Сөз сұлу көрінер сөйлегенде - Гүлмира Нәлібай

12 Шілде 2022, 15:15 5004

Қазақ радиосының журналисі, белгілі жүргізуші Гүлмира Нәлібаймен сұхбат

Қазақ радиосы десе сөйлеу мәдениетін қалыптастырған айырықша бір орда көзге елестейді. Бұл мекен – елдің руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген орта. «Қазақ радиосы – республика мәдениетінің бел омыртқасы» дейтін еді ғой қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза. Иә, заманалар көшін бастаған, өткен ғасырдан жеткен дауысы жанымызға жақын, бүгінгінің ақпарат айдынында да өз орны, өз дәстүрі, өз мектебі бар Қазақ радиосының салқар көшінде сап түзеген мамандар легі жеткілікті. Қай уақыттың да призмасынан қарасаңыз біздің елдің жетістіктері, мәдени мұ­расы, тілі, ділі, тарихи жәді­гер­лері туралы аталы сөзді Қазақ радиосынан табасыз.

Радио таратқан хабарлар шекарасы біздің елмен шектеліп қана қоймай, дүниежүзіндегі ақпараттан да «жылдам хабар алғызатын» осы бір қарашаңырақтың мектебінен өткен мамандар журналистік кәсібилігімен қоса сөйлеу мәдениетінен де жан-жақты хабардар тұлға болып шығатыны анық. Біз сөз сөйлеу мәдениеті, дикция мен қазақы интонация мәселесі өзекті бола түскен заманға тап келдік. Осы тақырыптардың бары мен жоғы, сөз бен сөйлеу мәдениетінің бүгінгі қалпы, төл дыбыстарымызды анық айту жолы туралы Қазақ радиосының журналисі, белгілі жүргізуші Гүлмира Нәлібайды әңгімеге тартқан едік...

– Гүлмира, «Қазақ радиосының» орта буын өкілі ретінде сұхбатымызды «таза, ұғынықты сөйлеу мәдениетін кім, қалай үйретеді?» деген сауал қою арқылы бастасақ дейміз.

– Сәлеметсіз бе, Ақбота. Ең алдымен сөйлеу мәдениеті, сөз бен дыбыс ерекшелігі туралы арнайы сұхбат ұйымдастырып отырған сізге рақмет айтып алайын. Бұл тақырып қазір өте өзекті деп ойлаймын. Ал сауалыңызға келсек, таза, ұғынықты сөйлеуді ең алдымен өскен орта, ата-анамыз, алтын ұя мектебіміз үйретеді. Дәл осы үш орта әдеби кітаптарды, көркем шығармаларды оқуға құмарлықты да оятады деп есептеймін. Таза, ұғынықты сөйлеуге әдеби шығармалар да, түрлі тақырыпта, сауатты жазылған кітаптар да әсер етеді. Әр адам өзі де мүмкіндігінше ізденіп жүргені дұрыс деп есептеймін. Әр адамның сөйлеу мәнеріне, сөз сөйлеу мәдениетіне ерекше ынтамен көңіл бөліп жүрсеңіз, ол әдет те таза, ұғынықты сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Жалпы әр адам жақсы сөйлеуге, ойды ұғынықты жеткізуге әрқашан тырысып жүргені жөн. Ешқашан шала сөйлеуге дағдыланбау керек.

Сөз сөйлеу, жақсы сөз сөйлеу мәдениеті адамның ішкі жан дүниесіне де байланысты ғой. Сондықтан таза, мәдениетті сөйлегісі келген адам ішкі әлемін реттеп алғаны дұрыс. Мүмкіндігінше әр адам өз сөзіне жауап бергені де жақсы.

– Осы күні төл дыбыстарды айтпайтын адам саны көбейіп келе жатқандай. Оның себебі не деп ойлайсыз?

– Оның себебі көптеу болып тұр. Дұрыс айтасыз, төл дыбыстарымызды айта алмайтын жандарды байқап, көріп жүрміз. Әсіресе соңғы уақытта ұстаздар, тәрбиешілер арасынан қазақы дыбыстарды айтпайтын немесе айта алмайтын адамдарды жиі байқаймыз. Ал дәл сол ұстаздар мен тәрбиешілер алдынан қаншама шәкірт өтеді? Балабақшада қаншама бөбек тәрбиешілердің тәлімін алып жүр? Ұстаздың сөйлеуіне, ұстаздың әріптерді дыбыстауына қарап, талай бала еліктеп өседі. Баяғыда өзіміз де солай еліктедік қой. Қазір ұстаздар мен тәрбиешілердің кейбіреуі «менің» деген сөзді «менім» деп қате айтады. Бала «Демек «менім» деп айтқан дұрыс екен» деп болжайды. Ол баланың тілі солай қалыптасып кетеді. Кейбір ата-ана да қате сөйлейді. Қате сөзін түзетпейді, түзетуге тырыспайды. Оны көріп өскен баладан қалай таза, ұғынықты сөйле деп талап етеміз?

Өз ойым, жалпы қазақтілді емес ортада өскен жандардың көбі төл дыбыстарды айтпай сөйлеуге дағдыланып алған. Тіпті кейбір қазағымыз үшін мұндай төл дыбыстар жоқ сияқты. Оны айтпайды, айтуға көңіл де бөлмейді. Соның кесірінен талай төл дыбысымыз көпшілік ортада айтылмай қалып жүр.

Баланы кішкентай кезінен үйде, балабақшада, мектепте төл дыбыстарды дұрыс айтуды қалыптастырсақ қана осы мәселенің алдын алатын едік. Ендеше «менің мәселем, сіздің мәселеңіз» деп ысырмай, бәріміз жұмыла жұмыс істесек, қазақша таза сөйлеу дағдысын қалыптастырсақ, бәрі де өз орнына келеді деп ойлаймын.

– Төл дыбыстарды анық әрі дәл айту үшін қандай да бір жаттығу, техникалар жасалуы керек пе? Оларды қайдан оқып, үйренуге болады?

– Қандай дыбыстарды дұрыс айта алмайтынын адамның өзі анықтап, сол олқылықтың орнын толтыруға тырысқаны жөн. Ең негізгі мәселе –кітапты көп оқу. Қазақша көркем шығармаларды көбірек оқу, ондағы қазақы дыбыстарды анық айтуға тырысу көп мәселені шешеді деп сенемін. Ол үшін арнайы жаттығу қажет емес, меніңше. Кітапты оқу және дауыстап оқу арқылы тіл жаттығады. Бір байқағаным «ң» әрпінен көп сүрінеміз. Тіпті осы әріпті жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын. Міне, «ң» әрпі бар жаңылтпашты жаттап айтып жүрсеңіз, осы әріпті айтуға жақсылап тырыссаңыз, бірте-бірте бәріне үйреніп кетуге болады.

– Қазақ радиосының белгілі журналисісіз. Радиожурналистика саласындағы қиындық пен ерекшелікті айтып беріңізші.

– Радиожурналистика – жүрегім таңдаған әлем. Осы салада жүргеніме жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Микрофонды өте жақсы көремін. Студияға келгенде ерекше күйге бөленемін. «Қай сәтте өзіңді бақытты сезінесің?» деп сұраса, «Микрофон алдында миллион тыңдарманмен сырласып отырған сәтімде бақыт күйіне бөленемін» деп жауап қатар едім.

Радио, бір қарағанда, оңай сала сияқты болып көрінеді. «Сөйлеу оңай ғой» деуі мүмкін көпшілік. Шын мәнісінде радиожурналистика қиындығы басым сала. Микрофонның өз жауапкершілігі бар. Қаншама тыңдарман үйінде отырып, енді бірі жолда кетіп бара жатып радиожурналистің айтқанына құлақ салады. Тыңдарманның жан дүниесіне қуаныш сыйлау үшін жақсы сөйлеуім керек деп еңбектенесің, ізденесің. Эфирде бір сағат сөйлесең сонша уақыт жауапкершілікті естен шығармай отырасың. Бір сағат не айтуға болады? Бір сағат жақсы сөз сөйлеу үшін эфирде таңдап алған тақырыпқа орай алдын ала бірнеше сағатыңды шығындап ізденесің, кітап оқисың, жан жақты ақпаратпен қаруланасың. Елді жалықтырмайтын қызықты ақпараттарды молынан табуға тырысасың. Ол үлкен шығармашылық еңбек. Оның барлығы да қиындықпен келетін, сөйте тұра сүйікті мамандығым болған соң жаныңды рақатқа бөлейтін жұмыс. Радиожурналистика саласы білім, білік, дауыс, сөздің жауапкершілігінен құралған сала. Ал бұл саланың қиындығы да, ерекшелігі де – жауапкершілік жүгінің ауыр екенін түсіну дер едім.

– Радиодағы ұстаздар мектебі туралы да сөз сұрағымыз келеді.

– Менің бақытым – Кеңес заманынан келе жатқан алтын дауысты диктор ағаларым мен апаларымның тәрбиесін көргенім. 2004 жылы дипломымды қолыма алып радиоға келдім, ойым – жұмысқа тұру. «Қазір орын жоқ, бізге келсең орынның босауын күтіп біраз жүріп қаласың-ау» деді мұндағы басшылар. «Шай тасысам да осы ортада жүрсем, үйренсем деймін» дегенімде «үйренсең, үйрене ғой» деп рұқсатын беріп, радионың табалдырығын аттадым. Осы салаға ерекше құштарлығымды байқап, сол кездегі радио қызметкерлері риза болғаны әлі есімде.

Омархан Қалмырзаев ағамыздың, режиссер Тоқтарбай ағамыздың, Төрехан ағамыздың, Жеңіс Ақпанбетұлы деген көкелерімнің, марқұм Дүйсенбек Қанатбаев ағамыздың көзін көрдім, жұмыс істеу процесіне куә болдым. Ұлжан Пармашқызы, Шолпан Байғабылова апайларымды өте қатты жақсы көремін. Олардың кезінде жасаған хабарлары мен бағдарламаларын тыңдап жүруге тырысамын. Қазір олардың барлығы зейнет демалысында. Қазақ радиосының алтын дауысты дикторларының бірі Аманжан Еңсебайұлы Серіковтың шәкірті екенімді ұдайы мақтан тұтамын. Аманжан ағам мені Шалқар радиосына қызметке қабылдаған еді. Эфирдегі сөйлеу мәдениеті, тікелей эфирдің қағидалары туралы тәлімді, өнегелі тәрбиені сол кісілерден алдым, тәжірибе жинадым. Қазір де қолдан келгенше сол кісілермен сөйлесіп, ақыл-кеңесін, сын-пікірін тыңдап жүремін. Радиодағы ұстаздар мектебі ерекше қамқор, ерекше жанашыр, ерекше ілтипатты орта екенін айта кеткім келеді.

– Осы саланың маманы ретінде бірқатар жобаларға мұрындық болып келесіз. Оларды да атап өтсеңіз.

– Радиожурналистика шыңдады, шынықтырды. Талай дүниені ұқтырды, кәсіби өсуіме, шығармашылық тұрғыдан жетілуіме мүмкіндік берді. Радиода жүріп қаншама оқырманның қуанышына ортақтасып, өнерде жүрген қаншама тұлғамен тілдестім. Өзімнің бағытым – өнер саласы болған соң осы салада әртүрлі кейіпкерлермен сұхбаттасып, ерекше әңгіме құруға тырыстым. Республикалық «Әнді сүйсең, менше сүй» радиофестивалін өткіздім. Енді ғана өнерге қанат қаққан жастарды таныстыру мақсатында республикалық радиофестиваль ұйымдастырған едім. Республикамыздың түкпір-түкпірінен қаншама жастар қатысып, 2011 жылы арнайы концерт бердік. Сол жобамды екі-үш жыл қатарынан жүргіздім. Одан бөлек «Өнерлі елдің өресі биік» атты байқауым елде жүрген, әр салада еңбек еткен, 50-90 жас аралығындағы өнерпаздардың басын қосты. Бұл жобаны жүргізіп келе жатқаныма бес жылдың жүзі болды. Жылына екі рет өткіземін. Мұның барлығында да бір кездері өнер жолын армандаған, таланты да болған, бірақ тағдырдың маңдайға жазғаны басқа болып, өзге бір салада еңбек еткен адамдардың да өнеріне қолдау көрсеткім келген бір мақсатым бар.

Көптеген концерттік бағдарламалардың да басы-қасынан табылуға тырысамын. Кештерге шақырса, уақытым табылып жатса барып, жүргізіп беруден қашқан емеспін. Домбыра арнасында салт-дәстүрді жаңғыртуға арналған бағдарламам бар. Ол бағдарламада да ел-жұртқа кішкене болса да пайдам тисе екен, қазақ руханиятының үлкен әлеміне кішкене болса да маңдай терім сіңсе екен деген ниетпен қолдан келген дүниені жасап келеміз.

Жалпы өнер саласына қатысты кез келген жоба үлкен еңбек пен үлкен жауапкершіліктен тұрады деп есептеймін. Ал еңбек пен жауапкершіліктен қашпау – радиожурналистиканың бізге берген тәлімі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: