Риддерде қайтарылған қаржыға аурухана салынып жатыр

Бүгiн, 13:18 138

Риддер қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жағымды жаңалықты Үкіметтің баспасөз қызметі таратты.

Риддер қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жағымды жаңалықты Үкіметтің баспасөз қызметі таратты.

Сәл шегініс жасасақ...

2021 жылы кеншілер шаһарында жаңа нысанның қазығы қағылғанда жергілікті жұрт бөркін аспанға атып қуанған. Қуанбағанда қайтсін, тұрғындарға аурухананың зары өтті. Қаладағы жалғыз медицина мекемесінің іргетасы өткен ғасырда қаланған, ғимараттары ескі әрі апаттық жағдайда тұр. Халық саны өскен сайын көне ғимарат тарлық ете бастаған. Науқастарды жатқызатын бөлме табылмай қалғанда дәрігерлер өз кабинеттерін босатып береді және мұндай жағдай жиі болады.

Дәрігерлер ғана емес, бүкіл Риддер халқы жаңа кешеннің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Шынымен де қазіргі ғимарат моральдік тұрғыдан ескірген, жағдайы көңіл көншітпейді. Жаңа санитарлық ережелер мен нормаларға, стандарттарға сай келмейді. Бір корпусты бұзып тастаған соң науқастарды орналастыру тіпті қиындап кетті, – дейді Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітапбаева.

Бас дәрігердің айтуынша, жаңадан салынатын емхана мен стационарға жерді босату үшін ескі аурухананың бір корпусын бұзуға тура келген. Ал ондағы бөлімшелер негізгі ғимаратқа көшірілген. Бөлмедегі орын тапшылығы осыдан туындаған. Кейде науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болғанда дәрігерлер кардиология, травматология, инсульт және басқа да бөлімшелерде қосымша төсек-орын дайындауға мәжбүр болады. Мәселен, төрт адамға арналған бөлмеде бес-алты науқас орналасқан. Бұл жағдай емделушілерге де, мәдицина қызметкерлеріне де қолайсыздық туғызып отыр.

1939 жылы қабырғасы қаланған аурухананың негізгі ғимараты бұл күнде қаусап тұр. Ол жерге компьютерлік томограф, магнитті-резонансты томограф секілді заманауи құрал-жабдықтар орнату мүмкін емес. Өйткені ғимарат тиісті талаптарға сай келмейді.  

Қаладағы өндіріс орындарының бірінде жұмыс істейтін шахтер Бейбіт Қайырбекұлы ауруханаға ара-тұра барып тұрады. Кейде зейнет жасындағы әке-шешесін дәрігердің тексеруіне апарады. Оған жергілікті жердегі медицина мекемесінің қазіргі жағдайы өте таныс.  

Қалада өнеркәсіп орындары көп. Халықтың дені шахтада, комбинатта жұмыс істейді. Жарақат алған жағдайлар, жазатайым оқиғалар жиі болады. Оның үстіне экология да оңып тұрған жоқ. Ауаны ластайтын кәсіпорындар көп өйткені. Экологияның нашарлығы халықтың денсаулығына кері әсер етуде. Жыл өткен сайын емханаға баратындар саны артпаса кеміген жоқ. Риддер тұрғындары бір аурухана салып беріңдер деп қақсағалы қай заман. Қазіргі аурухананың сиқы анау, кетеуі кетіп тұр. Адамдар сыймайды. Бір палатаға бірнешеуін жатқызып қояды. Амал жоқ, дәрігерлерді де түсінеміз. Далаға тастамайды ғой сырқаттанып келгеде. Неше жылдан бері салып жатқан емханасын тезірек бітірсе екен, – деді Бейбіт Қайырбекұлы. 

Салынғанына сексен жыл болған ескі ғимараттың бөлмелері мен дәлізі өте тар. Қыстыгүні іші салқын. Терезесінен жел үреді, аяз кіреді. Сондықтан әйнекті целлофанмен ішінен қаптап қояды. Жаңа нысанға көшкенше осылай амалдай тұрмақ.

Жұрт күткен заманауи кешен жоспар бойынша келер жылдың соңында ашылуға тиіс. Жуықта премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова кенді шаһарға барып, әлеуметтік нысанның құрылысымен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қайтарылған активтерден 28,2 млрд теңгені жаңа аурухана кешінінің құрылысын аяқтауға бөліп отыр. Бүгінгі жұмыс сапарым барысында нысанды салып жатқан мердігер компания өкілдерімен кездестік. Құрылыс келер жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді вице-премьер.

Жоба бойынша әу баста жаңа аурухана биыл толық аяқталуға тиіс болған. Нақтырақ айтқанда, медициналық кешеннің құрамына кіретін 500 орындық емхана 2023 жылы, ал 200 орындық стационар 2024 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Биыл шілде айында Риддерге жұмыс сапарымен келген премьер-министр Олжас Бектенов көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын көрген. Сол кезде жаңа емхана биыл күзде ел игілігіне берілсе, 200 орындық стационар келер жылы ашылады деп айтылған. Алайда әлеуметтік нысанның жұмысы уәделі уақытта тиянақталмай, кешеуілдеп қалды.

Бастапқыда жаңа стационардың сыйымдылығы 140 орынға арналған. Бірақ моноқаланың болашағын, ондағы демографиялық ахуалдың жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын ескеріп төсек-орын санын 200-ге дейін жеткізген. Жобаға түзету енгізу үшін біраз уақыт қажет болды, осы кезде құрылыс жұмыстары кідірді.

Құрылыстың тежелуіне қаржыландыру мәселесінің шешілмеуі үлкен әсер етті. Өйткені жобаны жүзеге асыру үшін 30 млрд теңгеден астам қаражатты жергілікті бюджеттен табу қиын. 2021-2022 жылдары облыс бюджетінен құрылысқа 3 млрд теңге бөлініп, толық игерілген. Қалған сома республикалық қазынадан қарастырылуы керек еді. Қаражат енді бөлінді.

Жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңге, қазір соның 6,6 млрд теңгесі игерілді. Оның ішінде 2 млрд теңге республикалық қазынадан болса, 4,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен берілген. Қалған қаржы арнайы мемлекеттік қордан бөлінеді, -  деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.  

Қаржы мәселесі шешілді, енді жұмыс тоқтаусыз жүруге тиіс. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпаратына сүйенсек, кешеннің инженерлік желілері, оның ішінде су, жылу, кәріз құбырлары, электр желісі түгел тартылып, бұл тұрғыда жұмыстың 85 пайыздан астамы орындалған. Көпқабатты емхананың қабырғалары қаланып, есік-терезелері орнатылған, ішкі әрлеу, сылау жұмыстары да тиянақталып қалған. Сол секілді жеке тұрған асхана мен тамақ сақтайтын блоктың құрылысы да аяқталуға жақын. Тек стационарды тездетіп қолға алса болды.

Риддер қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, жаңа аурухана кешені эксперт класты медициналық құралдармен жабдықталады. Ал мекемеде 500-ден астам қызметкер еңбек етеді.

Бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы мен 200 төсек-орын стационары бар көпбейінді медициналық кешен бұрынғы 80 жыл болған ескі аурухананы алмастыру үшін салынып жатыр. Оның жалпы ауданы -  40 мың шаршы метр. Жаңа кешенде компьютерлік томограф (128 тіліктік) пен цифрлық рентгенграфия аппараты сияқты эксперт класты заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Ауруханада 500-ден астам білікті медицина маманы қызмет етеді, - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Әлеуметтік нысанның құрылысын жергілікті «Элхон» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер компания жобаны 2025 жылы толық аяқтайтынын мәлім етті.

Қаржыландыру мәселесі жұмыстың қарқынды жүруіне біраз кедергі болды. Дегенмен құрылыс тоқтаған жоқ. Республикадан қаржы бөлінді, енді кідіріссіз істейміз. Емхана құрылысының жартысынан көбі бітті. Ішкі әрлеу, өрт қауіпсіздігі, электр желісін тарту сияқты жұмыстар атқарылуда. Жылу мен су қосылған. Қасбетін ретке келтіріп жатырмыз. Стационардың іргетасын көтеріп, бетон құя бастадық. Бәрі ойдағыдай болса келер жылы толық бітіріп, қолданысқа береміз, – деді мердігер компанияның өкілі, участке бастығы Жәнібек Жамантіков.

Риддер халқы құрылысы үш жылдан астам уақытқа созылған жаңа аурухананы тағатсыздана күтіп жүр. Заманауи кешен ашылса жергілікті тұрғындар қазіргідей қаланың әр түкпірінде орналасқан аурухананың ескі корпустарына сандалып жүрмей бір жерден ем-дом қабылдайтын болады. Айта кетсек, қазіргі аурухананың корпустары қаланың әр шағын ауданында шашырап орналасқан және ғимараттары өте ескі. Ары-бері сабылып жүру науқас адамдарға өте ыңғайсыз. Көпбейінді аурухана іске қосылса жұртты қажытқан бұл проблема өзі-ақ шешілгелі тұр.

Қуан Сейіт
Бөлісу: