«Ролан Гаррос» тарихындағы жаңа есім!

9 Маусым 2015, 06:32

Биыл үлкен теннисте өзгеше бояу, өзгеше өрнек бар.

Биыл үлкен теннисте өзгеше бояу, өзгеше өрнек бар.

Мәртебелі «Ролан Гарроста» биыл бірінші рет Рафаэль Надаль фаворит саналған жоқ. Тіпті жеребе бойынша оның жолы әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичпен финалға дейін  түйісетіні төтеннен қағылған дабыл болды.  Сондықтан, сербиялық теннисші «Үлкен дулығаның» барлығын түгендеп, Андреа Агасси, Роджер Федерер, Рафаэль Надаль сынды алыптардың қатарына қосылып, төрт құбыласы түгел спортшы ретінде тарихта қалады деп ойлаған едік. Жоғарыда аты аталғандардың ішінде Р.Надальдан басқасы «Ролан Гарросты» әупірімдеп жүріп жеңген спортшылар болатын (Андре Агасси 1999 ж., Роджер Федерер 2009 ж.).

«Ролан Гаррос» болашақта Рафаэль Надальдың атымен аталса еш таңғалмаңыз. Өйткені, 2005 жылдан бастап тоғыз рет жеңімпаз атанды. 2009 жылы алғаш рет Робин Содерлингке ұтылып, Роджер Федерерге үлкен жол ашып берді. Ал, сол жылы Надаль американдық спортшыға ұтылмағанда, Роджер Федерердің де спорттық карьерасында «Ахиллестің өкшесі» секілді "мықты болсаң, Ролан Гарросты неге жеңбедің?" осал тұсы болар еді.

Сонымен, 2015 жылғы «Ролан Гаррос» бізге қандай сый тартты, қандай жаңалық әкелді?

Финалда Новак Джокович (Сербия) пен Станислав Вавринка (Швейцария) кездесті. Әрине, Станислав Вавринка бұрын-соңды «Ролан Гарростың» финалы тұрмақ, ширек финалына да жолап көрмеген. «Роллан Гарросты» испандық Рафаэль Надаль жеңбеген жылы шейцариялық теннисші (Роджер Федерер) ұтқанын айттық. Сол сценарий қайталанды ма? «Ролан Гарроста» Надальды тоқтатқан адам жеңіліс табатыны тағы бар. Сәйкестік пе, кездейсоқтық па?!

Новак Джоковия пен Станислав Вавринка бұған дейін 20 рет кездесіпті (әртүрлі турнирлерде). Есеп – 17:3. Оның үстіне Новак Джокович жасы кіші болса да талай финалды көрген, тәжірибелі теннисші. Вавринкаға келетін болсақ, 2014 жылы «Australian Open» турнирін ұтқанда мәртебелі жарыста бірінші рет финалға шыққан болатын. Сондықтан, теннис сарапшылары алдын-ала жеңісті Новак Джоковичке берді. Бірақ, Новактың жартылай финалды Энди Марреймен екі күн ойнап, үшінші күні кортқа шаршап шыққанына ешкім мән берген жоқ. Серб теннисшісі барлық күшін Надаль мен Маррейге жұмсап, финалға күш сақтай алмады.

Сонымен «Ролан Гаррос» тарихында жаңа есім пайда болды. Ол – Станислав Вавринка. Вавринка үшін жетпейтіні «US Open» мен «Уимблдон» ғана. Ал, әлемдік рейтинг бойынша төртінші орынға көтерілген теннисші алдағы уақытта дәл сол турнирлерге дайындығын күшейтетін болады. Ал, Новак Джоковичке келетін болсақ, үш рет финалға шығып, үшеуінде де жеңілген «Ролан Гарросқа» келер жылы қайта үлкен дайындықпен келеді деп сенеміз. Новак Джокович дәл қазір әлемнің үздік теннисшісі саналады. Мәртебелі төрт жарысты да қанжығасына байлауға мүмкіндігі жоғары спортшы.  

Ал, қыздар арасында жеңімпаз әдеттегідей Серена Уильямс. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: