Роман Скляр СҚО-да су тасқыны бойынша жедел кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді

6 Сәуір, 22:00 882

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынына қарсы күресті тиімді үйлестіру үшін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол өңірдегі су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді. Өңірде су тасқыны бойынша күрделі жағдай қалыптасуда, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. 

Кеңесте СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерік Сарыбаев, «Қазгидромет» СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова және «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының директоры Ақылбек Қабылдин су тасқынының жағдайы туралы баяндама жасады. 

Облыста су тасқыны бойынша күрделі жағдай қалыптасуда. Су деңгейінің күрт көтерілуі критикалық деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Сәуірдің 5-інен бастап Сергеев су қоймасы толып, арнасынан асты. Петропавл қаласының маңындағы су деңгейінің алғашқы көтерілуі 6 күннен кейін басталып, ал су тасқынының шарықтау шегі сәуір айының аяғында болады деп күтілуде.

Роман Скляр су тасқынының келеңсіз сценарийін болдырмау үшін бар күш-жігерді салу керектігін атап өтті. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті көмекті көрсету бойынша кешенді шараларды қолға алу қажет. Көмектің тез арада және қағазбастылықсыз көрсетілгені маңызды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары облыс басшылығына тұрғындарды эвакуациялау пункттерін дайындауды, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, тұрғындар арасында тасқын кезіндегі ережелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар Роман Скляр қаптарды инертті материалмен толтыруды, егістіктерде еріген судың жиналуын үнемі бақылауды, күштер мен құралдардың тәулік бойы дайындығын қамтамасыз етуді, ықтимал су тасқынын жою үшін Сергеев, Шағалалы және Сілеті су қоймаларынан судың ағуына тәулік бойы мониторинг жүргізуді жүктеді.

Зарина Арман
Бөлісу: