Ревматизм мүгедектікке алып келеді

12 Қаңтар 2021, 15:04 11486

Ол неден пайда болады?

 

Ангина мен қызамық (скарлатина) адам ағзасына қатты залал әкелмейтіндей көрінуі мүмкін, бірақ дұрыс емдемеген жағдайда жүрек пен буындардың ауыр дертіне шалдықтырып жатады.

 

Ревматизм дегеніміз не?

 

Көбі ревматизмді буындардың қабынуы дейді. Негізі оның нақты медициналық атауы – ревматоидты артирт. Ревматолог Гүлнәр Айтқазықызы:

 

- Ревматоидты артрит – буындарға тікелей әсер ететін, оның құрылымын өзгертуге әкелетін созылмалы аутоимунды ауру. Көп жағдайда кішкентай сүйектердің буынында, аяқта ісінумен, ауырсынуымен, «таңғы аяқты баса алмауышылықпен» көрініс береді. Бұл жайсыздық жарты сағатқа дейін созылуы ықтимал, - дейді.

 

Ревматизм немесе жіті ревматикалық қызба (ЖРҚ) – жүрекке, буынға, теріге және жүйке жүйесіне дейін аурудың ендеуі. Ол ангинадан, қызамықтан, А тобындағы стрептококкты инфекциядан пайда болады. Көбінесе антибиотикпен емделмеген, инфекцияны қабылдауы жоғары 3 жастан бастап, 21 жасқа дейінгі жастар ауырып жатады. Соңғы жылдары мұнымен ауыратындардың саны азайып келеді. Есте сақтаған жөн, бұл дерт адамды мүгедектікке жеткізеді.

 

Ревматизм қайдан пайда болады?

 

Стрептококктың ерекше ақуыз-антигендері бар. Бұлар адам организмінің шеміршек қабығындағы, жүректегі және басқа да ұлпалардағы кейбір ақуыздардың құрылысын қайталауға қабілетті болып келеді. Иммунды жүйе стрептококкты танып, антидене синтезіне қабылдайды. Антигенді бактериялар шабуылынан ағзаның жұмысы өзгеріп, зиян шегеді.

 

Ревматизм симптомдары қандай?

 

Симптомдар ағзаға антигендер кіргеннен соң, 2-4 аптада белгі бере бастайды.

 

Кардит

 

Бұл жүректің қабынуы, ревматизмнің асқынуынан жиі пайда болатын симптом. Алдымен қақпақшалар, жүрек бұлшықеті және сыртқы қабықша – перикард зардап шегеді. Симптомның белгі беруі әр науқаста әртүрлі болуы мүмкін, тіпті кейбірінде ешқандай өзгеріс орын алмайды. Алайда көп адамда ангинадан айыққан соң, дене қысымы көтеріліп, көкірек тұсында ауруы белгісі пайда болып, жүрек соғысы әсіресе ұйықтағанда жиіленіп кетеді. Кейде ревматизмді қызба қайталанғанда жүрек жетіспеушілігі орын алып, оң жақтағы қабырға асты ауырып, құрғақ жөтел орын алып жатады.

 

Полиартрит

 

Бұл симптом кезінде адам буындары қабынады, ісінеді, қызарады, ауырады. Тізе, шынтақ, білек тұсында белгі беруі мүмкін. Полиартрит омыртқаға, сан тұсына, иыққа, саусақтарға өте сирек әсер етеді. Бұл симптом бір айға созылады, сосын ағзаға ешқандай залалсыз жоғалады.

 

Сақина тәрізді эритема және ревматикалық түйін

 

Бұл симптомдар ешқашан өздігінен пайда болмайды және кардит, полиартритпен қатарласып жүреді.

 

Ревматикалық түйіннің көлемі бұршақ шамалас. Олар ауырмайды, тері астында нашар қозғалады. Сіңір, тізе, шынтақ айналасында, кейде мойында пайда болады.

 

Сақина тәрізді эритема - бұл денеде, аяқ-қолдардағы бөртпе, алайда адам бетіне ешқашан шықпайды. Ол ешқашан қышымайды, ауырмайды, үстінен басқанда сұрлануы мүмкін. Эритема бір тәулікке жетпей жоғалады.

 

Хорея

 

Бұл жүйке жүйеге әсер ететін симптом. Кейде ревматизмнен айыққан соң, бірнеше аптаны араға салып пайда болып жатады. Оның басталуын болжап білу қиын, кей адамдар себепсіз бірден күліп немесе жылауы мүмкін. Ал басқаларда қолы, беті, аяғы дірілдеп, тартылып жатады. Сол сияқты тіл бұлшықеті де тартылуынан науқастың сөзі анық шықпай, тамақ ішуі қиындайды. Хорея кезінде адам дене бұлшықеттерін басқара алмай, жүріс-тұрысына жауап беруі қиындайды, тіпті өзін сал сезінуі ықтимал. Оған қоса, психоэмоционалды бұзылыстар – көңіл-күйдің тұрақсыздығы, жылай беру, тітіркену орын алалды.

 

Басқа белгілер

 

Ревматизм кезінде жіті ревматикалық қызбадан бөлек, адамның өзін-өзі жайсыз сезіну мүмкін - тәбеттің бұзылуы, әлсіздік, іштің оң жағының қатты ауруы (кейде ол аппендицитке ұқсайды), дене қысымы 38,5 °C-ке жетеді.

 

Жіті ревматикалық қызба несімен қауіпті?

 

Ревматизм толық кеткенімен, созылмалы ревматикалық жүрек ауруы қалып қоюы ықтимал. Мұның кесірінен зақымданған жүрек қақпақшаларында байланыстырушы ұлпа кеңейіп кетеді де, жүрек қан айналымына дұрыс жауап бере алмай қалады.

 

Ревматизмнен қауіптенсеңіз не істеу керек?

 

Егер ангинаны өткерген соң, балаңызда ілгерідегі симптомдардың бірі кездесіп жатса, дереу педиатрға немесе терапевтке апару қажет. Дәрігер қарап болған соң бірнеше анализдер тағайындауы мүмкін.

 

Жалпы қан анализі, С-реактивті ақуызға қан анализі, гемолитикалық стрептококқа экспресс-тест, электркардиогарфия, эхокардиография тапсырасыз.

 

2-3 апта бойында төсек режимін сақтап, дәрумен мен ақуыздарға бай тағамдар пайдаланып, тұздар мен көмірсуларды шектеу керек.

 

Жіті ревматикалық қызбаны қалай емдейді?

 

Ревматизмді толық емдеу үшін алдымен стрептококкты инфекциядан толық арылу керек. Ол үшін дәрігер үлкен дозадағы пеницилин тобындағы антибиотиктер тағайындайды. Қабынуды басу үшін ацетилсалицил қышқылы секілді препараттар мен кей жағдайда глюкокортикоид жазып береді.

 

Ревматизммен ауырмау үшін...

 

Ангина мен қызамықтың себебі – бактериалды инфекциялар, оны ревматизмге жеткізбес үшін, арнайы дәрігерге көрініп, антибиотикетрдің курсын толық алу керек. Ал бұған дейін жіті ревматикалық қызбамен ауырған науқастарда кез келген уақытта симптомдар көрініс береді. Ол стрептококк инфекциясына деген сезімталдықтың жоғарылауымен тікелей байланысты. Ал бұл бактериялар қоршаған ортада өте көп кездеседі, тіпті сау адамда да болуы мүмкін. Сол себепті, ревматизмнен кейін бес жыл бойы немесе 21 жасқа дейін 3-4 апта сайын антибиотик салдырып отыру керек.

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: