Мәскеу маңындағы Люберцы қаласында бесінші сынып оқушысы математика пәні мұғалімінің басына балғамен ұрып, орманға қашып кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Мирный кентіндегі №51 мектепте сабақ үстінде болған. 69 жастағы мұғалім сабақ өткізіп жатқан.
Алайда мұғалім тақтаға бұрылған сәтте, 13 жастағы оқушы бірінші партадағы орнынан атып тұрып, сөмкесінен балға алып шығып, мұғалімнің басынан ұрған, сөйтіп өзі сыныптан қашып шыққан.
Шабуылдан кейін оқушы балғаны лақтырып жіберіп, артынша орманға жасырынған. БАҚ мәліметінше, ол өзімен бірге пышақ та алып кеткен.
Полиция оны тапқанда, бала есеңгіреген күйде болған. Кей деректерге қарағанда, құқық қорғау органдары оқушының ауқымды шабуылға дайындалғанын тексеріп жатыр.
Мұғалім бас сүйегінен жарақат алып, миы шайқалған. Қазір ол ауруханада.