Сәбилерге арналған қолайлы жөргек нарыққа шықты

31 Тамыз 2022, 16:53 2626

«Толағай» маркалы келісімшарттық өндірістің Қазақстан нарығына шыққанына екі ай болған

Бүгінде балаларға ең қажетті дүниенің бірі – жөргек (памперс). Әсіресе, заманауи аналарға көмекші құрал деуге болады. Қазір қазақстандық нарықта сәбилерге арналған брендтік жөргектер өте көп. Бірақ олардың сапасы мен бағасы әрқашан ата-аналардың көңілінен шыға бермейді. Бүгінгі мақалада біз ерекше қажеттілігі бар сәбилерге арналған жөргекті ойлап тапқан кейіпкердің өндірісі жайында сөз қозғамақпыз.

Бұл кәсіптің иелері Нұрлан Иматаев және Назгүл Насиева есімді ерлі-зайыптылар Жамбыл облысында тұрады. 


«Толағай» маркалы келісімшарттық өндірістің Қазақстан нарығына шыққанына екі ай болған. Небары екі айдың ішінде жөргектің сапасы мен бағасы ата-аналардың да көңілінен шығып үлгеріпті. Ерлі-зайыптылардан бұл бизнесті ашу ойларына қалай келгенін сұрағанымызда өздері де ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың ата-анасы екенін айтты.

«Туғаннан бастап үздіксіз оңалтумен айналысамыз. Ерте емдеудің арқасында біз аяққа тұрдық. Оңалту кезінде 10-12 сағаттан артық бір реттік жөргектерге мұқтаж балалар өте жиі кездесті. Ерекше балалардың аналары жөргектердің сапасына жиі шағымданады, ал сапалы өнімдер өте қымбат. Бұл балалардың аналары қалай азап шеккенін көру бізге өте қиын болды. Өйткені, біз өзіміз осындай қиын жолдардан өттік. Оларға қандай да бір құралдармен көмектескіміз келді. Сондықтан қолжетімді бағамен премиум сапалы жөргектерді өндіруді шештік», - дейді кәсіп иелері.

Тауар белгісі Жамбыл облысында патенттелген. Құрамы, технологиясы, дизайн бренді бойынша жөргектерді әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткен.
Байқасаңыздар, мұқабасы да ерекше. Брэндтің атауы мен дизайны мемлекеттік тілде жазылған. Шетелдік брэндтерден ерекшелініп тұрады. Өнім 900 мл-ға дейін сұйықтықты сіңіріп, 8-12 сағат құрғақтықты қамтамасыз етеді.

«Жөргектердің әзірленген құрамы 100 пайыз биологиялық ыдырайтын шикізатқа, толығымен жапондық суперабсорбентке ие, бактерияға қарсы жабыны бар және өнімнің ешқандай иісі жоқ, бұл гипоаллергенділік сапасын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, мұндай мөлшерде сіңу ерекше балаларға өте қолайлы. Біз қолжетімді баға белгілеу үшін серіктестерімізбен баға ұсынысын пысықтауға тырысамыз», - дейді. 

Айта кетейік, өнім келесімшарт негізінде Қазақстан, Қытай, Жапонияда өндіріледі. Бүгінде өнім 1200-1500 теңгеден сатылуда. Бір орамада 10 дана бар.
Компанияның басты мақсаты – «Ерекше балаға ерекше қамқорлық» көрсету. Айтуынша, өнімнен түскен ақшаның 10 пайызы балаларды оңалтуға ерекше балалардың бірлескен аналар тобына жіберіледі.

Бұл бір жағынан ерекше баласы бар аналарға моральдық және қаражатпен көмектесуге үлкен мүмкіндіктің бірі екенін көреміз.
Ерлі-зайыптылар шағын кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сұраныстың өсуіне байланысты алдағы уақытта кәсіпті кеңейітпек ниетте екен.
«Әзірге 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өнімді өткізу және ілгерілету бойынша ең сұранысқа ие мамандар жұмыс жасауда. Болашақта әлеуметтік кәсіпкерлік ретінде қосымша тіркелгіміз келеді. Біздің компания мүгедектігі бар, ерекше балалары бар аналарды жұмысқа орналастыруға назар аударады. Бастысы тұтынушыларға сапалы, қауіпсіз жөргектерді ұсына отырып, олардың көңілінен шығу», - дейді Назгүл Насиева.
Кез келген бизнеске уақыт пен шыдамдылық, көп күш пен идея қажет деген Назгүл бұған дейін бірқатар жұмыстар атқарыпты. Алғашқы еңбек жолын 2010 жылы ҚР Қаржы министрлігінің біліктілікті арттыру орталығының сертификаттау жөніндегі комитетінің маманы ретінде бастаған екен. 2012-2014 жылдары комитеттің емтихан өткізу жүйесі бойынша жетекші маманы болған. 2014-2015 жылдары «Зерде» оқу орталығының емтихандық жүйе бойынша басқарма басшысы. ҚР Мәдениет Министрлігінің халықаралық жоба мүшесі. 2022 жылдан бастап «Толағай» брендінің (патент) негізін  қалаушы.

Аталған өнімді шығара отырып, отбасылық бизнеске айналдырған жеке кәсіп иелері қайырымдылық істерді жиі ұйымдастырып тұрады. Басында шамамен бір жыл бойы жөргектерді әзірлеу технологиясын зерттеген олар барлық талап-тілектерді ескеретін дайындаушы зауыт табу да оңай болмағанын айтады. Кейіпкердің ағылшын тілін білетіндігі өндірістің процесін жеңілдетуге көп септігін тигізген. Өнімнің сапасын жақсы жағынан көріп, көңілі толатын тұрақты тұтынушылар күн сайын артуда.      

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: