Ресеймен тығыз және тұрақты қарым-қатынас жүргізу маңызды – Дәурен Әбенұлы

Бүгiн, 09:51 178

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізіп, Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Енді бүгін, 28 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті сессиясы өтеді деп жоспарланып отыр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбенұлы Ресей басшысының бұл сапары жайында ойымен бөлісті.

Дәурен Әбенұлының айтуынша, дүние-жаһанда болып жатқан күрделі де қатерлі геосаяси өзгерістер мен үрдістерге қарамастан, Қазақстан халықаралық қарым-қатынаста көпвекторлы саясатын жалғастырып жатыр.

Отандық дипломатиямыздың бұл сындарлы әрі салмақты сыртқы саясаты еліміздің ұлттық мүддесін қорғауға, жаһандық және өңірлік саясат субъектісі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығы үшін тек ішкі тыныштық емес, сырттағы елдермен, алыс-жақын көршілермен тату болу, ынтымақтастықты дамыту да маңызды, - деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ сарапшы Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін атап өткен ұстанымның айқын көрінісі ретінде қабылдау қажет екенін айтады. Ресеймен тығыз және тұрақты қарым-қатынас жүргізу – саяси жағынан болсын, экономикалық тұрғыдан болсын біздің ел үшін маңызы зор мәселе.

Қазақстан-Ресей келіссөздерінің күн тәртібінде әртүрлі мәселелер бар: Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы әріптестік қандай бағытта дамиды, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы сауда және интеграцияны ілгерілету қандай деңгейге жетеді, көлік-транзит және басқа да салалардағы инфрақұрылымдық даму жобалары бойынша өзара іс-қимыл қалай іске асады және тағы да басқалары. Осы мәселелерді ұлттық мүдделерімізді есепке ала отырып тиімді түрде шешуге тырысуымыз керек, - деді Дәурен Әбенұлы.

Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстан Ресеймен қатар Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ, Түркия және басқа да ірі, орта державалармен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға ұмтылатынын да атап өтті. Путинның сапары ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және Тоқаевтың Францияға сапарларынан кейін болғаны еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатқа бейілділігін растайды. Сонымен қатар, Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс күшейіп тұрған заманда, Қазақстан екі тарап арасында диалог алаңы бола алатыны туралы белгі беріп отыр.

Қорытындай келе, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты айналамыздағы геосаяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, халықаралық қауымдастықта елдің беделін арттыруға, әлемдік державалармен тұрақты қарым-қатынасты сақтауға және экономикалық әріптестікті дамытуға арналған стратегиялық бағыт деп айтуға толық негіз бар. Сыртқы саясатында эмоциядан гөрі прагматизмге көбірек сүйене отырып, Қазақстан мұндай қадамдар арқылы халықаралық аренадағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты қалпына келтіруге елеулі үлес қосып отыр, - деді сарапшы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: