Ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырамыз - вице-министр

11 Сәуір, 17:17 630

Бұл туралы жалған ақпарат таралуының алдын алуға бағытталған брифинг барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов  атап өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

«Мониторинг барысында жалған және қате ақпарат таратудың 28 фактісі анықталды, кейіннен олар уәкілетті органдар тарапынан теріске шығарылды», - деді вице-министр.

Спикер көп жағдайда бөгеттердің бұзылу қаупі, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың қирауы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары мен тәртібі туралы жалған ақпараттардың жиі тарайтынын алға тартты.

«Бүгінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осындай 20-дан астам хабарламаны жоққа шығарды. Мұндай әрекеттер қоғамға ешқандай пайда әкелмейді. Бұл мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарының назарын құтқару және қалпына келтіру жұмыстарынан басқаға аударады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Осыған орай, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде тараған ақпаратқа сын көзбен қарап, деректерді қайта тексеруге және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: