Раушан Аширбаева: «Бұл мен үшін бақыт мекені»

14 Наурыз 2016, 04:41

Бала тәрбиесі қашан да қоғам назарында болатын маңызды мәселе. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты.

Бала тәрбиесі қашан да қоғам назарында болатын маңызды мәселе. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені ата-ана — басты ұстаз. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтіне байланысты болса, екіншіден балабақшадағы тәрбиешісі берген тәлімнің жемісі. Бүгінгі балабақша бүлдіршіндерге қандай тәрбие беруде? Осы сауалға жауап іздеп,«Балбала» балабақшасының тәрбиешісі, қолөнерші Раушан Аширбаевамен сұхбаттастық.

– Қайырлы күн Раушан, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз? Тәрбиеші мамандығын таңдауға не түрткі болды?

– Бұл мамандықты бірінші кезекте жүрегіме жақын болғандықтан таңдадым. Балалармен бірге жұмыс істегенді ұнатамын. Мектепте оқушы болған кезімде «Кім боласың?» деген сұраққа «Мұғалім болғым келеді» дейтінмін. Бірақ тәрбиеші мамандығы бар екенін мүлдем естімегенмін. Мектептен кейін Астана гуманитарлық колледжіне түсуге келгенде мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі мамандығы туралы естіп, құжаттарымды өткіздім. Болашақта балабақшада кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істейтіндігімді ойлап қатты қуандым. Колледж қабырғасында жүріп, елордадағы түрлі балабақшаларда тәлімгер ретінде тәжірибеден өттім. Осылайша төрт жыл арнайы білім алып, 2012 жылы оқуымды ойдағыдай тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды жаңадан ашылған «Балбала» балабақшасында бастадым.  

– Квиллингпен айналысады екенсіз. Қолөнердің осы түрін меңгеруіңізге не түрткі болды?

– Квиллинг шығармашылық ізденісті, төзімділікті, тың шығармашылықты идеяларды қажет ететін ерекше өнер. Квиллингпен студент кезімнен айналыса бастадым. Көбінесе ғаламтордан дәрістер қарап, үйрене бастадым. Оқу барысында түрлі қолөнер үйірмелеріне қатыстым. Соның ішінде оригами жасауды меңгердім. Өнердің бұл түрі балаларға да қатты ұнайды. Жалпы бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Кез-келген нәрсені тез қағып алатындықтан, оригами жасауға өте икемді. «Балаларға арналған оригами» деген арнайы әдістемелік құрал бар. Сол арқылы екі-үш қадамнан құрастырылатын жануарлар, түрлі пішіндер жасаймыз.

Әрбір тәрбиеші ғылыми жұмыспен айналысады. Менің жұмысым балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған. Бір тәрбиеші балаларды биге баулыса, екіншісі ән айту өнерін дәріптейді. Мен болсам балаларға қолөнерді үйретемін.

Квилинг, оригами деген не? (қысқаша ақпарат)

Қағаздың қыр-сырын қанық білетіндердің қатары – қолөнердің квиллинг деген түрімен айналысатындар. Қағазды жіңішке әрі ұзыншалап қиып, оны шиыршықтап (спираль тәрізді), түрлі формаға келтіріп жаңа дүние жасайтын қолөнерді квиллинг деп атайды. Шиыршықталған қағаздан әдемі гүлдерден бастап, сан түрлі ою-өрнекті ғажап дүниелерді жасауға болады. Ал оригами дегеніміз желім мен қайшысыз қағаздан бүктеу арқылы әртүрлі бұйымдар істеу өнері.

–  Балалардың оригами жасауға қызығушылығы қандай деңгейде?

 Балалар оригами жасағанды қатты ұнатады. Таңертең балабақшаға «бүгін бізде оригами» деп қуанып келеді. Және оригами тапсырмаларын математика, сурет салу сабақтарына да қосамыз. Мысалы, балалар есеп шығарып, шаршап кетсе, түрлі жануарлардың пішінін жасайды, сергиді.

– Оригамидің ерекшелігі туралы айтып кетсеңіз?

– Бірінші артықшылығы қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамытады.  Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлау ерекшелігі, сөйлеу мәнері жақсы дамиды. Ұсақ моторика баланың өсе келе киініп шешінуіне, сурет салуына, жазуына көмектеседі. Екіншіден, бізде тұйық, көп сөйлемейтін балалар болса, оригами жасау арқылы қысылмай сөйлеуге үйренеді. Яғни саусақ қозғалысы мен көз арқылы бақылау балаға өзін еркін ұстап, ойын еркін жеткізуіне ықпал етеді. Балалармен қоса өзім де дамимын.

– Балалармен жұмыс істеу өте қызық. Дегенімен  қиындығы да бар шығар?

– Біздің балабақшада жоғарғы санатты тәрбиешілер көп. Солардан кеңес сұраймын. Тіпті қарапайым сұрақтар бойынша да ақылдасамыз.  Шыны керек, қиындықтар өте көп, тіпті жылауға дейін баратын кездеріміз де болады. Сол кезде бірден әдіскерге жолығамыз, меңгерушіміз де мейірімділік танытып әрдайым көмектесіп жатады. Әлемде тәрбиешілер қандай жолдар тапқандығына қызығып, кейде интернеттен де сұрақтарыма жауап аламын.  

– Жұмысты тоқтатқыңыз келген сәттеріңіз болды ма?

– Жас маман болғандықтан ондай кездерім де болды. Бірақ тәжірибелі, көпті көрген тәрбиешілер әрдайым түсіністікпен қарап, жұбатады. Қолдау сезінген кезде жұмысымды одан бетер жақсы көремін.  

– Қазіргі балалардың назары ойыншықта ма әлде гаджеттерде ме?

– Балалардың мінезі әртүрлі болады. Кейбір балалар кітап, ойыншық сұрап далада серуендегісі келсе, кейбіреулері теледидардан мультфильм қарағысы келіп, ұялы телефон талап етеді.

– Сонда балалардың қалайша тілін табасыз?

– Үстел үсті ойындарына қызықтырамыз. Қолдарындағы телефондарын байқатпай алып, алаңдатып, бірге әңгіме айтып, «лего» құрастырып, қағаздардан мүсіндер жасап ойнаймыз. Тіпті оригамидің өзінен конструктор құрастыруға болады. Ол үшін өзім алдын-ала пішіндерді дайындап қоямын. Балалар осылай бөліктерді құрастырып отырып, ойы теледидардан ауысып кетеді. Әр баланың тілін табудың өз жолы бар.

– Ата-аналардың тәрбиешілерге қандай өтініштері болады?

– Өтініштері білім беруге және өнерге қатысты болады. Олар балаларын биге, әнге және өзге де өнерге баулығысы келеді. Яғни, бүлдіршінге тәрбие ғана  беріп қоймай, жан-жақты дамуы үшін барымызды саламыз.

– Бүлдіршіндер кішкентай болса да, қыздар мен ұлдардың мінездеріндегі  ерекшеліктері байқалатын шығар?

– Дұрыс айтасыз, ерекшеліктер байқалады. Өзімнің тобымдағы қыздар шеттерінен жинақы әрі пысық. Ал ұлдар керісінше алаңғасарлау. Мысалы, қыздарға бағыт-бағдар берсең, әрі қарай өздері ұғып алады. Ал,  ұлдарға тапсырма берсем, бірнеше рет қайталап, естеріне салып, кері түсіндіріп жататын кездерім болады. Мінез-құлықтар әр түрлі болғандықтан, кейбір балалар қасындағы көршісін бақылап отырып, өздігінен бәрін түсініп алады. Яғни әр баланың жан-дүниесіне қарай олармен сөйлесіп, тіл қатысамыз.

– Балабақша табалдырығын тұңғыш рет аттаған балалар туралы айтсаңыз?

– Балабақшаға бірінші рет келген бала әрдайым жылап, анасымен қоштасқысы келмейді. Тобымда балалар кішкентай болғандықтан тез алданғыш келеді. Сондықтан оларды жұбату үшін бар фантазиямызды іске қосамыз. Бір болған оқиғаны айтып берейін: бір бала жылауын қоймай, ата-анасының қолынан әрең алып қалдық. Басқа балалар да оған қосылып жыламас үшін, дәретханаға барып, бетін жуып, ілініп тұрған орамалға «бұл орамал сиқырлы, бетіңді сүртсең бүкіл жасың тоқтап қалады» деп ертегі айттым. Ол бала кішкентай болса да, ересек адам фантастикалық әңгіме айтып алдап тұрғанына өзі таңғалып, күліп жіберді.

– Кешкісін балабақшадан кеткісі келмейтіндер болады ма?

– Үйін сағынып, бірден ата-анасына жүгіріп кететіндер бар. Бірақ кешке қарай достарын қимай, ата-анасын қарсылауға шықпайтын балалар да кездеседі. Бір қуантарлығы, ойыншықтарын жинастырып, орынына қойғанда ғана үйіне бет түзейтін балалар көп. Кейбіреулері суретін аяқтап болмайынша орынынан қозғалмайды, ал ата-аналары баласының талабына риза болып сағат бойына күтіп отырады.

– Төрт жастағы кішкентай бүлдіршіндерді үлкен өмірге қалай бейімдейсіз?

– Өздігінен киінуді үйретеміз, тәрбиешілер тек қиын тағылатын түймелерді тағуға ғана көмектеседі.  Сонымен қатар, ұйқыдан тұрғанда шамалары жеткенше өз төсектерін жинатып үйретеміз. Балалардың тәртіпке үйренгені соншалық, тіпті ойыншықтарын реттестіргеннен кейін ғана тамақ ішуге отырады.

– Жұмысыңыздың барысындағы қуаныш пен қиындық сәттері туралы айтсаңыз?

– Қуанышты сәттер өте көп. Бүлдіршіндердің кішігірім жетістіктерге жетуі біз үшін үлкен бақыт. Балалармен жұмыс істегендіктен олармен бірге, ойнап, күліп, өлең айтып, би билеп, әрдайым көтеріңкі көңіл күйде жүресің. Баламен бала боламыз (күледі). Ал қиыны, үлкен төзімділік керек. Өзін өзі ұстай алмаған тәрбиеші өз қылықтарымен баланың психологиясына зардап тигізе алады. Сондықтан асқан шыдамдылық керек. Кейбір балаларға гигиеналық дағдыларды үйрету оңайлықпен жүзеге аспайды. Бірақ біз ешқашан балаға дауыс көтермей, қысым көрсетпей, өзімізбен тең дәрежедегі адам ретінде бәрін айтып түсіндіреміз. Балаға жоғарыдан төмен қарап сөйлесу дағдысынан аулақпыз, қасына отырып, міндетті түрде ақырын дауыспен әңгімелесеміз. Балаға тапсырманы тек ұрысып түсіндірсеңіз ол соған дағдыланып кетіп, жай айтқан кезде ештеңе орындамайтын болады. Әр нәрсенің екі жағы болғанына қарамастан, мен үшін жұмыстан алатын ләззат сезімді ешқандай қиындық баса алмайды.

– Балалармен қарым-қатынас әдістерін оқу барысында үйретті ме?

– Ия, мұғалімдеріміз өте сауатты адамдар болды. Көптеген жақсы кітаптарды оқуға беретін. Кейін оқып-тоқығанымызды балабақшаларда тәлімгер ретінде қолданып жүрдік. Мен оқуымның әр жылында түрлі балабақшалардан тәжірибеден өтіп көрдім. Бұл маған адам ретінде және маман ретінде қалыптасуыма үлкен көмегін тигізді. Осы балабақшаның меңгерушісі өз ісінің хас шебері болғандықтан, жиналыстарымыз өте қызықты өтеді. Ол тәрбиешілерге тапсырмаларды сөзбен түсіндіріп қана қоймай, іс-жүзінде қалай істелінетіндігін көрсетеді. Әрдайым бізге білгенін үйретіп, нағыз мастер-класс өткізеді (күледі). Жас болғандықтан, өзімді әлі білікті маман деп айта алмаймын. Дегенімен, күн сайын, осындай адамдардың кеңестерінің көмегімен өзімнің білімімді шыңдап келемін.

– Балалар өз сырларымен бөлісе ме?

- Ия, біз өте жақсы достармыз. Бүлдіршіндер өз ойларын еркін жеткізеді. Ұлдар өздерінің ұнататын қыздарының аттарын айтады. Кейін аналары да қызық көріп, ол қыздың қандай екенін білгісі келіп жатады. Даярлық тобындағы балалар, яғни  алты жасар балалар, жас шамасына байланысты алғыр келеді. Сондықтан қыздар сән көрсетіп, түрлі көйлектер мен шаш үлгісін жасап келеді. Ұлдар болса ұнатқан қыздарымен ойнап, шаштан тартып қызық қылықтар жасайды. Топтың ішіндегі өмір бір кішкентай әлем ғой.

– Балабақшамен қоштасу кезінде, балалар ендігі бұл жерге оралмайтынын сезіне ме?

– Ия, әр бала кеткісі келмей тұрады. Соңғы күні біздер естелік ретінде әр балаға шарик ұстатып, бірігіп аспанға ұшырамыз. Кейін суретке түсеміз. Суреттерді қарасаңыз олардың қабақтары ашылмай, балабақшадан неліктен кету керектігін түсінбей тұрғандай. Бір қызық оқиға туралы айтып берейін. Балабақшадан кеткен бір тәрбиеленушімнің анасы маған хабарласып, баласының мені сағынып жүргенін айтты. Ол әлі күнге дейін неліктен мектепте тәрбиешісі жоқтығын түсінбейді екен. Бұны естіп бір жағынан менің жүрегім елжіреп, бір жағынан бүлдіршінге берген өнегем жақсы болды-ау деп ойладым.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Балабақшадағы жұмысымды ешқандай өзге кәсіпке ауыстырғым келмейді. Бұл мен үшін бақыт мекені. Сонымен қатар, өзімнің қолөнердегі жетістіктерімді де жетілдіргім келеді. Жаңа әдістерді меңгеріп, балаларды соған  баулып, өмірлеріне пайдалы қырынан  ғана әсер еткім келеді. Қазақстандағы өнерлі балалардың санының артуына септігімді тигізсем тәрбиеші ретінде өте риза болар едім.


Сұхбаттасқан Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

 

 

Бөлісу: