Кеңес үкіметінің кезеңінде Чехославакия экспортқа шығарылатын тұтыным тауарларының сапалылығымен тартымды болатын. «Шкода» чех автокөліктері бүгін де сұраныс нарығынан ығыса қоймады. Естеріңізде болса, кеңестіктер «Цебо» фирмасының етігін, қазір де бағасы төмендей қоймаған чех хрусталін іздеп жүріп алатын. Мұның айғағы ретінде, Қазақстан астанасының орталығында орын тепкен «Прага» дүкенінің тауарларының түрлілігі Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Рудольф Гиклдің өзін де таң қалдырмай қоймады. Жұмыс уақытының тығыздығына қарамай, Елші мырза біздің оқырмандарымыз үшін екі ел арасындағы экономикалық-әлеуметтік ынтымақтастық туралы әңгімелеп берді.
- Қазақстанда Чехия Республикасының елшілігі 1994 жылдың желтоқсан айында ашылды. Одан бері де ширек ғасыр өтті. Біздің елдегі қызметіңіз туралы баяндап берсеңіз?
- Елшілік қызметті үлкен абырой, сенім мен міндет деп білемін. Меніңше, біздің елдер арасындағы байланыс саяси жоғары деңгейде қалыптасып, дамуда. Екі ел Президенттері Қазақстанда, Чехияда өткен түрлі халықаралық шараларда кездесіп, сан алуан салалар бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізді. Сондай-ақ, үкімет басшыларының, Парламент депутаттарының да түрлі кездесулері өткізіліп, диалог алаңдары құрылған. Ең бастысы, екі елдің қарапайым тұрғындары арасындағы тұрмыстық, әлеуметтік байланыстың беріктігі деп ойлаймын.
Қазақстандықтар Чехияның курорттық аймақтарына, Прагаға жиі сапарлайды. Әсіресе, қазақ студенттері чех тілін үйренуде көп қиналмайтын секілді, себебі, олардың ішінде Чехияға білім алуға жолдама алушылардың қатары көп. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылы 1000 студентке виза бердік. Осы жылы студенттік виза алуға берілген өтінім саны 2,5 мыңнан асып жығылады. Туристер ағыны да жыл аралатып артып келеді. Өткен жылы Қазақстаннан Чехияға 17 мың турист саяхаттаса, осы жылы 23-24 мың адамға виза берілген. Бұл Чехияға жолға шығушылардың саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды. Бұған сауда-саттық көлемінің артуы да себеп болып отыр деп ойлаймын.
Біздің қызметіміздің өзі сауда-саттыққа қолдау көрсету болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 1 млрд доллардан асты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазақстаннан Чехияға экспортталатын тауардың негізгі бөлігі мұнай өнімдері.
Елшімен болған сұқбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыздар