27 Тамыз 2014, 03:19
Дүние-мүлік жөнінен Қайрекеңнің байлығы ауыз толтырып айтарлықтай болған жоқ, кедей деуге де болады. Бірақ оның тіс жарып біреуден бір нəрсе сұраған кезін көрмедім. Өзінің ағасы Ыдырейістің ат арба жөндейтін ұстаханасында жұмыс істеп жүрді. Кейінгі жылдары машина ат арбаның орнын көбірек басқан сайын олардың ұстаханасына келушілер де сирей бастады. Сөйтіп, Қайрекеңнің шебер қолдары қара жұмысшы ретінде іске жұмсала басталды. Ол кішкентайынан Рақбай атаға қызығып өскен жан. Бұл жайтты өз аузынан талай рет естідім. Ол атаның өмірін дастан қылып маған айтып берген. Мен атам туралы басқалардан естісем де Қайрекеңнен көбірек əңгіме тыңдадым. Ол маған атамның өмірін ертегідей етіп айтып отыратын еді. Сол үшін де көрші болдық дейтін. Осындай мейірге, шынайылық пен адалдыққа толы риясыз көңілінің белгісі шығар, атам өлген соң да ол ешқашан біздің үйге келіп тұруды тоқтатқан жоқ. Əсіресе, мен Ираннан көшкенге дейін екеуіміздің сырласу сəттеріміз көп болып тұрды. Біздің түнгі сырласуларымыздан көршіміз Тойжан да тыс қалмайтын. Тойжан менен екі-үш жас үлкен, кішкентайынан техника, темір-терсекпен əуестеніп, нағыз техник болды. Жүргізушілікті үйреніп алып кəсіп етті. Қазақ күресінде жеңіл салмақта оның жауырынын ешкім жер иіскеттіре алмады. Достыққа адал, мəрт жігіт. Тойжан туралы аман болсақ, талай сыр шертеміз. Ондай жаны таза адамдар өзгелердің қазақ туралы ұғымын кеңейтеді. Заман өзгерді. Қазір уақыт жылдамдығына ілесеміз деп, адам мінезі өзгеріске ұшырады. Ал, ол кезде... Ең қызығы, Қайрекеңнің бір бөлмесінің бұрышында кейде төрт-бес адам жиналып, иық тіресіп отыратын едік. Сонда Таған Бибі жеңге-міз күндізгі күйбең тіршіліктен əбден қажыған күйінде кішкентайларымен тізіліп жатқан күйде тəтті ұйқыға кететін. Отырған біздерге қабағын да шытпай, кей-кейде басын көтеріп, «шəй ішкілеріңіз келе ме? Шəй қоя салайын ба?», – деп бір аунайды. Қайрекең де күлімдеп «қазақ шайды сұрап бермейді, сұрап бергенше, ұрып бер», – дейді, артынша қарқ-қарқ етіп күледі келіп. Қайрекең маған «сен оқы, жағдайың бар. Сосын саған қарап, қызығып, біздің балалар да оқитын болады. Біз оқымай қор болдық», – дейтіні бар-тұғын. Қайрекең өзі бастап көп сөйлеуді білмейді, ел-жұрттың той-садақасына қалмай барып, қатысып тұрады. Үндемей барып, үндемей үйге оралады. Қазақ болғасын бірімізге біріміз нағашы, жиен-шар, бөле, жезде, құрбы-құрдас, дос-жарандық жақындығымыз болатын, бір-бірімізбен қалжыңдасу, бір-бірімізге ішкі мейірімізді төгіп тұру дəстүріміз берік еді. Сол себепті, Қайрекеңді сөйлеткісі келетін адамдар да табылып тұратын. Сонда Қайрекең рахаттана күліп, жүзі жадырап қалатын еді. Жай күндері жабырқаулы, ойға беріліп, бір нүктеге қадала қарап отыратын. Сондай сəттерде жанына бара қалсам, есін жиып, қалыпты жағдайына келіп, əңгімесін бастауға біраз уақыт кететін, қайғырып отырғандай күйде болғанында мен оған «Аға! Сен де Асан қайғы болдың ғой» деймін. Сонда бұл Асан қайғы кім? Кімнен естідім? Қашан естідім? Білмеймін. Тек сөздің қисыны келіп тұрғасын айтатын едім. Асан қайғы нені қайғырды? Алла білсін, деп жүретінмін. Мен қазірге дейін көкейімдегі осы сұрақтарға жауап таба алмай жүргенім. Қайрекең қатты ойға шомылып, іштей қайғыратын жайы бар еді. Тұрақты жұмыстың жоқтығы, əлеуметтік жағдайының онша мəз болмауы əйел, бала-шағаның ертеңін ойлатпай қоймайды. Ол балаларының мінез-құлқынан, келешегінен маған көп айтып отырғанды ұнататынын сезетінмін. Балалары туралы менің пікірімді сұрап тұратын. Сол жылдары қазақтардың басты арманы балаларының оқып, адам болу жай-күйі көбірек тілге тиек болатын. Мені оныншы сыныптан кейін кəдімгі ақылман көріп, үлкендер біздің ойымызбен санасып тұратыны, біздерді де ертерек ержеткізді. Ұрпақты көбейту керек деген арман да сол жылдары Иран қазақтары көкейінде бас көтерді. Сол себепті, ол кездері жасы жиырмаға толмаған жігіттер бір-екі балаға əке болып жүретін əдет пайда болды.