Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. Бұл туралы ҰОК-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресінде хабарланды.
Бүгінде World Boxing (WB) ұйымына 55 кіріп отыр.
Конгресс барысында жарыс өткізу регламентіне де енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді.
World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин конгресс қатысушыларын алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.
Өз сөзінде ол Португалияда өткен Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында әртүрлі елдердің Ұлттық олимпиада комитеттері және Олимпиада қозғалысының өзге де спорттық ұйымдарымен кездесулер өткізген World Boxing Олимпиадалық комиссиясының жетістіктерін атап өтті, - делінген мәліметте.
Конгресс барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған.