Сүт безінің қатерлі ісігі емделе ме?

31 Наурыз 2022, 11:05 10669

Онколог-маммолог Гүлмира Әріпжановамен сұқбат

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек жылына біздің елімізде шамамен 35000 адам онкологиялық аурулармен тіркеледі екен. Сүт безі қатерлі ісігінің адам күдік тудыратын алғашқы белгілері, себептері мен ем-шаралары жөнінде онколог-маммолог Гүлмира Әріпжановамен сұқбаттасқан болатынбыз.


–  Гүлмира Ордабекқызы, сүт безі қатерлі ісігінің күдік тудыратын алғашқы белгілері туралы айта кетсеңіз?

–  Сүт безінің қатерлі ісігі өзінің аты айтып тұрғандай қатерлі обыр болып табылады. Егер де сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылса, ол ешқашан да қатерсіз деп саналмайды. Ол тек қатерлі нақты диагноз болып табылады. Қатерлі ісік аурулары өздерін аса білдірте бермейді. Олардың белгілерінің барлығы жасырын түрде өтеді. Сүт безінің симптомдары тек ІІІ-IV сатысына өткен кезде ғана өздерінің белгілерін бере бастайды. Біздің маммолог онколог дәрігерлерінің міндеті – сүт безінің обырын алғашқы сатыларында анықтау. Алғашқы сатыларында сүт безі тек зерттеулер арқылы анықталады. Ал кеш сатыларындағы симптомдарына тоқтайтын болсақ, ол ауру сезімі сосын омырауда деформациялардың пайда болуы. Кейде екі омырау екі түрлі болуы мүмкін. Немесе обыр бар жердегі орын сыртқа шығып анықталып тұруы мүмкін. Және әйел өзінде түйін таба алады. Негізгі осы үш симптомдармен әйелдер бізге келеді. Үшінші сатысында кей кездері терісінде қызару белгілері пайда болады. Сонда науқастар өзінде қабыну синдромы бар деп ойлап қалады. Ал обыр ауруы солай да жасырын түрде қабыну ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ бұл тек ІІІ-ІV сатысында ғана көрініс табады. І-ІІ сатысында обыр өзін ешқандай байқатпайды.

–   Сүт безінде ісік немесе түйін қалай пайда болады? Мастопатиядан кейін ісік басталады дейді. Осы қаншалықты рас?

–  Бұл сұраққа жауап беру үшін мастопатия деген диагнозға мен арнайы тоқтала кетейін. Біздің елімізде әйелдердің арасында мастопатия деген диагноз өте көп кездеседі. Әрбір екінші адамға бұл диагноз қойылған. Маған әр түрлі науқастар келеді. Бірде 18 жасар науқас келді. Мастопатия диагнозы қойылыпты. Негізінен мастопатия Еуропа, АҚШ елдерінде жоқ. Мұндай диагноз мүлдем кездеспейді. Ол тек ТМД елдерінде, біздің Қазақстанда қойылатын диагноз. Мастопатия – сүт безінде белгілі бір өзгерістердің пайда болуы. Ол қандай өзгеріс? Оны толығырақ анықтап білу керек. Мысалы, сіз ішіңіз ауырса, асқазан дәрігеріне барасыз. Ол сізге гастрит деп диагноз қояды. Содан кейін сізді зерттеп, ол гастрит не бар, не жоқ болып, жара немесе обыр бар болып шығады. Бұл кезекші диагноз деп аталады. Сондықтан маммология саласында мастопатия кезекші диагноз болып табылады. Науқаста ауру сезімі болса, УЗИ дәрігерлері, рентгенолог дәрігерлері мастопатия диагнозын қояды. Егер толықтап, нақтылап келетін болсақ, мұндай диагноз бізде жоқ. Науқаста обыр, киста, фиброаденома болуы мүмкін. Немесе басқа да бір қатерсіз ісіктер кездесуі мүмкін. Бірақ мастопатия емес. Обырлардың немесе қатерсіз ісіктердің ішінде обырға алып келетін диагноздар бар. Бірақ мастопатия обырға алып келмейді. Оны нақтылып білу керек. Егер сізге мастопатия деген диагноз қойса, онда толығырақ тексерілуге кеңес беремін.


(Суретте онколог-маммолог Гүлмира Әріпжанова)

–  Сүт безі қатерлі ісігі қандай ауру? Бұл әйел адамдардың денсаулығына қауіп төндіре ме?

– Менің онкология саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жыл уақыт болды. Салыстырып қарасақ, 10 жыл бұрын онкология саласына келген кезде менің түсінігім бойынша обыр ауруы емделмейтін ауру сияқты болып көрінетін. 6 жыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық орталықтың химиотерапия бөлімінде істедім. Химиотерапия бөлімінде істеген кезде маған науқастар емделмейтіндей көрінетін. Әр үш апта сайын бізге ем алуға түсе беретін. Сондықтан өмірден біршама түңіле бастадым. Сол жылдары обыр емделмейтін сияқты көрінді. Кейінірек обыр ауруынан жазылып кеткен науқастарды көрдім. Не үшін 10 жыл бұрынғы медицина туралы айттым десеңіз, обыр ауруы қазіргі таңда емделетін ауру. Ол сырқаттың сатысына байланысты. Қай сатыда анықталса, сол сатысына байланысты емдеуге болады. Обыр ауруын 100 % емдеуге болады. Қатерлі ісік жасы үлкен, егде науқастарда тезірек жазылады. Науқас жас болған сайын оның ағымы қиынырақ өтеді. Ісіктер тез метастаз береді. Ол көбіне жас науқастарда және үшінші, төртінші сатыдағы науқастарда болады. Егер сүт безі қатерлі ісігінің бірінші немесе екінші А сатысында болса, бұл ауруды емдеуге болады. Ол түсінікті жағдай. Медицина саласы бір орнында тұрған жоқ. Сондықтан сіздің көршілеріңіз, туыстарыңыз, таныстарыңыз сүт безінің қатерлі ісігі емделмейді десе, ол дұрыс емес. Себебі сүт безінің обыры бірінші, екінші сатысында емдеуге болады. Обыр диагнозымен сіз өмір сүресіз. Сондықтан оны созылмалы аурулар қатарына жатқызуға болады. Бұл диагнозбен өмір бойы бақылауда тұрасыз. Бірақ оның ағымы созылмалы түрде өтеді.

– Сүт безі қатерлі ісігіне шалдығатын қыз-келіншектердің жас көрсеткіштері

– Сүт безінің қатерлі ісігі негізгі жасушаларда мутация болған кезде пайда болады. Мутация жасушалардың дұрыс емес бөлінуі. Мутациялар көбінесе үлкен жастағы адамдарда болады. Осыдан қорытындылай келе сүт безінің обыры үлкен жастағы науқастарда көбірек кездеседі. Бірақ бұл жас адамдарда кездеспейді деген сөз емес. Менің ең жас науқасым 15 жаста болған. Ал үлкен жастағы науқасым 94 жаста болған. Демек сүт безінің обыры кез келген жаста кездесе береді. Бірақ 40 жастан асқан науқастарда жиірек кездеседі.


–  Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуының себептері.

– Сүт безінің қатерлі ісігінің пайда болуының нақты себептері жоқ. Бірақ сүт безіне алып келетін себептерді екіге бөлеміз. Ол бақыланатын және бақыланбайтын себептер. Соның ішінде бақыланбайтыны сізге тиісті емес. Сіз оны ешқашан бақылай алмайсыз. Ол үлкен жастағы науқастарда көбірек кездеседі. Сіздің жасыңыз ұлғайған сайын сүт безінің пайда болу қатері сізде көбірек жағдай. Екіншісі генетикалық жағдай. Сіздің анаңызда, немесе туған әпкеңізде, анаңыздың туған әпкесінде, сіздің әжеңізде сүт безінің обыры болса, сізде сүт безінің обыры болуы мүмкін. Ол тек мүмкін. Бірақ ол 100%-ға емес. Үшіншісі кеуде қуысына сәулелі терапия емін алсаңыз. Оны рентген, компьютерлік томография, магнит деп шатастырмаңыз. Ол мысалы сізде өкпенің обыры болып, соған байланысты сәулелі терапия алсаңыз. Сол сәулелердің әсері сүт безіне де әсері болуы да мүмкін. Тағы бір себебі жас қыздардың етекірі 12 жасына дейін басталса, әйел адамдарда 55 жасына дейін тоқтаса, бұл да себептердің бірі болып табылады. Одан кейінгі себебіне жүктілік жатады. Егер алғашқы жүктілік кеш уақытта 30-35 немесе 40 жастан кейін болатын болса, ол сол себептердің бірі болып табылады. Қызық жағдай Азиаттарда, Латын Америкалық әйелдерде сүт безінің обыры жиі кездеспейді. Ал Еуропада көбірек кездеседі екен. Бұл бақылауға келмейтін жағдайлар. Ал бақылауға келетін жағдайларға ішімдік, темекі болып табылады. Салмақ тастау керек. Артық салмақтың да кері әсері болады. Бақылауға келетін жағдайларға науқастар немесе әйел адамдар өздерін саналы түрде емдеуге немесе диагностика жасауға бармауы. Және де физикалық қимылмен айналысу керек. Сол кезде сүт безінің обыры болмайды.


–  Сүт безі обыры қалай жіктеледі? Түрлері мен кезеңдеріне тоқтала кетсеңіз.

– Сүт безінің обыры арнайы кезеңдеріне байланысты жіктеледі. Оның арнайы сатылары бар. I, II, III, IV сатылары деп бөлінеді. Әр сатысының өзінің арнайы белгілері болады. І сатысында сүт безі өзін ешқандай байқатпайды. Тек зерттеу жасаған кезде байқаймыз. Обыр 2 см-ге дейінгі көлемде болады. ІІ сатысында обыр 2 см-ге дейін болып, қолтық астындағы лимфатүйіндері зақымданады. ІІІ сатысында обыр үлкен болады. Көлемі 5 см-ден асады. Және қолтық асты лимфа түйіндері зақымданады. Және терінің зақымдануы болуы мүмкін. Обыр үлкен болады. Қабыну белгісімен өтеді. Ал басқа сатысында метастаз береді.. Сүт безіне ем тағайындаған кезде осы арнайы сатыларына байланысты тағайындаймыз.



–  Сүт безінің төртінші сатысында болған кезде науқас қанша уақыт өмір сүреді?

– Науқасқа төртінші сатысы деген диагноз қойылған кезде, олар өмірден түңіліп, менде төртінші саты мен өмір сүрмеймін немесе маған аз уақыт қалды деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Мысалы, науқастың сүт безінде 2- см ісік бар. Және бауырына бір метастаз берді деп ойлайық. Ол төртінші сатысы. Бұл науқастың өмір сүру мүмкіндігі 95 %. Ол 5 жылдың ішінде метастаз бермей, науқас өмір сүруіне болады. Себебі біз сүт безіндегі обырды алып тастаймыз. Бауырдағы ісікті алып тастаймыз. Науқас сау деп есептелінеді. Бірақ біз төртінші стадияны қойдық. Енді екінші науқасты алайық. Солай 2-3 см көлемінде сүт безінде ісігі бар делік. Ал бас миында, бауырында, өкпесінде метастаздар бар. Бұл науқастың өмір сүру мүмкіндігі аздау. Себебі оның метастаздары көп. Метастаз дегеніміз бірінші негізгі ісік анасы бүкіл денеге балалап кетеді. Осы метастаз түсінігі болып табылады. Екінші науқасқа келер болсақ, өмір сүру мүмкіндігі аз. Сондықтан төртінші сатысы деген диагноз қойған кезде оны дәрігерден сұрау керек. Қандай ем қойылады? Өмір сүру мүмкіндігім қандай? Химиотерапия жасаса жазылып кете ме? Онкологияда 5 жыл, 3 жыл өмір сүру мүмкіндігі деген болжамдар бар. Сондықтан төртінші стадия деген диагноз сіздің өміріңізге ешқандай қауіп-қатер төндірмеуі керек. Оны нақты анықтап білу керек.


–  Ісіктің көлемі неше см-ге дейін болуы мүмкін?

– Өте үлкен ісіктер болады. Көлемі әр түрлі болады. Менде сүт безінің шіріп кеткен түрлері де кездескен. Науқастар оны қарамайды. Көбінесе ауыл-аймақ, шалғай елді-мекендерде тұратын науқастар өздерінің денсаулықтарына дұрыс көңіл бөлмейді. Және оларда онколог-маммолог дәрігерлері жетіспейді. Сондықтан оларды терапевт, хирург, гинеколог дәрігерлер қарайды. Онколог дәрігерлері аудан, облыс орталықтарында, үлкен қалаларда болады. Сондықтан науқастар қаншалықты тезірек емделуге барса, соншалықты тезірек жазылып кетеді.

–  Сұқбатыңызға рақмет!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көздерінен алынды

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: