған «апостроф» жоба туралы да жағымды һәм жағымсыз пікір аз айтылып жүрген жоқ.

Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов:

«Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы… Жалпы айтқанда, қоғамда «диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды» деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз», — дейді. Республикалық орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. «Біріншісі, диграфтық, екіншісі — апострофтық, үшіншісі — диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар», — дейді ол.

Қазірге дейін латын қарпінің екі нұсқасы қолданысқа берілді. Біріншісінде апострофтары көп делініп, біраз дауға қалды. Ал, қазір еліміздегі кейбір газеттер атауын ауыстырған латын қарпі әзірге көптің қолдауына ие болды. Алайда, жоба нақты бекітіліп, тұтастай тілдік қолданысқа берілген жоқ. Десек те, қазірдің өзінде баспалар ішінара латын қарпімен кітап шығарып, рухани дүниені түгендеуге кірісіп кетті. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: