Өркен Кенжебек: "Қазір киоскіден барып, газет алып оқымаймын"

16 Қазан 2014, 11:01

Jaqsy.kz Ұлттық порталының авторы, «Казнет»-тің ең белсенді блогерлерінің бірі, Өркен Кенжебек ағамыздан бүгінгі қазақ интернет-журналистикасы жайлы пікір алсақ деп шештік.

Jaqsy.kz Ұлттық порталының авторы, «Казнет»-тің ең белсенді блогерлерінің бірі, Өркен Кенжебек ағамыздан бүгінгі қазақ интернет-журналистикасы жайлы пікір алсақ деп шештік. Сұхбатымызды ұсынамыз:

Өркен аға, өзіңіз жайлы тоқталып өтсеңіз, қанша уақыттан бері интернетті блогерлік немесе журнализм үшін белсенді қолдана бастадыңыз? Алғашқыда алға қойған мақсатыңыз қандай болды?

- Өзім жайлы айтар көп дүние жоқ. 1985 жылы, Жамбыл облысы, Талас ауданында туғанмын, 8 жылдай информатика пәнін қазып оқығанмен, журналистикаға кетіп қалған жанмын деп жалғастыра берейін бе? Радиодан басқа журналистиканың бар түрінде өзімді көріппін. Қазір «Хабар» арнасындағы Арнайы жобалар қызметіндемін. Ермегім ретінде «Жақсы» порталын жетекке алғанмын.

Интернетті сонау студенттік кезден мақсатсыз-мақсатты қолданып келдік емес пе, бірақ нақты журналистік мақсат үшін интернетті пайдалануым 2009 жылы «Mail.ru»-дан пошта ашуымнан басталды. Себебі, Айдос Сарым, Дәурен Қуат ағаларымызға қолқанат болып, Абай ақпараттық порталын ашуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр еді... Содан бастап, интернетпен шын көңілмен айналыса бастадым. «Жас қазақта» қызметтес болған Асхат Еркімбайдың ықпалымен 2010 жылы блог ашып тындым. Содан бері блогосфераның ішіндемін. Бір-бір жарым жыл сыртына да шығып кеттім. Бірақ осы жылдар ішінде әлеуметтік желіден еш алыстаған емеспін.

Ал әу бастағы мақсатым қазіргі мақсатыма дейін сан құбылды. Басында бұл әлем (интернет, блог) маған қызық көрінді, құпиясын білуге тырыстым, сосын осы арқылы атымды шығарып, керемет блогер болсам деп көсілдім, кейін ол да қалып, мені оқитын, тыңдайтын, көретін ағайынды ақпаратпен қамтып, жақсыға шақырып, жаманнан тисам деген мақсатқа бекідім.

Блогерлерден немесе мультимедиялық журналистерден кімді айта өтер едіңіз, кімнің қандай қасиеті (мүмкін жазу стилі, жазатын тақырыптары) оқырмандарын қатты тартады?

 - Өте қиын сұрақ (күліп). Бәрі өз деңгейінде, өз шыңында жақсы. Бөле жарып біреуін айтсам, ертең екіншісі сәлем бермей кетуі мүмкін. Бірақ, Асхат Еркімбайды айтпасам болмайды. Ол – осы салаға атын шығару, пиар жасау, ақша табу үшін емес, қазақ жастарына жаңа лепті сездіріп, технологияға қолдарын жеткізуді мақсат тұтқан нағыз ағартушы. Ақтауда тұрса да, елдің деңгейінде жұмыс істеп, түні бойы көз ілмей, қазақ IT саласын дамытамын деп кітаптарды аударып, журнал шығарып, Фэйсбукте елмен қырылысып жүрген Тимур Бектұрды қалай айтпайсың?! Аршат Ораздың қазақ контентін жасаудағы қайраткерлігін, Нұрғиса Асылбектің қарапайым комментарий жазудың үлгісін көрсетуі, Бекжан Толыбай мен Ерлан Оспанның интернетте келелі ой түюге шақыруын айтса болады. Нұрберген Мақым мен Асқар Базарбайдың жазу стилі, Абзал Сариевтің безендіруі, Айнұр Рақыш пен Эльвира Ерғалинаның ізденімпаздығы, Ардабек Солдатбайдың шапшаңдығы, Жалғас Ертайдың қыңырлығы... бәрі-бәрі ұнайды.

- Өзіңіздің блогерлықта ұстанатын қағидаларыңыз бар ма?

 - Пост қысқа болуы керек, оның ішінде гиперсілтеме қойылуы керек деген сияқты талаптар әркімде әрқалай өріле береді. Ол енді детальдер. Ал жалпы интернетте, әлеуметтік желіде мен ұстанар принциптер бар болғаны екеу. Біріншісі, екіжүзді болмау. Адам осы реалда қандай, виртуалда да сондай болуы керек. «Мен мына өмірде осындаймын, ал интернетте ойыма не келсе, соны жазам, ондағы мен - мен емес» деген  ұстанымды нағыз аярлық деп білемін. Екіншіден, интернетте айтқан сөзің мен жазуыңа толық жауап беруің керек. Себебі, бұл майдан алаңы. Сіздің қағыс сөзіңіз қаңғыбас оқ сияқты – біреудің басын жұлмай қоймайды немесе рикошет жасап өзіңізге қайта оралады.

- Сіз үшін электронды БАҚ пен дәстүрлі БАҚ-тың қандай айырмашылықтары бар?

- Электронды БАҚ пен дәстүрлі БАҚ-тың айырмашылығы тек форматында. Қағаз немесе монитор. Теледидар немесе монитор. Радио немесе монитор. Қайсысын қалайсыз? Болды. Әрине, болған жоқ. Электронды БАҚ-тың ұтып тұрғаны сол – бір ғана монитордан радионы да тыңдап, ТВ-ны да көріп, газетті де оқи аласыз. Қазір тіпті ұялы телефоныңыздан. Демек, бүкіл әлем сіздің саусағыңыздың ұшында. Тура мағынасында. Әрі ақпарат тез келеді, қалағанын таңдап оқисыз, бұдан артық не керек? Бұл заманның жеңілдігі. Мүмкіндігі. Ал мүмкіндікті пайдалану керек.

 - Жақсы блогер немесе медиа-журналист болу үшін қандай қасиеттер керек?

 - Алдымен нені жазбау керектігін біліп алу керек. Содан кейін барып одан тыс кез келген нәрсені жаза берсеңіз болады (күліп). Жаза бергенде де, стиліңіз бен тақырыбыңызды сайлап алған жөн. Қысқасы, жазғыш көп-ақ, бірақ жақсы блогер не медиа-журналист бәрібір аз. Неге? Себебі, Алла тағала берген түйсік деген қасиет болады. Мысалы, қай ақпаратты постқа айналдыру керек екенін сезіну. Болмаса, келер аптада өзекті болар оқиғаны алдын ала біліп, соған қарекеттену. Бұл енді біреуде болады, ал біреуде болмайды. Қалғанын бәрін еңбек пен тәжірибе арқылы қалыптасырып алуға болады.

 - Жаңа медиа туралы трендтерді бақылап отырасыз ба?

 - Соншалықты шұқшиып қадағаламайды екенмін. Бірақ, жаңа медиадағы өзгерістерге тезірек бейімделіп отыруға тырысамын.

 - Шетелде халық жаңалықты көбіне онлайн БАҚ-тардан оқиды, қалай ойлайсыз, болашақта біз де осындай нәтижеге келуіміз мүмкін бе?

 - Келеміз. Бұйырса. Себебі, жаһандану. Себебі, технология қазір әлемнің әр түкпіріне тез таралып жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын Жұлдыз Әбділда әпкем «киоскіден барып, газет алып оқымаймын» дегенде түсінбегенмін. Тіпті ренжігенмін. Қазір өзім сол күйдемін. Бәрін интернеттен қараймыз. Бұдан қорқудың да қажеті жоқ. Бұл да келеді. Сосын орнына кейін басқа дүние шығады. Зауал....           

Бөлісу: