Рауан Шынтаева: Тұрғындардың өзі «қазақ тілін үйренсем» деп тілек білдіріп келе бастады

6 Тамыз, 14:15 522

Соңғы кезде білім беру саласында көп жаңашылдық енгізілді. Бұған түрткі – еліміздегі әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістер. Жас буын жаңа қоғам құруға, мәдени және рухани өрлеуге дайын болуы тиіс. Заманауи мектептің басты қағидасы – жаттандылықтан ада, ізденімпаз, дүниетанымы кең, ауқымды ойлай білетін ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі өзгерістер осыны көздейді. Білім саласына енгізілген жаңашылдықтардың озық елдердің тәжірибесінен алынып отырғаны мәлім.  Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Әл-Фараби атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Шынтаева Рауан EL.kz-ке берген сұхбатында жаңаша білім беру үдерістері жайында егжей-тегжейлі мағлұмат берді.

EL.kz: Білім беру саласында реформалар жүзеге асып жатыр. Қолға алынған іс-шаралар қандай нәтиже беріп жатыр?   

Рауан Шынтаева: Қазір еліміздегі мектептер арасында желілік қауымдастықтар жұмыс істеп жатыр. Педагог-зерттеуші, шебер санаттағы мұғалімдер ұдайы өзінің және әр мектептің озық тәжірибесімен бөлісіп отырады. Мұндай тәжірибе алмасу кезегімен әр мектепте өткізіледі. Бұл ұстаздар үшін, әсіресе, жас мамандар үшін таптырмас дүние. Білімін жетілдіріп, шыңдала түседі.

EL.kz: Орта білім беруді дамытудағы реформаларға тоқтала кетсеңіз. Мұның қиындығы мен қызығы неде?

Рауан Шынтаева: Қазір жаңартылған білім беру жүйесіне өттік. Басты реформа осында. Мұғалімдер жаңа жүйені меңгеріп, енді қалыпқа түсе бастады десек, артық айтқандық емес. Қысқа, орта, ұзақ мерзімді жоспарларды жазу басқаша еді. Қазір, тіпті, оқулықтардың өзі жаңарды. QR код арқылы берілетін тапсырмалар бар.

Жаңартылған білім беруде спиральді жүйе бар. Мәселен, бесінші сыныпта өткен тақырыпқа алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптарда қайта оралады. Бірақ әр сыныптың деңгейіне байланысты тапсырмалар күрделене береді. Мазмұны кеңейе түседі. Көбіне құндылықтарды қалыптастыруға бағытталады. Отаншылдыққа, елжандылыққа, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеуді көздейді.

Мәселен, қызыл кітапқа енген жануарлар тақырып алайық. Мәселен, қазақ тілі пәнінде осы тақырыптағы мәтіндермен жұмыс жасап жатсақ, биология пәнінде қызыл кітапқа енген жануарлар туралы мағлұмат беріледі. Яғни, барлық пәндер өзара сабақтасып жатады. Бұл жүйе көбіне оқушылардың өз бетімен ізденісіне бағытталған. Мұғалімдер бағыт-бағдар береді. Оқушылар өз бетінше зерттейді, ізденеді, тақырыптарды табады.

«Салыстырыңыз, зерттеңіз» деген тапсырмалар көп. Бұл балалардың өз бетінше ойланып, жұмыс істеу қабілетін жетілдіреді.

Kundelik.kz-тің өзі де – реформа. Төрт-бес жыл ішінде мұғалімдер осы платформада күнделік толтырып, жұмыс істеуге үйренді.

EL.kz: Өзіңіз аралас мектепте жұмыс істейсіз. Сондықтан бізге осындай мектептерде тіл саясатын дамыту мәселесі қалай жүріп жатқаны қатты қызықтырады. Бұл мәселеде қандай ілгерілеушілік бар?

Рауан Шынтаева: Білім беру саласындағы тіл саясатына келсек, «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» басшылыққа алынып отыр. Тіл саясаты өзге ұлт өкілдеріне ғана арналмаған. Білім беру саласының өмірін толыққанды қамтиды. Мектептегі іс қағаздарының жүргізілуі, педагогикалық кеңестердің өтуі, хабарландырулар және басқа да дүниелердің жазылуы тіл саясатына негізделеді.

Жыл басында Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған арнайы апталықтар өтеді. Осы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатымен аралас және басқа тілде оқытатын мектептер бір апта бойы тек қана қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылады. Бұл үрдіс әр жұма сайын да жалғасын тауып отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тілді білмейтін әріптестерге қазақ тілін үйрететін курстар жұмыс істеді. Десе де, апталықтарға орыстілді әріптестеріміз белсенді қатысады.

EL.kz: Бұл саясат қандай нәтиже беріп отыр? Ұстаздар мен балалардың  мемлекеттік тілге деген ынтасын арттырғаны байқала ма?

Рауан Шынтаева: Әрине, керемет нәтиже бергеніне өзім куәмін. Мектептің ұстаздары мен оқушылардан бөлек, тұрғындардың өзі «қазақ тілін үйренсем» деп тілек білдіріп, көптеп келе бастады.

Соңғы кездері орыс сыныптарының оқушылары мемлекеттік тілді үйрену үшін қазақ сыныптарының балаларымен етене араласып жүр. Оның нәтижесі бірден көрініп жатыр. Қазақ тіліне шорқақ оқушылар қазір еркін, таза сөйлей бастады. Тілді теориялық тұрғыдан оқып, күнделікті өмірде қолдана білу керемет нәтиже беріп отыр. Диалог барысында тілді жақсырақ меңгереді.

Сонымен қатар мектептегі іс-шаралардың да әсері мол. Ақындардың шығармаларын қабырғаға іліп, оқытады. Мақалдардың жалғасын тауып келгендерге арнайы сыйлық беріледі. Осындай іс-шаралар да жасалып жатыр.

EL.kz: Қазақ тілін, оқу әдістемелерін реформалау ісі жөнінде не айтарыңыз бар?

Рауан Шынтаева: Қазақ тілін үйрету әдістемелерін реформалауға баса назар аударылып жатыр. Мақсат – өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді игеру жолдарын, тәсілдерін оңтайландыру, тіл үйренуге деген қызығушылықтарын ояту. 

Қазіргі кезде ғаламторда түрлі ресурстар бар. Мәселен, кейбір әлеуметтік желілерде тегін тіл үйрену курстары жұмыс істеп тұр. Субтитрлары бар мультфильмдер, кинолар көп. Қазақша әндер қазір әлемге кең тарала бастады. Сабақ үстінде құрғақ ережелерді жаттатқыза бергенше, қызық қазақша киноларды, мультфильмдерді көруге, музыка тыңдауға, мазмұнын айтып беруге жетелеген абзал. Баланың қызығушылығына сай тапсырмалар беру де – тіл үйрену үшін тиімді жолдардың бірі. Тек қана оқулықпен шектеліп қалмай, оқушылар қызығатын нәрселерді де ескерген жөн.

EL.kz: Соңғы кездері кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетін жиі сөз болады. Мектептерде бұл бағытта қандай іс-шаралар өтіп жатыр?

Рауан Шынтаева: Қазіргі таңда бүкіл республика бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. «100 кітап», «25 кітап» деген осыған ұқсас дүниелер бұрыннан өткіліп келеді.  Қазір тек қана кітап саны нақты айтылмайды.

Мәселен, біздің мектепте оқушылар әркім өзінің кітабын әкеліп оқып жүрді. Қазір бір сыныпқа бір кітап беріледі. Оны оқушылар шетінен оқып шығып, бір айдан соң сол кітап бойынша шағын қойылым қояды. Бұл да балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятуда жақсы нәтиже беріп отыр.

Кітапхана жұмысын айтпағанда, әрбір сыныпта кітап бұрыштары пайда болып жатыр. Ол жерге балалар өздеріне ұнайтын, қызықты кітаптарды әкеліп қояды. Оқушылар қалаған кезде кітап бұрышындағы қызыққан кітабын алып, оқып жүр. Кітап оқу, білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыру мақсатында осындай жұмыс жасалып жатыр.

Соңғы кезде оқушылардың білімге ұмтылуы қуантады. Жасөспірімдердің өзі табыс білімде екенін жақсы түсінген. Сондықтан шет тілдерін жетік меңгеруге ұмтылады. Тіл үйренудің түрлі деңгейлерінен өтуге күш салып жүр. Өйткені, шетелге барып, әлемнің озық университеттерде білім алғысы келеді. Кең тараған ағылшын тілінен бөлек, мектеп оқушылары кәріс, қытай тілдерін өз бетінше үйреніп жүргеніне куә болып келеміз.

Мәселен, былтыр бізге Оңтүстік Корея университеттерінің өкілдері келіп, жоғары сынып оқушыларына сол жақтан білім алуды ұсынды. Қызығушылық білдірген бір топ бала кәріс тілін үйреніп, Кореяға оқуға түсуге талаптанып жатыр. Қытай тілін үйреніп, Бейжіңге оқуға түскен түлектеріміз де аз емес.

Жеткіншектеріміз заманауи техниканы игеруге қатты қызығады. Жаңалық ашуға да ұмтылып жүр. Мәселен, шәкірттеріміз робототехника құрастыруда республикалық деңгейде көзге түсе бастады. Топырақтың құнарлығын зерттеп жүрген жас ғалымдарымызда бар.

EL.kz: Балалардың шығармашылығы мен озықтығын қолдау қалай жүзеге асып жатыр? Бұл мәселеде ұстаздардың да есебі түгел ме?

Рауан Шынтаева: «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар халқымызда. Талапты, дарынды балаларымыздың қабілетін шыңдауға мұғалімдер бар күш-жігерін салады. Мәселен, сурет салуға қабілетті балаларды түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстырып, шыңдай түседі. Ақындық, әншілік қабілеті бар балаларда ескерусіз қалып жатқан жоқ. Бағыт беріп, қолдау көрсетіліп жатыр.

Жақсы нәтиже көрсеткен мұғалімдер түрлі семинар, тренинг, коучингтерге қатысып, шығармашылық деңгейлерін көрсетуге мүмкіндігі бар. 

EL.kz: Ұстаздың беделін арттыруға бағытталған шаралар қандай нәтиже берді?  

Рауан Шынтаева: Жасыратыны жоқ, ұстаз беделін арттыруға мемлекеттің өзі де көп күш салып жатыр. «Педогог мәртебесі» деген арнайы заң да шықты. Осы заңға сәйкес, балалар да, ата-аналар да артық әрекет жасай алмайды. Бір-екі рет айыппұл төлеген балалар тез түзеліп жатыр. Әрине, бұл жақсы.

Десе де, мұғалім өзін дұрыс ұстай білсе, сабағын тыңғылықты өткізсе, білім беру қабілеті жоғары болса, сыныбын игере алса, мұғалімнің беделіне ешкім де нұсқан келтіре алмайды. Ол мұғалімді оқушылар да, әріптестері де, ата-аналар да сыйлайды. Мұғалімнің беделі әр ұстаздың өз қолында деп түсінемін.

Әрине, жас мамандарға бағыт-бағдар беру қажет. Оларға бір жылға арнайы тәлімгер тағайындалады. Ақы да төленеді.

EL.kz: Жас ұрпақ арасында ұстаздық кәсіпті насихаттау жағы қалай? Мұғалім болғысы келетін түлектер көп пе?

Рауан Шынтаева: Бұрынғы кездермен салыстырғанда, қазір мұғалім болғысы келетін балалардың саны елеулі түрде артты. Ұстаздарға, жас мамандарға түрлі жеңілдіктер бар. Үй, үстеме ақылар беріліп жатыр. Мұғалімдердің жалақылары едәуір өсті.  

Бастысы, ауыл болсын, қала болсын, мұғалімдік жұмыс барлық жерден табылады. Ата-анасы мұғалім болғандықтан, отбасылық дәстүр ретінде ұстаз болғысы келетін балалар бар. Жастайынан мұғалім болуды армандайтын оқушылар да аз емес.

Енді мектептердегі шараларға тоқтала өтейін. Жоғары сынып оқушылары мұғалімдер күні қарсаңында өзі қалаған пәнінен, қалаған сыныбына мұғалім болып, сабақ бере алады. Содан кейін балалар мұғалім болуға қызығып, киген киімдеріне баса назар аударып, өтетін сабақтарына тыңғылықты дайындалып келеді. Бұл да  ұстаздық кәсіпті насихаттаудың бір жолы деп есептеймін.

EL.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: