Республика күніне орай Түркістанда 100 түп ағаш отырғызылды

26 Қазан, 00:18 752

Түркістанда «Таза Қазақстан» жобасы аясында Республика күніне орай 100 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, Түркістан қалалық өзбек этно-мәдени бірлестігі, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Олар орталық мешіт ауласына, «Керуен сарай» маңындағы «Арена» алды мен  туризим университетінің жанына сәндік ағаштар, бозарша, қарағаш, шаған, үйеңкі, сынды ағаш түрлерін екті.

Өз сөзінде аймақ басшысы көппен бірге ағаш көшеттерін егіп, ағаш отырғызу – экологиялық таза болашаққа жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. Әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, қала аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосу керектігін жеткізді.

Таяуда Президентіміз Түркістан өңіріне жасаған сапарында Түркістанның таза әрі көрікті қалаға айналғанын атап өтті. Түркістанды бақпен көмкерілген шаһарға айналдыру үшін жасыл желек қорын ұлғайтуға міндеттіміз. Біздің әсем қаламыз бұрынғыдан да сұлу әрі жасыл желекке бөленуі үшін қалалықтарды осы бастаманы қолдауға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірде Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілді. Жоспар аясында бүгінгі күнге дейін 2 миллионға жуық көшет егілді. Оның ішінде, Түркістанды көгалдандыруда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биыл жыл соңына дейін  облыс бойынша 500 мыңнан аса көшет егіледі деп күтілуде.  

Перизат Саденова
Бөлісу: