Рақымшылыққа ілінгендерден соттылық алынады – заңгер

4 Қараша 2022, 09:09 3138

Жалпы кешірім институтына бұрыннан бөлек көзқарастағы халықпыз ғой

Қазақстан Республикасының  «Рақымшылық жасау туралы» заңына байланысты заң ғылымдарының кандидаты, доцент Орынбасар Нүсіпәліұлы Тілепбергеновпен болған сұхбат.

 – Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қаңтар оқиғасына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Бұл заңға сіздің көзқарасыңыз қандай? Мұны еліміздің гуманизм бағытында дамуына кезекті бір қадам деп атасақ бола ма? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қазақстан Республикасының қылмыстық саясаты ізгілендіру қағидасына негізделіп жүргізіліп жатыр. 1994 жылдан бастап 2022 жыл аралығында құқықтық реформаның төртінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Мұның бірінші белгісі, адамдардың сазайын тартыру емес, адамдарды тәрбиелеу, адамдарға ізгілік нұрын себу. Адамдарды жаңа қылмыстардан сақтандыру және оларды түзеу. Сол Қылмыстық кодекстің міндеттерін жүзеге асыру үшін біз екі механизмді ұсынамыз: бірінші бас бостандығынан айыру мекемелерінде күнделікті түзеу, екінші амнистиялау.

Жалпы кешірім институтына бұрыннан бөлек көзқарастағы халықпыз ғой, біз. Сондықтан да бұл амнистияның басы да, соңы да емес. Бұл үрдіс сонау ата-бабамыздан бері сан ғасырлар бойы қалыптасқан. Мысалы «Жеті жарғы» сынды  заңдар жиынтығында «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейді, «босағаны тепсе - бүтін құн, жайлауда тепсе - жарты құн» деп айтылады. Сондықтан да кешірім интситуты біздің қылмыстық заңның негізгі өзегі болып табылады. Екіншіден, бұл амнистиялық (рақымшылық) заңның соңғысы емес. Біз мысалы 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай бес мың адамға Рақымшылық жасау актісін шығардық. Одан кейін 2021 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай он төрт мың (14 000!) адамға Рақымшылық актісін шығардық. Осы Қаңтар оқиғасына байланысты Рақымшылық актісін қабылдауға Сенат заң жобасын қабылдап, оған Президенттің қол қоюы. Бұл құқықтық әлемдегі дұрыс құбылыс!

– Бұл процесс бұған дейін қалай жүрген еді?

– Бұл процесс бұрын жиынтық қылмыстар бойынша (тонау, қарақшылық, тұрмыстық қылмыс, орташа, онша ауыр емес теріс қылықтар) жасалған болатын. Ал біз Қаңтар оқиғасын күткен жоқпыз. Күтпегендігіміздің себебінен сотталушыларымыздың санын автоматты түрде бірден 3000-4000-ға дейін көбейтіп жібердік. Оның үстіне жасалған қылмыстардың себебін де білуіміз керек қой. Кездейсоқ қылмыс жасау бар, дайындалып қылмыс жасау және қылмыстың құрамы ретінде қылмысқа аттану деген бар дегендей. Соның бәрін ескере отырып, Парламентіміз қабылдаған заң жобасын бір жарым мың адамға жасалатын рақымшылық заңы – бұл дұрыс құқықтық құбылыс және қажеттілік деп есептейміз.

Мәселен бұл жерде бұлардың тізімін (ақталушылардың) 1500 адамға кімдердің енетіндігін анықтап, Бас прокуратураның тізімімен Кешірім беру комиссиясының қарауына енгізуіміз керек. Содан кейін соттың арнайы шешімі шығады. Сондықтан да Рақымшылық актісі – Рақымшылық туралы Заң өте өзекті. Себебі бүгінгі күні бас бостандығынан айыру мекемелерінде 35000 жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың әрқайсысын ұстау үшін 250 000 теңгеге жуық біржылдық шығын кетеді. Оның 11000 ғана бас бостандығынан айырылған жерде жұмыс істейді, қалғандарының барлығы мемлекеттің мойнында отыр.

Сондықтан да кездейсоқ, кінәсіз, құқықтық салдарды дұрыс түсінбеуден қылмысқа барған азаматтарды Рақымшылық актісі арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босату, ең алдымен әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру, екіншіден экономикалық ауыртпашылықты жеңілдету.

– Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың жазасының деңгейін қалай анықтайды? Қылмыстың да бірнеше түрі бар ғой, орташа, ауыр, аса ауыр дегендей?

– Рақымшылыққа ілінетін азаматтарды босатудың құқықтық негізі – қылмыстық санаттары. Ол теріс қылық, ауырлығы онша емес қылмыс, ауырлығы орташа қылмыс, ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс болып бөлінеді.

Соңғы қабылданған Рақымшылық заңының талаптары бойынша теріс қылық жасағандар, ауырлығы орташа қылмыс жасағандар, ауырлығы онша емес қылмыс жасағандар рақымшылық актісі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен толығымен босатылып, соттылығы автоматты түрде жойылады.

Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы төмендетіледі. Ауыр қылмыс жасағандардың жазасының төрт бөлігінің бір бөлігі қысқартылады. Аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасының жартысын  қысқарту мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Болашақ бей-берекетсіздіктің алдын алу үшін жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, адамдарды азаптағандар, айдап салушылар, арандатушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар, террористер, экстремистер амнистиялық акті бойынша босатылуға жатпайды. Өйткені бұлар қоғамға қауіпті. Қылмыстық субъектінің өзінің криминал субмәдениетін ескере кетсек – қоғамға қауіпті емес және қоғамға қауіпті болып бөлінеді. Сондықтан қоғамға аса қауіпті қылмыскерлердің толық түрде жазасын өтеуін қамтамасыз етуіміз керек.

– Қаңтар оқиғасы бойынша қанша адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды? Нақты статистика бар ма?

– Қазіргі соңғы мәлімет бойынша 1060 адамға байланысты үкім шықты. Оның ішінде 106 адам нақты бас бостандығынан айыруға сотталды. Оның ішінде терроризм кезіндегі марадерлік қылмыстар, ұрып-соғып кету, тонау бар. Соңғы мәлімет бойынша жүз алты адам ғана нақты бас бостандығынан айырылды дей аламыз. Қалғандары шартты түрде, қоғамдық жұмыстарға тарту сынды жазаларға тартылады. Бұлардың барлығы енді болашақта толық амнистиялауға жатады.

– Рақымшылық жалпы кімдерге, яғни қандай деңгейде қылмыс жасағандарға тағайындалады және кімдер бұл заң талаптарына жатқызылмайды?

– Біз қазір нақты мына адамдарға заң бабы қолданылады, мыналарға қолданылмайды деп те айта алмаймыз. Тергеу бітуі керек. Тергеу біткен соң, оны сот шешеді. Ол соттың басымдылығындағы мәселе. Сот билігі тәуелсіз.

– Рақымшылық туралы заңның қабылдануы бұл қоғамның талабына биліктің құлақ асуы ма? «Еститін мемлекет» орнап жатыр ма, жоқ әлде бұл сайлау алдындағы саяси технология ма?

– «Еститін мемлекеттің» үш нақты белгісі бар. Бірінші, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, екінші әлеуметтік-экономикалық жағдайды көздеу, үшінші саяси еркіндікті қалыптастыру. Соған байланысты біз құқықтық тәртіпті қалыптастыру, мысалы, кездейсоқ көтеріліске қатысып жазаға тартылғандардың ар жағында бірінші рет сотталғандығын ескерсек, оның қарамағында кәмелет жасқа толмаған балалары бар, қарт-ата анасы, жұбайы барлар, тұрақты түрде жұмысы барлардың, өзін-өзі жұмыспен қамтушы – фрилансерлердің жағдайын ескеретін болсақ, «еститін мемлекеттің» бірінші белгісі құқықтық-әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру болып шығады. Біз конституция бойынша құқықтық мемлекет болғаннан кейін мұны саяси науқан алдындағы саяси технологияға жатқызбаймыз. Саяси технология деген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Өзіңді өзің көрсету.

– Дұрыс. Менің айтпағым қазіргі Президент те сайлауға қатысып жатқан соң, бұл да жанама әсер ете ме дегенім ғой?

– Қазіргі Президентіміз Рақымшылық актісі туралы бастаманы бұл Сайлауға дейін өзінің Жолдауында мәлімдеген болатын. Оған дейін кезектен тыс Президент сайлауы болатынын естіген жоқпыз, біріншіден. Екіншіден Президентіміз сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де жарияласа болар еді. Өйткені түрмеде, бас бостандығынан айыру мекемелерінде тергеуде отырғандардың саяси процеске қатысу белсенділігі онсыз да болмайды.

– Қаңтар оқиғасы сынды қайғылы жағдайлар орын алмауы үшін заңдық-құқықтық жағынан алғанда мемлекет пен қоғамның арасы қандай байланыста болуы тиіс, заңгер ретінде?

– Кадр даярлау мәселесін жолға қою керек. Кадрларды жұмысқа алу мәселесін де реттеу керек. Екіншіден, құқық қорғау органдарын қаржыландыру әлі толық аяқталған жоқ. Мысалы Ішкі істер министрлігі төмен айлық алады, қаржы-мониторинг агенттігінің қызметкерлері одан жоғары, Бас Прокуратура одан да жоғары айлық алады. Біз құқық қорғау органдарына әр түрлі айлық тағайындаймыз да құқықтық теңдікті кімнен талап ететінімізді білмейміз. Ең соңғы жауапты ретінде Ішкі істер министрлігін қоямыз.

Меніңше, құқық қорғау органдарының айлығы бірдей болуы керек. Сол кезде ғана заңгер мамандар прокуратураға, сот органдарына, «қаржы полициясына» жүгірмейді. Жұмысқа тең қабылдау - қылмыспен күрестегі өкілеттіліктерді тең бөлу қағидасы жүзеге асатын болады. Ал қазір барлық «қара жұмыстарды» - көше қылмыстарын Ішкі істер министрлігінің мойнына артып қойдық та, бизнеспен байланысты экономикалық қылмыстарды, «ақ жағалылардың» қылмыстарын, заңсыз маңызды қызметтік қылмыстарды, элиталық қылмысқа бөліп оны қаржы-мониторингтік агенттігіне беріп тастадық.

Ал шын мәнінде қалта ұрысы он жыл қалта ұрлығымен айналысып келтірген зиян бір миллион теңге болса, ал облыс әкімінің бір заңсыз қол қою арқылы келтірген зияны бюджетке жүз миллион доллар болуы мүмкін. Біз оны ескермейміз.

Еңбекақы төмен болғаннан кейін жемқорлыққа да икемді, содан кейін тергеу жүктемесі деген бар, мысалы, әлеуметтік жағдайды қорғау, жылдық курорттар бар. Кезінде КСРО уақытында Ішкі істер министрлігінің адамдары жылына екі рет демалып тұратын. Ұшақ, пойыз, қалалық көлік тегін болатын.

– Әлеуметтік желілерде, БАҚ-та бұл «Қаңтар қасіреті» оқиғасы деп, енді бірі «Қаңтар көтерілісі» деп жазып жүр. Осыған қандай құқықтық баға бересіз? Оқиға ма, көтеріліс пе?

– Бұл жаппай тәртіпсіздік пен терроризммнің гибридті түрі. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды террористер өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Сөйтіп бізде жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар әлеуметтік теңсіздік кесірінен көшеге шыққандар мен шынайы террористердің арасын ажырату процесі жүріп жатыр. Сондықтан да бұл гибридтік қылмыс болғаннан кейін тергеу нәтижесінен кейін нақты террорист кім, кездейсоқ қылмыскер кім, шын мәнінде өзінің әлеуметтік жағдайына көңілі толмай көшеге көтеріліске шыққан кім, солардың бәрін біз анықтап құқықтық бағасын беретін боламыз. Сондықтан да қазіргі «Қаңтар қырғыны», «Қаңтар көтерілісі», «Қаңтар оқиғасы» дегеніміздің ешқайсысы заңдық термин емес.

– Өзіңіз осындай қылмыстық құқық бұзушылыққа байланысты сот процестеріне маман ретінде қатыстыңыз ба?

– Жоқ. Мен қоғамдық өкіл ретінде ғана барлығына қатысып жүрмін. Қоғамдық негізде. Жалпы соттардың жұмысына көп кінә артуға болмайды. Өйткені қазір үш сатылы сот жүйесін қарау тәртібі бар. Қазір бір судияның екі рет үкімі шығатын болса, ол сот жүйесінен жұмыстан кетуі мүмкін. Сондықтан да қазіргі біздің ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен соттардың ашықтығы жасалып, жақсы жұмыс жүріп жатыр. Бұл осы уақытқа дейін болмаған, жариялық жүріп жатыр.

– Құқық қорғау саласында Өзіңіз сияқты білімді, қазақ тілді мамандардың жетпіспеушілігі байқалады. Заң шығару саласында да қазақ тілінде еркін сөйлейтін мамандар әлі күнге дейін саусақпен санарлық. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты, заң саласы әлі күнге орысша, неге?

– Мемлекеттік тіл туралы заң екі адамның арасындағы қатынасты реттемейді. Сіз бен біз қазақша сөйлесіп отырмыз. Сіз бен біз орысша сөйлесерміз, оны Мемлекеттік тіл туралы заң реттемейді. Екіншіден бізде қылмыстық іс жүргізу кодексінде сот жүргізу тілі деген бар. Мысалы сіз сотқа арызды қазақша берсеңіз, ол іс орысша қаралмайды, қазақша қаралады.

Өкінішке қарай, сотқа талап арыз берудің орыс тіліндегісі көп болып тұр. Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші орысша талап арыз жазса, азаматтық істер бойынша талап арыз сотта орысша қаралады. Қай тілде талап арыз түседі сол тілде сотта жауап беріледі.

– Осыны түйткілді заңдық тұрғыда реттесе болмай ма?

– Ол былай ғой, біз қылмыстық істер бойынша, азаматтық істер бойынша істер мемлекеттік тілде берілсін десек, онда құқықтық мемлекет қағидасын бұзған болып шығамыз. Біздің заң аясында тіліне, дініне, жынысына, нәсіліне, көзқарасына байланысты бөлмей бірден қорғауды жүзеге асырамыз. Тілді қолданудың орбитасына байланысты ғой. Қай тілде беріледі, сол тілде қаралады.

Ал енді қазақ тілді сауатты заңгерлер жетіспейді деген пікірмен мен келіспеймін. Өйткені, мысалы біздің заң факультетінде орыс бөліміне қарағанда қазақ бөлімінде студенттер көп. Жақсы сөйлейді, заңды жақсы біледі.

– Өзіңіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу университетінің Заң факультетінде сабақ береді екенсіз. Қазақ тілді заңгер мамандарды даярлау процесі қалай жүріп жатыр?

– Білім беру толық мемлекеттік оқу бағдарламасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Орыс тілінде оқытылатын сабақтар қазақ бөлімінде қазақ тілінде бірдей оқытылады. Қазақ тілінде прокурорлық қадағалау, қылмыстық іс жүргізу, теория мен тәжірибе қатар жүргізіліп келеді. Жаңа арнаулы курс аштық. Қазіргі заманның қылмыстық саясаты деген. Ол орыс бөлімдерінде жоқ, тек қазақ бөлімдерінде ғана жүреді. Оқулықпен қамтамасыз ету 100% жеткілікті. Интернет ресурстар жеткілікті, ашып қарасаңыздар болады.

Шәкірттерімнің арасында дипломы жоқ демесеңіз дайын заңгерлер жетеді. Әлі диплом алып үлгермесе де өте алғыр жастар баршылық.

Бізде осы Қаңтар оқиғасына дейін, 2021 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымадамасы қабылданды. Сол бойынша әлеуметтік теңсіздікті, экономикалық теңсіздікті, құқықтық теңсіздікті, саяси теңсіздікті жоюдың толық кешенді жұмыстары көрсетілген. Алдағы уақытта бұл процестердің жүзеге асуына сізбен бірге куә боламыз деген ойдамыз.

– Жақсы, сұхбатыңызға көп рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: