Рамиль Смаилов: Павлодар облысы - жастар саясатының көшбасшысы

4 Сәуір 2019, 05:59 2549

Павлодар жастарының белсендісі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жастар қанатының төрағасы, өмірінде мұңаюды білмейтін Рамиль Смаиловпен сұхбаттасып, аз уақытта атқарылған жұмыстар жайында әңгіме-дүкен құрдық.

Рамиль Смаилов «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы Павлодар облысының штабына төраға болып өткен жылдың желтоқсан айында сайланған. Аз уақыт болса да, өзінің белсенділігімен танылып жүрген жөні бар.

— Рамиль, Павлодар облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қызметімен таныстыра отырсаңыз. Басты мақсаттарыңыз бен міндеттеріңіз?

«Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Павлодар облыстық штабы 2018 жылы құрылды. 2001 жылдан бері Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының Жастар ұйымдарының үйлестіруші кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарып келе жатқанымды айта кетейін.  

Құрылу мақсаты – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, достық қарым-қатынасты нығайту, түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен өзара көмек көрсету, жастар арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін дәріптеу бойынша мақсатты бірлескен жұмыс үшін Павлодар облысының көпұлтты жастарын біріктіру.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы он сегіз жастар құрылымдарының басын қосып отыр. Бірлестік жұмысын Үйлестіру кеңесі басқарады, оның құрамына этномәдени орталықтардың жастар бірлестіктерінің көшбасшылары кіреді.

— Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған жобалар бар ма?

— Біздің штабта облыстық ҚХА Хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеменің қолдауымен ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Этномәдени бірлестіктердің жас көшбасшыларымен бірігіп жұмысымызға негіз болатын келесі бес бағытты анықтап алдық: қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау; этномәдени бірлестіктердің жастары арасында «Әнімді саған арнаймын, Менің Қазақстаным» атты патриоттық әндер фестивалі; «Серпін – 2050» бағдарламасының қатысушыларымен бірге «Қазақша сөйлеу оңай» тілдік жобасы; «Патриот» пікірталас клубы.

Одан бөлек этномәдени шығармашылыққа баса назар аударамыз. Бізде барлық тілек білдірушілердің вокал, би, актерлік шеберлік пен шешендік өнерге оқуға мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда жиырма алты шығармашылық ұжым бар. Олардың үздік көркемдік жетекшілері облыстық ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар олар «БІРЛІК. ЕДИНСТВО. KZ» шекаралық серіктестік құру мақсатында өткізілген халықаралық этномәдени форумының бастамашылары. Форум аясында Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Белорус, Украина, Польша, тіпті ОАР мен Оңтүстік Корея жастары Ассамблеяның жұмысымен танысты.

Тағы бір басымдығымыз – Қазақстан тарихы бойынша этникалық тарих сабақтары өтіп тұрады. Этножурналистика бағытын да қамтып отырған жайымыз бар. Этномәдени бірлестіктер туралы республикалық газеттерге жарияланым шығып тұрады. Жастар үшін танымал журналистер мен блогерлердің шеберлік сыныптарын өткіземіз.

Жастар жылында облыс жастарынан не күтеміз? Қандай жоспарларыңыз бар?

Осы жылы ҚХА мен «Nur Otan» партиясы бірлескен ортақ жобасы аясында «Ұзақ өмір сүру» орталығы құрылды. Біздің белсенді жастар зейнет жасындағы қарттарымызды компьютерлік сауаттылыққа үйретуде. Бұл жұмысты ҚХА-ның жастар қанаты 2017 жылдан бастап жүргізіп отырғанын айта кету жөн болар.

Алдағы уақытта біз Павлодар сервис және тамақтандыру колледжі жанындағы студенттер Ассамблеясын құруды жоспарлап отырмыз. Жергілікті «Ertis» телеарнасында «Қайырлы күн» бағдарламасы шеңберінде «Этноасхана» айдарын жүргізбекпіз, онда көрермендерге Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық тағамдарының дайындалу тәсілі көрсетілетін болады.

Басты әрі қоғамда маңызды тақырып – донорлық, бұл жерде де біз өз тарапымыздан пайдалы болсақ деге ниеттеміз. Штаб «Қанымыз бір» акциясын өткізіп, этномәдени бірлестік жастары облыстық қан орталығына төрт литрден астам қан тапсырды. Сөйтіп мұқтаж жандарға көмектерін беріп, қоғамда тамаша бастама көтерді. Сондай-ақ биыл тағы да өтетін «БІРЛІК. ЕДИНСТВО. KZ» шекаралық серіктестік форумына жаңашылдық енгізсек дейміз. Әзірге нақты шешімге тоқталған жоқпыз.

Қарашада қала әкімдігінің қодауымен «Жаңғыру жолы – жастар жолы» ауқымды форумын өткізбекшіміз. Онда байтақ еліміздің жастары кездесіп, жаңалықтарымен бөлісетін болады.    

— Қазіргі заман жастарының негізгі мәселелерін атап өтсеңіз.

— Бұл сұрақ ауқымды әрі жан-жақты зерттеуді керек етеді. Дегенмен де қазіргі таңда, менің пайымдауымша, кәсіби бағдарлық пен баспана -жастардың басты мәселесі.

— Облыста өзге жастар ұйымдары құрылған ба? Олармен ынтымақтастықта жұмыс жүргізесіздер ме? Сіздердің ұйымдарыңыз басқаларынан несімен ерекшеленеді?

— Егер тәуелсіз Қазақстанның тарихына қарасақ, Павлодар облысы жастар саясатының флагманы болғанын аңғаруға болады. Біздің өңірде өз қызметін түрлі салаларда жүзеге асыратын ондаған жастар ұйымдары жұмыс істейді. Ассамблея жастарында «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасына қатысушылармен ерекше жемісті ынтымақтастық қалыптасты, олармен бірге «Қазақша сөйлеу оңай» тіл жобасы жүзеге асырылды.

Облыста «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс отряды, жас ғалымдар кеңесі, жас мемлекеттік қызметкерлер кеңесі, әлеуметтік-еріктілер орталығы, «Жас Отан» жастар қанатының Павлодардағы Жағрафия үйі ұйымдары бар. Олардың барлығымен қоян-қолтық жұмыс атқарып, облыс, Қазақстан жастарының болашағы жарқын болуына аянбай үлес қосып келеміз.  

— Қазіргі заман жастарының бойында қандай қасиеттер болуы керек?

—  Қазіргі Қазақстан жастары жаңа форматтағы азаматтар. Олар жоғары білімді және жоғары кәсіби дағдыға ие, үнемі өзін-өзі дамытып отырады. Қазақстан жастарына барлық жағдайлар жасалған және жолдары айқын.

Мен ел жастары ғылымның, техниканың, экономиканың, медицинаның және өнердің алдыңғы қатарында жүретініне кәміл сенемін. Алдағы жылдары біз туралы бар әлем айтатын болады.

Жас студент бола тұра, сізді штаб төрағасы етіп сайлады. Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес. Сіздің бойыңызда қандай ерекшелікті көруге болады?

— Өзім туралы айта алмайды екенмін. Қарапайым отбасында дүниеге келіп, ата-анамның тәрбиесін көріп өстім. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясымен құрдаспын.

Журналистика саласында оқып, қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Жақында Қазақстан Республикасы Журналистер клубы мүшесі атандым.

Ассамблеяның жұмысына 2012 жылдан бастап араласа бастадым, бес жыл ҚХА жастар қанаты төрайымының орынбасары болдым. Бес жылдай С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттер Ассамблеясын басқардым. Қазіргі уақытта «Тарих» мамандығы бойынша магистратурада оқып жүрген жайым бар.

ҚХА тақырыбына сәйкес республикалық және облыстық бұқаралық ақпараттық құралдарына шыққан мақалаларым жетпістен асады. Әлеуметтік желілерде де Ассамблеяға қатысты жазбаларды тұрақты жазып тұрамын, менің тұңғыш жазбам инстаграмда 2013 жылы жарияланған болатын.

— Сіздің қазақстандық жастарға тілегіңіз.

— Еліміздің жастарына таусылмайтын шығармашылық шабыт тілей отырып, өзі үшін және Отанымыз үшін жасап жатқан игілікті бастамалары табысты болсын демекпін

— Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз жемісті болсын! 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: