Сұлтан Сраилов: "Мінезсіз адам ұлы өнерді тудыра алмайды!"

27 Наурыз 2014, 03:58

27 наурыз – Халықаралық театр күні!

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры, көркемдік жетекшісі Сраилов Сұлтан Оңғарұлымен "27 нарыз – Халықаралық театр күніне" орай әңгімелесіп қайттық.

 

– Сұлтан аға, сіз «Қаллеки» театрына басшылыққа келгеніңізге жарты жыл енді болады екен. Театрдың тыныс-тіршілігі жайында айтып өтсеңіз...

– Театрдың тыныс-тіршілігі қалыпты. Театр мен 5 ай бұрын  басшылыққа келмей тұрып-ақ та, 22 жыл бұрын да өзін дәлелдеген, өзінің жолын қалыптастырған, жұртшылыққа танылған театр. Өзіндік ерекшелігі бар, актерлік ансамблі бар. Ұлы режиссер Жақып Омаров қабырғасын көтеріп, халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов қалыптастырған театр өзінің қалыпты деңгейінде көрермендеріне өзіндік қолтаңбасы бар қойылымдарын ұсынып жүр. Театрымыз – республика көлемінде белді бет пердесі бар өнер ошағы. Аптаның дүйсенбісінен басқа күндердің бәрінде көрерменге жол тартып отыратын репертуары бар.

– Театр артистерінің жалақысы аз екендігін естіп те, көріп те жүрміз. Ал Қ. Қуанышбаев театрының өнер тарландарының жай-күйі қандай? 

– Театрдың әртістерінің жалақысы аз екенін өткенде үкіметтің алдында сол кездегі мәдениет және ақпарат  министрі Мұхтар Абрарұлы айтты.  Облыстағы басшыларға тікелей тапсырма берілді. Өйткені олардың барлығы облыстың қаражатымен қаржыландырылады. Бұл күнде өнер адамдары, оның ішінде театр әртістерінің жалақысы басқаша, олардан төмен. Қ.Қуанышбаев театрының «академиялық» деген мәртебесі бар. Еңбекті қорғау министрлігі бекіткен стандарттар  бойынша академиялық  статусы бар театр әртістері  басқа театр әртістеріне  қарағанда  жалақылары біршама жоғары. Бірақ ол айлық та бүгінгідей заманда керемет үлкен айлық емес. Мысалы, театр әртістері үлкен кеңселерде жұмыс жасайтын хатшылардан кем алатынын жасырудың қажеті жоқ. Біздің әртістер бесаспап. Дубляж да жасай алады, мұғалім де бола алады, киноға да түсе алады. Қаржы саласындағы мамандарға қарағанда   жалақысы төмен болғанымен, біздің театр еліміздегі жағдайы жақсы өнер ордасының бірі десем болады.

– Театрдың сахнасы да, ғимараты да кішігірім. Алдағы уақытта жаңа қонысқа көшу ойыңызда бар ма? 

– Театрдың  ғимараты да, сахнасы да талай-талай айтылды. Біраз газеттерде, мінберлерде айтылды. Кезегін күтіп тұрған келелі мәселенің бірі. Ол тек қана театр әртістерінің мақтанышы үшін ғана емес, ұлттың мақтанышы ретінде біздің ғимаратымыздың болғанын бәріміз де қалаймыз. Біздің мемлекет қонақжай республика ғой. Бізге келушілер де көп, қызығушылар да көп. Міне сол кезде, қасқайып тұрып жұрт алдына көрсеткенге не жетсін. Ол театр директорының, болмаса театр әртісінің деңгейінде шешілетін мәселе емес. Бұл үлкен астаналық, елордалық ғимараттың шешілуі. Ол жоғары жақтың шешімімен жүзеге асатын мәселе. Жақын арада шешілсе деген үмітіміз бар.

– Жақында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Еуропа елдеріне арнайы іс-сапармен барып  келіпсіз. Іс-сапардың мақсаты қандай?  Шетелге гастрольдік сапарларға жиі шығып тұрасыздар ма? Осы уақытқа дейін қандай елдерде болдыңыздар? Болашақта қандай елдерге баруды жоспарлап отырсыздар?                                                                                                                                                            – Біздің театрдың облыстағы театрлардан ерекшелігіміз – елордада орналасуымыз. Қанша дегенмен бастаудың басында отырғандықтан шетке де жиі шығып тұрамыз. Еуропа елдеріне Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, тікелей қаржыландыруымен барамыз. Оның ішінде Астана Мәдениет басқармасы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Ғалымқызы  Балаеваның бастамасымен, қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлының қолдауымен Мәдениет басқармасының бастығы  Болат Бауыржанұлының  жетекшілігімен Еуропаның 4-5 мемлекетін көріп қайттық. Бұл тек қана көріп қайту емес, өзіміздің шығармашылық жағынан  тәжірибе алмасуымыз. Бірқатарын атап өтер болсам, 200 жылдық тарихы бар  «Ла-Скала» театры, Берлиндегі «Пикала» театры, Франциядағы «Французский кремль» театрлары әлемді мойындатқан театрлар. Тәуелсіздігін бертінде алған мемлекеттегі театрлар тәжірибе алмасуға келісімдерін беріп, біздерді құшақ жая қарсы алады. Бізде жетіспейтін мамандар жарық режиссері, театр суретшілері. Пикала театры  осындай режиссерлеріңіз болса, тіл білсе, бізге жіберіңіздер, тәжірибе жүзінде үйретеміз деп бірден айтты.  Барлығы Қазақстанды керегесі кең, терезесі  тең мемлекет ретінде қабылдайтыны көңіл қуантарлық нәрсе. Одан кейін 30-наурызда Түркияға жол жүргелі отырмыз. Көркемдік кеңес мүшелерімен бірге үш адам Түркияға барамыз.  Өздерінің шақыртуымен, қаржы жағын Түркияның өздері көтеріп отыр. Үлкен театр фестиваліне қатысуды, көруді жоспарлап отырмыз. Осындағы режиссер Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» қойылымын олар көрген болатын. Ұсыныс жасап, енді осы қойылымды Түркия мемлекетінде түрік тілінде көрсетсек деген ойдамыз.  Келісім-шарт жасау үшін аттанамыз. Бұйыртса, ол да бір өзінің жемісті нәтижесін береді деген сенімдеміз. Сәуір айының 5-11 аралығында гастрольдік сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына 10 спектакль алып барамыз. Содан кейін бәрі дұрыс болып жатса, маусым айында Орынборға гастрольдік сапар жоспарлап отырмыз. Орынбор – қазақ халқы көп қала, ол жерде қазақ тілінде шығатын басылымдар да бар екен. Өткенде іс-сапармен барып, көріп, келісім-шарт жасап келдік. Ал келер жылы Қытайдағы қандастарымызға барсақ деген жоспарымыз бар. Одан кейін Ташкент, яғни қазақ диаспорасы көп жақтың бірі. Міне, осындай-осындай жоспарлар бар.

– Өнер адамдарының мінезі өзгеше болатыны белгілі. Олар жан дүниесі нәзік, тез өкпелегіш келеді. 60-қа жуық өнер адамдарымен жұмыс жасау сіз үшін қаншалықты қиын?

– Мінезі жоқ өнер адамынан  керемет өнер майталманы  тумайды. Ол егер тез сынғыш болса, тез иілгіш, майысқақ болса өзінің суреткерлік позициясын ұстауы қиын болады. Бізде жұмыс жасап жатқан барлық қызметкерлердің мінезінен гөрі, мені бәрінен бұрын олардың кәсіби деңгейі көбірек қызықтырады.  Солардың алдында басымды игізетіні – олардың өнері. Ал мінез адамның тумасынан бар. Мінезің жаман екен деп суреткерге қиянат жасау, менің ойымша, ол – жақсы басшының тірлігі емес. Сондықтан қандай мінез болғанда да, біріншіден ол халыққа мінезімен емес, сол сахнадағы өнерімен ұнайды. Бүкіл әлем білетін Чарльз Чаплиннің де мінезі жағымды болмаған. Бүкіл әлем мойындаған Шекспирдің де мінезі жібектей болмаған. Және қоластындағыларыңа «мінезің жібектей болсын» деп талап ету жақсы басшының тірлігі емес. Ол халыққа өнерімен керек, мінезімен емес. Ал мінезі оның үйінде, бала-шағасының, отбасының, жолдастарының арасында. Осы театрда 180-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ халыққа көрінетіні тек 50 адам. Сол 50 адамның арқасында біз театр болып отырмыз. Сондықтан сондай бір үлкен қиындық тудырады деп ойламаймын. Өзімнің де өнер саласында жүргеніме 20 жылдан асыпты. Сол себепті өнер адамдарының қаншалықты сезімге берілгіш болатынын, кейде баладай аңқылдап тұратынын мен өте жақсы білемін. Және қолымнан келгенше оларды сол қалпында көтермелеуге тырысамын. Бұл жағдай өмір бойы кеңседе жұмыс істеген шенеуніктер үшін қиындық туғызатын шығар.  Ал менің өнер адамдарына құрметім – лайықты қызмет атқару.

– Ісіңізге сәттілік және сіздің ұжымыңызды бүгінгі Халықаралық театр күнімен құттықтаймыз!

 

Айгүл ӨЗЕКОВА, Евразия  Ұлттық  Университетінің 1 курс студенті.

Бөлісу: