Реформалар мен өзгерістердің берік негізі

6 Қыркүйек 2019, 10:50 1984

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы ел өміріндегі маңызды оқиға болды.

Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін алған кезден бастап халыққа арналып жасалатын Жолдаулар жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар мен трансформациялардың мызғымас базисі мен катализаторына айналды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары мемлекеттілікті нығайту, заманауи үлгідегі тиімді экономика құру, қоғамды одан әрі демократияландыру, әлеуметтік қатынастар жүйесін үйлестіру үшін алғышарттарды үдету жөніндегі реформаларға сүйенеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қалыптасқан мемлекеттің жетістіктерін одан әрі дамытуға және арттыруға бағытталған. «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», - деп атап өтті Президент.

Ол бұрын қабылданған стратегиялық құжаттарды іске асыруға да, сондай-ақ жаңа әлемде табысты бейімделуге, дамудың жаңа сапасын қалыптастыруға да бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңімен тұспа-тұс келген сыртқы және ішкі өзгерістердің барлық әртараптандырылған кешені қазақстандық қоғамның шынайы болмысын ескере отырып, әлеуметтік қатынастар саласына түзетулер енгізу қажеттігін де алға тартты.

Құжат қыркүйектің басында Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында халыққа жария етілді және кезекті саяси маусымның басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл құжаттың мән-маңызын арттыра түсетін Жолдаудың бірқатар ерекшеліктерін атап өткен жөн.

Жолдауда Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында белгілеген бірқатар бастамалары мен ұсыныстары көрініс тапты.

Тұтастай алғанда, Жолдауда бес маңызды бағыт айқындалған. Бұл заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлерді қалыптастыру.

Осы бағыттардың барлығы бойынша нақты міндеттер анықталды.

Бұл жерде бірер сәттерді бөліп көрсетудің маңызы зор.

Біріншіден, Президент саяси жүйенің эволюциялық дамуының маңыздылығына тағы да назар аударды. Талқандалған жүйесіз ырықтандыру ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздануына және тіпті мемлекеттілікті жоғалтып алуға әкеліп соқтырады. Сондықтан біздің жолымыз – саяси реформаларды алдыға шығып жүгірмей-ақ, дәйекті, табанды және ойластыра отырып, жүзеге асыру.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қоғамдық-саяси реформалар жасау қажеттігінің барған сайын өсіп келе жатқанын өте әділ атап өтті. Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін Үкімет – бұл біз жедел қарқынмен жетуді көздейтін мақсатымыз.

Жолдауда азаматтардың барлық сындарлы сұраныстарына жедел және тиімді жауап беретін «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Осындай пәрменді тетіктердің бірі ротациялық қағидат бойынша жұмыс істейтін қоғамдық сенімнің Ұлттық Кеңесі болуға тиіс.

Жолдауда азаматтардың барлық конструктивтік сұраныстарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Осындай пәрменді тетіктердің бірі ротациялық тәртіп бойынша жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялылықты, саяси бәсекелестікті және пікір плюрализмін дамытуға ықпал етуді тікелей міндеті деп білетіні туралы маңызды мәлімдеме жасады.

Азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы туралы мәселе тағы да көтерілді. Бұл ретте олардың санының өсуі мемлекеттік органның жұмысындағы жүйелік мәселе ретінде айқындалып отырғаны айтылды.

Ел Президенті елде бейбіт митингілерді еркін өткізуді қолдайтынын айтты. Егер олар заң аясынан шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, оларды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Және мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Бұл ретте заңсыз әрекеттер мен бұзақылықтар жасауға тыйым салынатын болады.

Президент қоғамның мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мәселесіндегі сұраныстарына ден қойды. Қазақ тілінің рөлі күшейе түсетін болады, оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі де келеді. Алайда, бұл үшін барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз қажет. Әрине, мұның бәрі орыс және басқа тілдерді қолдану аясын тарылту дегенді білдірмейді.

Екіншіден, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде Президент қоғамда үлкен резонанс тудырған аса өрескел, келеңсіз жағдайларға жедел ден қойды.

Ол Парламентке және Үкіметке шұғыл түрде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.

ІІМ-ді реформалау бойынша кешенді жұмыс жалғасады. Соның арқасында полицияның мемлекеттің күштік құралы ретіндегі бейнесі біртіндеп өтіп, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға қызмет көрсету жөніндегі органға айналатын болады.

Таяуда Арыс қаласында болған оқиғалар Қарулы күштерде проблемалар жинақталып қалғанын көрсетті. Осыған байланысты жаңа тұжырымдама негізінде жауынгерлік қабілетті әскерді қалыптастыру міндеті қойылды.

Үшіншіден, Жолдауда серпінді және инклюзивтік экономиканы дамыту және әлеуметтік саясатты жаңғырту жөніндегі шаралар белгіленген.

Президент ұсақ және шағын бизнес компанияларын 3 жыл мерзімге негізгі қызметінен салық төлеуден босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.

Президент пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюға кірісуді тапсырды. Бұл шара ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізуді көздейді.

Квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу туралы бұрын қабылданған шешім қисынды түрде жалғасын тапты. Үкіметке Есеп комитетімен бірге бір ай мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізуге тапсырма берілді.

Бұған дейін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір жұмыс беруші міндетті 10 пайыздық жарналардан басқа, қызметкердің еңбекақысының қосымша бес пайызын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті деп жоспарланған болатын. Мұндай шара іскери ортада қызу талқылауға түсіп, соның ішінде көптеген сын пікірлер айтылды. Президент Үкіметке 5 пайыз мөлшерінде қосымша зейнетақы аударымдарын енгізуді кейінге, 2023 жылға дейін қалдыруды тапсырды. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар келісілген бір шешімге келулері тиіс.

Жыл соңына дейін Үкімет жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін мақсатты пайдалануы, мысалы, тұрғын үй сатып алу немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін пысықтауға тиіс. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін, уақыты келген шара. Ол азаматтарымызды қолдаудың маңызды амалы болуы тиіс.

Осылайша, Жолдауда халықты толғандыратын көптеген сұрақтарға жауаптар берілді. Бұл – қазіргі трендтер тудырып отырған нақты іс-қимыл бағдарламасы.

Бұл ретте барлық осы басымдықтарды іске асырудың негізін біздің басты құндылықтарымыз болып қала беретін азаматтық татулық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім құрайтын болады. Президент атап өткендей, бірлікті одан әрі нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдануы қажет. Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін нығайта отырып, біз этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтауға тиіспіз. Ел бірлігі – оның көптүрлілігі екендігі бұл мәселеде біздің бағыт-бағдарымыз болып қала береді.

Жолдауда азаматтық қоғамды дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл мәселедегі басымдықтар Азаматтық қоғамды дамыту 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс табуы керек.

Азаматтық татулықты, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті берік әлеуметтік-экономикалық негізде нығайту және дамыту қажет. Осыған байланысты «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдау мемлекеттің халық бірлігі мен әлеуметтік әділдікті нығайтуға алған бағытын айқын көрсетіп отыр.

Сондықтан алдағы кезеңде жаңа Жолдауды ілгерілету мен іске асыруға қатысу Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады.

Орталықтағы және жергілікті жерлердегі ҚХА-ның барлық құрылымдары да Президенттің бастамаларын ілгерілету мен түсіндіруге, сондай-ақ жаңа міндеттерді іске асыруға белсенді түрде қосылатын болады.

Жолдауда жаңа бағдарлар берілген. Енді мемлекеттік органдарды, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін бұл процеске белсенді түрде тарта отырып, алға қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін құқықтық, ұйымдастырушылық және басқа да қажетті жағдайларды жасаудың маңызы зор.

Жансейіт Түймебаев,

ҚХА Төрағасының орынбасары – 

ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА 

Хатшылығының меңгерушісі

 

 

 

Бөлісу: