Риддерде салынатын екі мектептің біреуі қазақ балаларына бұйыра ма?

11 Наурыз, 13:10 792

Риддер шәрінде биыл екі жаңа мектеп салынады. Оның бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы бой көтерсе, екіншісін «Казцинк» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салып береді. Қазір «шаңырақтық» ата-аналарды мазалайтын бір ғана сұрақ бар, ол – осы екі жаңа ғимараттың бірі қазақ мектебіне бұйыра ма?

«Шаңырақтық» деп отырған себебіміз, 60 мыңдай халқы бар кеншілер шаһарында тұңғыш және әзірге жалғыз қазақ мектебі «Шаңырақ» атауымен 1996 жылы ашылған. Сол кезде жергілікті қазақтардың қуанғанын көрсеңіз. Тіпті ғимаратының өткен ғасырдың орта шенінде салынған ескі, тар, жұпыны екендігіне де қараған жоқ. Өйткені, өзге ұлттың өкілдері басым қалада мемлекеттік тілде оқытатын білім ұясының ашылуы шынымен де тарихи оқиға болды. Уақыт өте Риддерде ауылдан көшіп келген ағайындардың есебінен қазақтардың үлесі артып, жаңа ғасырдың басында демографиялық ахуалдың да беті бері қараған. Қарадомалақтардың қатары көбейді. Ал кеңес дәуірінен мұраға қалған «Шаңырақтың» ғимараты қанша жерден жөндеп, сылап-сипағанмен қабырғасына сызат түсіп, төбесінен су тамшылап, едені дым тартып кетеуі кете берді.   

Апаттық жағдайда тұрған бұл мектептің мәселесі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында былтыр көп жазылды. Артынша «Шаңырақ» күрделі жөндеуге жабылып, оқушылар жаңадан салынған №11 мектептің ғимаратына уақытша орналастырылды.

Бұл мектептің ғимаратына тексеру осыдан жиырма шақты жыл бұрын жүргізіліп, сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Ол кезде мен директор болатынмын. Кейін жаңа ғимарат салу үшін қаладан арнайы жер де бөлінген. Өкінішке қарай сол кездегі қалалық білім бөлімінің басшысы Дәулет деген азамат біздің мектептің біраз құжаттарын алып кеткен, солардың ішінде апатты деген сараптаманың қорытындысы да болған. Міне осы құжаттар үшті-күйлі жоғалып кетті. Сөйтіп қаладағы жалғыз қазақ мектебінің балалары апатты жағдайдағы ғимаратта былтыр күзге дейін оқыды. Ал бізге беріледі деген жаңа ғимарат аралас мектеп болып шыға келді, – дейді «Шаңырақ» мектебінің тұңғыш директоры әрі осы білім ордасының құрылуына тікелей еңбек сіңірген білікті педагог Сәуле Мәдиқызы.

«Шаңырақтың» балалары қазір №11-ші мектепте оқып жатыр. Заманауи үлгіде салынған жаңа білім ордасының материалдық-техникалық базасы «Оқуға құштар мектеп» талабына сай. Ғимарат үш блоктан тұрады: бастауыш сынып, орта және жоғары буын. Десе де оқушы саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан қазақтілді орта бірер жылда бұл ғимарат та тарлық етуі мүмкін екенін айтады. «Бала саны жеткілікті, ендеше неге қазақ мектебіне жеке бір ғимарат салып бермейді?» деген сұраққа жауап таба алмай жүр ата-аналар. Ендігі үміт биыл бой көтеретін екі мектепте. Көңілде күдік те жоқ емес.  

© Қуан СЕЙІТ

Алдындағы сияқты бұл жаңа мектептерді де аралас оқытатын мектеп етіп тастай ма деп қорқамыз. Біздегі уайым осы. Өйткені бұдан бірнеше жыл бұрын алтыншы ықшамауданда жаңа білім ошағының қазығы қағылғанда қазақ балалар осында оқиды деп айтқан. Біз қуандық. Соңында не болды? Аралас оқытып жатыр. Тағы да сөйтіп жүрмесе екен. Біздің тілек іргетасы қаланатын екі ғимараттың бірін «Шаңыраққа» берсе, басқа ештеңе қажет емес, – дейді риддерлік тұрғын Бейбіт Қайырбек.

Ата-аналардың алаңдайтын жөні де бар. Былтыр күзден бері «Шаңырақтың» ескі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетін болып есігіне қара құлып салынған. Дәл сол тұста әлеуметтік желіде «Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жабылады екен» деген ақпарат тарап, жұрт дүрлікті. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ресми жауап берді. Онда: «Шаңырақ» көпбейінді мектеп-гимназиясының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты оқушылар басқа мектепке көшірілді. Онда оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік білім беру стандарты сақталған», деп хабаралап, жалғыз қазақ мектебі жабылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлім еткен.

Ал ата-аналар: «егер жаңадан ірге көтеретін қос мектептің бірі «Шаңыраққа» берілсе тозған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, қаржы шығындап не қажеті бар? Әлде ескіні жамап-жасқап қазақ мектебіне қайта «сыйға» тарта ма?» деген алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Ата-аналардың бұл сұрағын біз Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев мырзаға қойдық.

Биыл қаламызда 600 балаға шақталған екі мектеп салынады. Оның бірін «Казцинк» компаниясы салып берсе, екіншісі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігі болмақ. Шығыс Қазақстан облысының және Риддер қаласының әкімдіктері, сондай-ақ «Казцинк» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум бойынша білім мекемесіне арналған жер телімін біз, қала әкімдігі айқындаймыз. Сондай-ақ біз барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жүргіземіз. Құрылысты қысқа мерзімде аяқтау жоспарланған. Алдағы уақытта облыстың білім басқармасына «Казцинк» салатын жаңа білім ордасы қазақ мектебі болсын деген ұсыныс айтамыз. Шешімді тиісті басқарма қабылдайды, – деді Дәулет Батырбаев.

Сонымен қатар әкім кенді қалада «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталғанын айтты.

Қазір Риддер шаһарында 16 мектеп болса, соның біреуі ғана қазақша оқытады, ол – «Шаңырақ». Қалған 12-сі орыс тілінде оқытса, үшеуі аралас мектеп.

«Шаңырақ» мектебі сонау 1936 және 1952 жылдары салынған ескі екі ғимаратта орналасқан. Былтыр күзден бері ғимараттар күрделі жөндеуге жабылып, оқушылар қазір №11-ші аралас мектепте оқып жатыр.

Қуан Сейіт
Бөлісу: