Риддердегі жылудың жыры осымен біте ме?

5 Қазан, 16:34 390

Үкіметтен бөлінген миллиардтаған қаржыға Риддер жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Соған қарамастан қыркүйектің соңын ала қалаға жылу беріліп қойды. Кейінгі бірнеше жыл мұғдарында апатпен арпалысып келе жатқан жылу орталығы биыл қаһарлы қысқа сақадай-сай дайын болады деп сендіріп отыр мамандар.

Жекешелендірудің зардабы

Батыс Алтайдың баурайынадағы 50 мыңнан астам халқы бар кеншілер шаһарына жылу беріп тұрған Риддер ЖЭО жергілікті маңыздағы стратегиялық нысандар қатарынан саналады. Оның тарихы өткен ғасырдың ортасынан, дәлірек айтқанда 1956 жылы алғаш рет Лениногор ЖЭО іске қосылған кезден басталады. 1971 жылы нысан толық қуатпен жұмыс істей бастайды. Кеңес заманында жылу орталығы «Алтайэнерго» басқармасының құрамына енген. Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген жекешелендіру кезінде еліміздегі алты электр станциясы: Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, Семей ЖЭО, Өскемен ГЭС, Шүлбі ГЭС және Лениногор ЖЭО америкалық AES Suntree энергетикалық корпорациясының иелігіне өтеді. Ал 2002 жылы Лениногор қаласының атауы Риддер болып өзгеріп, жергілікті жылу станциясы да солай аталады. Осы жылдың қараша айында AES Suntree корпорациясы «Риддер ЖЭО» АҚ-ны екі америкалық компания Maverick Development Corp (85% акциясы) және LEMO Investments Limited-ке (15% акциясы) береді. Ал 2018 жылы стратегиялық нысан «GREEN ENERGY Q» ЖШС-ның иелігіне өтеді. Орталықтағы проблемалар да осы кезден басталды.

2021 жылы жылу станциясы ұжымы кәсіпорынға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтып дүркін-дүркін дабыл қағып, құзырлы органдарға хат жолдайды.

Іс жүзінде 2018 жылдан бері мердігер ұйымдарды жалдап, Риддер ЖЭО-ның энергетикалық жабдықтары мен жылу желілеріне толыққанды күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Тек әдеттегі жөндеу жұмыстарымен шектеліп, жылу желілерін кәсіпорын қызметкерлері өз күшімен ішінара ауыстырды. Егер апат болған жағдайда ЖЭО-ның жұмысы тоқтап қалып, қаладағы жылу энергиясын тұтынушылардың барлығы зардап шегу қаупі бар6 деп жазды хатта.

Сондай-ақ олар кәсіби мамандардың жұмыстан кетуін, еңбекақының мардымсыздығын, кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың әбден ескіргендігін баяндап, билік өкілдерінен қордаланған мәселелерді шешіп беруін сұрады. Алайда еңбек ұжымының хаты жауапсыз қалады.   

Бір қызығы 2020 жылы «Риддер ЖЭО» АҚ еліміздегі шаруашылық субъектілерінің қызметіне жүргізілген рейтингтік талдау нәтижесінде «Сала үздігі 2020» тәуелсіз бизнес-наградаға ие болған. Ұжымдық хатта жазылғандай «2018 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, құрал-жабдықтары тозған, еңбекақысы төмен, білікті мамандары қызметтен кетіп жатқан кәсіпорынға бұл марапат не үшін берілді?» деген заңды сұрақ туады.

Қыстың көзі қырауда бүкіл қала жылусыз қалды

Көп ұзамай «үздік» саналған риддерлік кәсіпорынның жағдайы жалпақ жұртқа айпарадай белгілі болады. Ұзақ жылдар қордаланған проблемалардың соңы апатқа әкеліп соғып, қыстың көзі қырауда бүкіл қала жылусыз қалады. Бұл 2022 жылдың қарашасы еді.

Негізі, кәсіпорындағы алғашқы төтенше жағдай 2022 жылдың 25 қазан күні болған. Ресми ақпарат көздері, қазандықтарға сумен араласқан сапасыз мазут беріліп, соның салдарынан тозып тұрған қондырғылар істен шықты деп мәлімдеген. Апатқа байланысты прокуратура тергеу амалдарын жүргізген, бірақ істің немен аяқталғаны хабарланған жоқ.

Арада екі апта өтпей қазандықтардың күл шығару жүйесінде ақау болып, қосалқы агрегаттар істен шығады. Қарашаның қара суығында бүкіл қала жылусыз қалады. Жылу тасымалдаушыдағы температура +39 градусқа дейін құлайды. Жоспар бойынша +70 градустан кем болмауы керек-тін.

Жергілікті билік техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап, апаттың салдарын жоюға жан-жақтан күш жұмылдырылады. Бірақ мәселе мұнымен шешіле қойса қане. Жылу станциясындағы қазандықтардың кезекпен істен шығу жалғаса береді. Тиісті органдар апаттың себеп-салдарын анықтауға кіріседі. Тексерулер нәтижесінде еңбек ұжымы жазған хаттағы деректер расталып, облыстық прокуратура кәсіпорында 2018 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегені анықталды. Оның ішінде 240-тан астам бұзушылықты тіркеп, 550 млн теңге көлеміндегі қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын әшкереледі. «Риддер ЖЭО» АҚ-ға 11 млн-нан астам теңге мөлшерінде айыппұл салынып, тұтынушыларға жылумен қамту қызметін жеткілікті деңгейде алмағаны үшін өтемақы ретінде 63,3 млн теңге қайтарылды.   

Облыс басшылығы да апатты жағдайларға жылу орталығының меншік иесі кінәлі деп айыптады. Энергетика саласының мамандары Риддер ЖЭО-ның қазандықтары әбден тозғанын, олардың орнына жаңасын салу қажеттігін ескертті. Ал жергілікті тұрғындар жылу мәселесі қалада бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын, қыс келсе үйлері салқындап кететінін айтты. Қала әкімдігі үйлерді жылыту маусымына алдын ала дайындамайтын тұрғындардың өзі кінәлі деген уәжі алға тартты. Тараптар дай-дай болып дауласып, «кім кінәліні?» анықтап жатқанда әупірімдеп әрең жұмыс істеп тұрған жылу орталығы тағы да тоқтап қалды.

Жалпы, 2023 жылдың алғашқы айларында кәсіпорында тағы бірнеше төтенше жағдай болды. Дәл осы жылдың қаңтарында Риддер жылу электр орталығы RNGK деген компанияның иелігіне өтті. Меншік иесінің ауысуы күрмеуі қиын күрделі проблеманы шешуге көмектеспеді.

2023 жылы 27 ақпанға қараған түні бір мезетте №1 және №2 қазандықтар апатты жағдайда тоқтаса, 21 наурызда екі қазандықта өрт шықты. Екі күннен кейін №6 қазандықта жарылыс болып, 80 шаршы метр аумақты алып тұрған қоршау құрылыстар қирады. Қалған қазандықтарда апат салдарын жою үшін жылу орталығындағы температураны екі есеге дейін төмендетті. Риддерліктер тағы да суық үйде дірдектеп отыруға мәжбүр болды.

2023 жылдың сәуір айында жылу қазандықтарының тағы біреуі істен шығып, халық шулады.

Жылу қазандықтары бірінен соң бірі істен шығып, қала жұрты суық үйде қалтырап отырғанда Риддер ЖЭО-да инвесторлар бірінен соң бірі ауысып жатты. Жаңа қожайындар тозығы жеткен кәсіпорынды тығырықтан алып шыға алмай қиналды. Облыс әкімдігі 2023 жылдың маусым айында Риддер ЖЭО-ның қарызы 3,3 млрд теңге десе, бір ай өткенде Энергетика министрлігі берешек сомасын 5,5 млрд теңге мөлшерінде деп мәлімдеді. Осы қарыздың бәрін кәсіпорынның жаңа қожайыны болып бекітілген «АТРИКС-СТРОЙ» құрылыс компаниясының басшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев жабуға уәде берген және тұрғындармен кездесуде ол берешектің көп бөлігі өтелгенін айтты. Қалтасынан қыруар ақша шығарып, қарызды қайтарған депутат ақыры жылу орталығын мемлекетке 1 теңгеге сатып кете барады. Неге 1 теңге? Мұны энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев былай деп түсіндірді: «Риддер ЖЭО-ны қалпына келтіруге үкімет резервінен қомақты қаражат бөлінді, сөйтіп орталық мемлекетке қарыз болып қалды. Сондықтан меншік иесі барлық міндеттемелерді жабу үшін кәсіпорынды мемлекетке 1 теңгеге сатты».

Иә, қайта-қайта тоқтай беретін көне нысанды жөндеу үшін мемлекеттен аз қаражат жұмсалмағанын айта кеткен дұрыс. Ресми ақпаратқа жүгінсек, апаттан көз ашпаған екі жылға жуық уақыт ішінде үкіметтің резервінен 10,7 млрд теңге жұмсалыпты.  

2023 жылдың 15 қыркүйегінде «Риддер ЖЭО» АҚ-ның бас директоры мен «Водоканал» ШЖҚ КМК арасында сенімгерлік басқару жөнінде келісім жасалады. Келісімге сәйкес жылу орталығын басқару және оған иелік ету құқығы «Водоканал» коммуналдық кәсіпорнына беріледі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Риддер ЖЭО-ның бұрынғы қожайындары мемлекетке 5,5 млрд теңге төлеген. Сөйте тұра тергеу деректерінде кәсіпорынның бұрынғы басшысы мемлекетке 4,1 млрд теңге шығын келтірді деп көрсетілген.

2018-2022 жылдары Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызметтер көрсету, қазандықтарды, жылу желілері мен турбогенераторларды күрделі жөндеу бойынша жұмыстар атқарылды деп жалған келісімшарттар жасаған, өкілетті органға жалған есеп ұсынған, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.  

Бұл заңсыздақтарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Алайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды ма, жоқ па ол жағы беймәлім.

Үкімет қыруар қаржы бөлді

Тозған жылу электр орталығына күрделі жөндеу жүргізіп, ескірген желілерді жаңарту үшін қомақты қаржы қажет. Ондай басы артық қаржы облыс бюджетінен табыла қоймасы анық. Өңір басшылығы үкіметке шығып, кәсіпорынды жаңғырту жоспарын ұсынды. Жоспарда Риддердегі жылумен қамту нысандарын жөндеуге 12,3 млрд теңге, оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеуге 10,3 млрд теңге, жылу желілерін ауыстыруға 1,2 млрд теңге, қазандықтарды жөндеуге 753 млн теңге қажет делінген.

2023 жылдың қыркүйек айында үкімет 2024-2027 жылдарға арналған моноқалаларды дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Бір қызығы кешенді жоспарда жылу электр орталығын жаңғырту жөнінде ештеңе айтылмаған. Дегенмен жылу желілерінің тозуын қазіргі жағдайдағы 75%-дан 2027 жылға қарай 69%-ға дейін төмендету міндеті қойылған.

Моноқалалардың проблемасын шешу үшін, оның ішінде Риддер ЖЭО-ның қазандық агрегаттарын, жылу беру галереясын және аспирация жүйесін күрделі жөндеуге, сондай-ақ қаладағы жылу желілерін ауыстыруға үкімет былтыр шілде айында өзінің резервінен 8,4 млрд теңге бөледі. Оның үстіне облыс әкімдігі 500 млн теңге бөледі.

Алайда 2023 жылдың желтоқсан айында, Алтайдың қырық градустық аязында кеншілер шаһары тағы да жылусыз қалады. Тұрғындар пәтерлері суып кеткенін айтып әлеуметтік желіде шағымданады, түрлі бейнежазбалар жариялайды. Халықтың арыз-шағымынан кейін арнайы комиссия тұрғын үйлерді аралап, жағдаймен жақын танысады. Тексеруден соң комиссия «бәріне тұрғындар өзі кінәлі, үйерін жылыту маусымына алдын ала дайындамаған, есік-терезелер жылыланбаған, үйдегі жылу батареялары жуылмаған, қырық жылғы қақ тұрып қалған» деген қорытындыға келеді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр Риддер ЖЭО-да электр сымдары жаңартылып, орталыққа мазут пен көмір жеткізетін темір жол жөнделген, 2,3 км магистральді желі жаңартылып, 4,6 км жаңа линия тартылған, қазандықтар, жылытқыштар мен турбогенераторлар жөнделген.

Былтыр сәуірде үкімет өзінің резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жүргізуге 16 млрд теңге бөлгенін хабарлады. Осының 4,9 млрд теңгесі Риддер ЖЭО-ның инфрақұрылымы мен технологиялық қондырғыларын күрделі жөндеуге қарастырылған.

Арада бір ай өткенде премьер-министр Олжас Бектенов Риддердің жылу желісін жаңғыртуға үкімет резервінен қосымша қаражат бөлінетінін мәлім етті. Үкіметтегілер былтыр жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жылу орталығындағы құрал-жабдықтардың тозуы 78%-ға дейін азайғанын және бұл жұмыстар тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға әлі де жеткіліксіз екенін айтты.

Жалпы, өткен жылыту маусымында Риддердегі жылумен қамту кәсіпорнында 25 технологиялық бұзушылық тіркелген. Жөндеу жұмысының маңызын ескеркен үкімет Риддердегі «Водоканал» коммуналды кәсіпорнының жылу желілерін күрделі жөндеуге өзінің қорынан тағы 2,4 млрд теңге бөлді.

Сөйтіп үкімет бөлген миллиардтаған қаржыға былтыр аяқталмай қалған жұмыстардың біразы атқарылды. Атап айтсақ, жылу орталығының қазандық агрегаттарына, турбогенераторларға, қосалқы қондырғыларға күрделі жөндеу жүргізілді.

Қоғам белсендісі, журналист Денис Данилевский үкіметтен қисапсыз қаржы бөліп, жөндеу жүргізген Риддер жылу орталығы аяққа нық тұрған соң жекеменшікке қайтадан берілмей ме деген сауал тастайды.

 Риддер ЖЭО-ны мемлекет иелігіне алып, бюджеттен қыруар ақша бөліп жөндеген соң қайтадан жекешелендіріп жібермей ме? Ондай мысалдар бар ғой. Мәселен, Өскемен қаласының Трамвай паркін мемлекет меншігіне алды, қазір оның жолын, желісін толық қарқынды жөндеп жатыр. Тіпті жаңа трамвайлар да сатып алынды. Ал осы кәсіпорын 2025 жылдың жекешендіру жоспарына енгізілген. Бұл да сондай болып жүрмесін, – дейді Денис Данилевский.

Қазандықтар қатарға қосылып жатыр

Қыркүйектің соңында Риддерде жылыту маусымы басталды. Дегенмен қаланы жылумен қамтып тұрған жалғыз кәсіпорында жөндеу жұмыстары әлі тиянақталған жоқ. Қазір екі қазандық тұтынушыларды қажетті мөлшердегі жылумен қамтамасыз етіп тұр, тағы екеуі 10 қазанда қатарға қосылады.

Қазанның 10-11-і күндері жылу орталығында төрт қазандық сақадай-сай тұрады. Яғни, қалыпты жағдайда екі қазандық жұмыс істесе, екі қазандық резервте тұрады. Ал 10 қарашаға дейін екі үлкен – №4 және №5-ші қазандықтар жөнделіп бітеді. Жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жылу орталығында қажетті мөлшерде көмір мен мазуттың қоры бар, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Басқарма басшысы жаз бойы қалада жалпы ұзындығы 19 км болатын жылу желілері ауыстырғанын тілге тиек етті.

Осы жұмыстардың арқасында қазандықтардың істен шығуы азайды, мәселен 2022-2023 жылыту маусымында қазандықтар 84 рет тоқтаса, былтыр бес рет тоқтады. Ең бастысы – тұтынушыларға қажетті жылуды жеткізу, температураны төмендетпеу. Осы уақыт аралығында ауқымды жұмыстар атқарылды, соның нәтижесінде алдағы жылыту маусымын шаттық режимде өткізуге мүмкіндік туып отыр, – деп қосты Нұрлан Рамазанов.

Бұдан бөлек жылу орталығында туындаған кадр тапшылығы мәселесі де шешімін тауып жатқанын айтты шенеунік. Төтенше жағдайлар болған кезде кәсіпорында бар-жоғы 115 адам еңбек етсе, қазір олардың саны 240 адамға жеткен.

Қазір Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары екі ауысыммен қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Қаланың шағын аудандарына тартылған жылу желілері жаңартылған. Алайда риддерлік қоғам белсендісі Назар Асаинов ресми ақпаратта көрсетілген жұмыстармен келіспейтінін айтты.

Жылуға келсек, иә, қалаға жылу берілді. Жалпы, биыл Риддерде 19 км-дей жылу желілері ауыстырылады делінген. Бірақ менің есептеуімше одан аз. Жаңартылды деген желілерді жаяу жүріп қарап, есептеп шықтым, 19 км болмайды және ауыстырған құбырларының диаметрі, қалыңдығы да күмән туғызады. Тиісті орындар мұны қадағалап, мемлекет ақшасының дұрыс жұмсалуын бақылауы керек. Облыстың, қаланың басшылығы үлкен шаруа атқарылды деп отыр ғой, асықпайық, жұмыстың нәтижесін алдағы қыста көреміз, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, Риддер ЖЭО кейінгі бес жылда бірінші рет биылғы жылыту маусымын резервтегі екі қазандықпен бастады. Кәсіпорында цифрлық жүйе қосылып, қашықтан басқаруды жолға қойып жатыр. Ал жылыту маусымына барлығы 250 тонна көмір сатып алынбақ.

Қазір станцияда 7100 тонна көмір жатыр. Бұл шамамен 20 күнге жетеді. Мазуттан 148 тонна бар, тағы 180 тонна жеткізіледі. Суық кезде төрт қазандық агрегаты жұмыс істейді. Ал екі қазандық резервте болады. Бізді алаңдататын жылу желілерінің жағдайы. Сондықтан 19 км желі ауыстырылды. Соның арқасында қазір қаладағы тұрғын үйлерде температура +20 градусты көрсетіп тұр. Жылу орталығы әзірге толық күшінде істеп тұрған жоқ. – деп түсіндірді кәсіпорынның бас инженері Кирилл Голота.

Риддер әкімдігінің хабарлауынша, жөнде жұмыстарына байланысты жаз кезінде ұзақ уақыт қалада ыстық су болмаған. Тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қарады дейді жергілікті билік. 

Алдымен ыстық су берілді, содан кейін жылу. Қаладағы екінші және төртінші шағын аудандар Тишинск қазандығына қосылған. Оларға да жуықта ыстық су мен жылу берілді. Алдағы жылыту маусымына дайындыққа 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оған жылу орталығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кейінгі бірнеше жылда алғаш рет облыстың шалғай ауданында осылай жылу орталығына жөндеу жүргізіліп отыр, – деді қала әкімі Думан Рахметқалиев.

Сонымен неше жылға созылған Риддердегі жылудың жырына нүкте қойыла ма? Бұл сұрақтың жауабын, сондай-ақ үкімет резервінен бөлінген миллиардтаған қаражатқа атқарылған жұмыстың нәтижесін алдағы қыста білетін боламыз. Қазақта «қамданған қапы қалмайды» деген сөз бар. Ендеше ерте қамданғанның есесі кетпесін дейік.

Қуан Сейіт
Бөлісу: