Рудныйда құбыр желісіндегі апатқа байланысты 33 көпқабатты тұрғын үй мен 1 мектепке жылу беру тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазір тұрғындар электр жылытқыштарды қосып, үйлерін жылытып отыр. Апат Гагарин мен Шевченко көшелерінде болған.
"Рудный қаласы, Шевченко көшесі 116 мекенжайы бойынша орналасқан № 5 сорғы станциясының жұмысында ақау шықты. 13 жеке үй жылудан ажыратылды. Жылу құбырының диаметрі - 159. Сондай-ақ Гагарин көшесі 6 мекенжайында да ұқсас жағдай анықталды. Құбырдың диаметрі - 159. 33 бес қабатты үй мен бір мектеп жылудан ажыратылды", - делінген хабарламада.
Бүгін Рудныйда ауа температурасы -26 градусқа дейін төмендеген. Сондықтан бірінші және екінші ауысымдағы бастауыш сыныптар қашықтан оқуға көшірілді.