Роман Склярдың талабымен «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры жұмысынан босатылды

11 Ақпан 2023, 14:17 1003

Склярға директордың жауабы ұнаған жоқ

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр "Павлодарэнерго" АҚ бас директорын жұмыстан шығаруды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
 
Екібастұзға жұмыс сапарымен барған Скляр "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесиннен қаланы жылыту, әсіресе, шеткі үйлерді жылумен қамтамасыз ету шаралары туралы сұрады. Лесин өз есебін ұсынды. Бірақ Склярға директордың жауабы ұнаған жоқ.
 
"Сіз айтып тұрған параметрлер халыққа ештеңе бермейді, оларға үйдің жылы болғаны керек. Жылу 65-66 градуспен шығып, қажетті гидравликалық режим болса, пәтерлерде қалыпты температураны ұстап отыруға болады. Мен оны нақты айта аламын. Сіз мен берген тапсырмаларды орындамақ түгіл мардымды жауап бере алмай тұрсыз ғой", – деді Роман Скляр.
 
Премьер-министрдің бірінші орынбасары бүгіннен қалдырмай, "Павлодарэнерго" АҚ акционерлерінен бас директорды қызметінен босатуды талап ететінін мәлімдеді. Артынан Скляр "ОАЭК" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Канмен телефон арқылы сөйлесті. Осы мәселе бойынша шешім шығарылды. "Павлодарэнерго"АҚ бас директоры жұмыстан кететін болды.
 
Скляр жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандарды аралап, бірнеше кездесу өткізеді.
EL.KZ
Бөлісу: