Ресейден Қазақстанға бидайды заңсыз әкелетіндер қатары артқан – сенатор

1 Маусым 2023, 12:28 672

Елімізде жалған құжат бойынша Ресейден Қазақстанға бидайды салық төлемей заңсыз әкелетіндер қатары артқан. Бұл туралы Сенат отырысындай сенатор Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның үстіне бұл астықты ЕАЭО-дан тыс жерлерге экспорттағаны үшін кәсіпкерлер Қазақстан бюджетінен төлемдер алып отырған.

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ресейден СҚО аумағына 450 мың тоннадан астам бидай әкелінген, олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ілеспе құжаттары бойынша астық қабылдау пункттеріне тапсырылған. Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер ол өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады. Бұл бюджет қаржысы есебінен қосымша құн салығын экспорттаушыларға заңсыз қайтарып беруге әкеп соқтырды. Құқық қорғау органдары жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелу схемасын растап отыр. Ресейден Қазақстанға әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түріндегі мемлекетке алдын ала келген залал 660 млн теңгеден асты, - деді Андрей Лукин.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайдың себебі Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесінің болмауы болып табылады. Сонымен қатар экономикалық контрабанда мәселесі оны дұрыс анықтау тұрғысында аса маңызды болып отыр.

Қылмыстық заңнамада бір қылмыстық ниет үшін қылмыстық құқық бұзушылықтың екі түрі көзделіп отыр. Егер біреуінде тауарды тәркілесек, екіншісінде қажетті төлемдерді төлегеннен кейін тауарды қайтаруға тура келеді. Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында да осы қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілерінің нақты айырмашылығы жоқ. Нәтижесінде Жетісу облысында экономикалық контрабанданың қылмыстық құрамын әртүрлі түсіне бастады. ТН ВЭД кодын дұрыс көрсетпегені үшін біреуді контрабандист деп таниды, екіншісін «жалтарғаны» үшін айыптайды. Мұндай жағдайларда контрабанданы жалтарудан ажыратуға бағытталған түзетулер енгізу арқылы осы жағдайға заңнамалық араласудың шұғыл қажеттігі туындап отыр, - деді сенатор.

Сенатор осыған байланысты Үкімет мүшелеріне «контрабанда» және «жалтару» қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін ажыратуды, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ тауарларды көлеңкелі әкетудің жолын кесу жұмысын күшейтуді ұсынды.

Миражан Махан
Бөлісу: