«Реал» өз алаңында «Барселонадан» оңбай ұтылды

Кеше, 10:49 366

Футболдан Испания чемпионатының 11-турында Мадридте «Реал» мен «Барселона» кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Матч алдында алаң иелері фаворит саналған. Десе де каталондықтар бірінші таймнан тізгінді өз қолына алып, чемпионаттағы басты қарсыласын тас-талқан етіп ұтты.

Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, жанкүйерлер соғылған гол көрмеді. Есесіне екінші таймда «Барселона» «Реал» қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. 54-минутта Роберт Левандовский қонақтарды алға шығарса, араға небәрі екі минут салып ол есепті еселеді. Ал 78-минутта «Барселонаның» ең жас ойыншыларының бірі Ламин Ямаль Лунин күзеткен қақпаға үшінші голды соқты. Бразилиялық Рафинья 84-минутта матчтағы соңғы нүктені қойды.

11 ойыннан кейін «Барселона» 30 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап келеді. «Реал» 24 ұпаймен екінші орында тұр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: