Республика күнін қалай тойлау керек? Сарапшылар пікірі

25 Қазан 2023, 13:00 7513

25 қазан – Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші мәрте тойланып отыр. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке Тәуелсіздік күні болып аталып өту қажеттігін айтты. Қоғамда осыған қатысты түрлі пікір бар. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары 16 желтоқсанды «желтоқсан құрбандарын еске алу»  ретінде, ал 25 қазанды «тәуелсіздік мейрамы ретінде кең тойлау қажет»  деген пікір айтуда. Бұл пікірге сарапшылар не дейді?  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сұрап көрді.

25 қазанды қайта қалпына келтірген күн ретінде тойласақ, оның саяси-қоғамдық маңызы зор болмақ

Алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіптің айтуынша, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларацияның тарихи маңызы бар. 1991 жылы 16 желтоқсаннан соң ғана «тәуелсіз ел болдық» деп ойламай, 1990 жылдың 25 қазанынан «егеменді ел болдық» дегенді сана-сезімге енгізу үшін ұлттық деңгейде тойлаған да дұрыста шығар.

Алаш үкіметі 1917 жылдың 12 желтоқсанынан 1920 жылдың 25 тамызына дейін Алаш Ұлттық Автономиясы ретінде жұмыс істеді. Ал 1920 жылдың 25 тамызы күні Кеңес Одағының көсемі, Ресей Федерациясының халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В. Ленин Алаш Республикасының орнына Қырғыз Автономиялық Социалистік Республикасы құрылсын деген декретке қол қойды. Осылайша біз егемендіктен айырылдық. Араға 70 жыл салып 1990 жылы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларацияны қайта қалпына келтірген күн ретінде тойласақ, оның шынында да саяси, рухани және қоғамдық маңызы зор болар еді, – дейді.

Республика күнін Тәуелсіздік мейрамы ретінде атап өту керек

Тарихшы Жамбыл Артықбаев 25 қазанды Тәуелсіздік күні ретінде тойланғанын дұрыс деп санайды. Себебі 16-шы желтоқсан 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзендегі ауыр оқиғаны еске түсіреді. Сондықтан да халық бұл күндерді үлкен мереке ретінде қабылдай алмайды.

Ал 25 қазанды біз сол заманда асыға күттік. Мен ол кезде жас болдым. 1990 жылы аспирантураны жаңадан аяқтаған уақыт болатын. Кейін заңды түрде Тәуелсіздік қабылданды. Содан бері тойланып келе жатыр. Негізінен сол 25 қазан республика күні дейміз бе немесе республика күнін желтоқсанға ауыстыру керек пе деген сауалға тәуелсіздік декларациясы біздің жаңа тарихымыздағы ерекше күн. Оны қалай болғанда да атап өту қажет, – дейді тарих ғылымдарының докторы.

Демек тарихшы 25 қазан Тәуелсіздік декларациясының қабылданған күні екенін оны толыққанды Тәуелсіздік мейрамы деп атап өту қажет деп есептейді.

Мәселе демалыста емес, мәселе ұлттық мейрамды дұрыс атап өтуде. Ел тәуелсіздіктің қадірін білуі қажет. Әрине, тәуелсіздікті атап өту керек. Ал соған бір мереке 25 қазан жетпейді ме?  1986-ның желтоқсаны, Жаңаөзеннің желтоқсаны бар да біздің 16 желтоқсанды мерекелегеніміз қалай болады? Бізге Жоғарғы Кеңестің сол кездегі ғалым-заңгерлермен, халықпен ақылдаса отырып 25 қазанда қабылдаған «Қазақстан тәуелсіздігі  туралы» декларация шешімінен қымбат не бар?!, –  дейді тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев.

Тарихшының сөзінше, әр халықтың билігі сол халыққа лайық болады. «Біздің халқымыздың деңгейі мен жағдайына, түсінігіне – өзіміздің билігіміз лайықты. Егер елге ағартушы ғалым иелік етсе, ондай адам  мемлекетті басқара алмайды. Билік пен елдің арасында сондай проблемалар бар. Бірақ бір жағынан екеуі бір-бірімен күресіп тұрады», дейді.

Өйткені халық белгілі бір демократиялық нормалардың болғанын қаласа, ал билік бір қолға жиналғанды жақсы көреді. Осындай қарама-қайшылық екі ортада қашанда болып тұрады. Оған да ренжуге болмайды. Мұның бәрін жүйелі түрде жасауымыз қажет. Мәселен Еуропа бізді табиғи талантпен ұтып отырған жоқ. Оларда 19-20 ғасырдың басында жүйе жақсы қалыптасқан.  Сол жүйемен олар бізден озып келеді. Біз не жүйе жасай алмай отырмыз. Жан-жағымызда тоталитарлық елдер отыр, – деді тарихшы Жамбыл Артықбаев. 

16-17 желтоқсан күндерін еске алу күні ретінде қалдырса болады...

Ал қоғам белсендісі Қуаныш Еділханов Республика күнін Тәуелсіздік күні ретінде кең көлемде тойлап, 16-17 желтоқсан күндерін еске алу күні ретінде қалдырса болады. Демалыс тым көбейіп кеткендіктен оны бір күнге қысқартып, тек 17-желтоқсанға қалдырса да болады деп отыр. Қоғам белсендісі 25 қазанды «Бұл күн біздің ең ұлы және ұлттық мерекеміз болуға тиісті. Тіпті Тәуелсіздік күнін де осы күн деп жариялауымыз қажет», дейді.

Тәуелсіздік туралы Заң 16-желтоқсан күні қабылданды, Иә, дұрыс. Ссолай-ақ, болсын. Бірақ бұл менің еркімнен тыс жасалған жасанды нәрсе ғой. Тура сол күнді тәуелсіздік күні деп жариялайық деп менен кім сұрапты? Қайта керісінше, билік сол 1986 жылғы студенттер қырылатын күнге әдейі туралап әкеліп қабылдатты емес пе?! Жоқ олай емес, қабылдаған парламент, депутаттар, ал ол дегеніміз сіз сайлаған депутат. Яғни сіздің де пікіріңіз ескерілген деушілерге айтарым айналайындар, ондай ертегілеріңді басқаға айтыңдар, диктатураның астында туған маған айтпай-ақ қойыңдар дер едім, – дейді ол.

Қоғам белсендісі Қуаныш Еділхановтің айтуынша, жасанды нәрсенің өмірі ұзақ болмайды. Он жерден тыраштансаң да, жасандының аты жасанды болып қала береді деп отыр.

Сосын мереке дегенді адам сағына күту керек қой. Бүкіл қала, ауыл оған алдын-ала дайындалуы қажет. Жұрт бар жақсысын киіп көшеге шығуы керек. Таныстарымен, достарымен күліп-ойнап арқа-жарқа жүруі  тиіс. Әсіресе, балалар үшін бұл күн нағыз есте қалар күн болғаны дұрыс. Ал желтоқсанда, қақаған суықта әр жерде бүрсеңдеп жүргеннен не шығады? Сосын үйге кіріп әбден жауыр болған тв-дағы концертті қарайсың. Басқа ел қызылды-жасылды болып жылы уақытта тойлайды. Сыртынан қызығасың. Бір адамның көңіліне қараймын деп бүкіл елді әуре-сарсаңға салып қоюға болмайды ғой, – дейді Қуаныш Еділханов.

 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: