Әр түрлі халықтардағы мектептің шығу тарихы

2 Қыркүйек 2014, 03:10

Әр түрлі халықтардағы мектептің шығу тарихы


Мысырда алғашқы мектептердің пайда болуы адамзат өркениеті қалыптасқан кезеңге жатқызылады. Бұндай мектептерде тек фараонның ұрпақтары, діни қызметкерлер мен жоғары лауазым иелерінің балалары оқи алатын болған. Оқушылар дәптер ретінде папирусты қолданған, оқу аяқталған соң емтихан тапсыратын болған. Мысырлық тәлімгерлер міндетті түрде театрландырылған діни қойылымдарға қатысқан. Сабақтар ғибадатханаларда өтетін болған.

Қосөзенде (Тигр мен Ефрат) б.з.д. III ғасырдың өзінде ғибадатхана жанынан ашылған мектептердің саны едәуір болды. Шумерліктер мектепті «эдубба» (тақташалар үйі) деп атады. Олар дәптер ретінде қыш тақташаларды қолданды. Ондай мектептерде шамамен 20-30 тәлімгер дәріс алып, мұғалімнің жазып берген тақташасын көшіру арқылы, жазып үйренетіп болған.

Гректер ерте заманнан өз балаларының сауатты әрі сымбатты болуына ерекше мән берген. Б.з.д. V ғасырдың өзінде афиндықтар арасында сауатсыз адам болмаған. Грециядағы алғашқы мектепті әйгілі данышпан Пифагор ашқан. Соның құрметіне Пифагор мектебі деп аталған. Грецияның әр түрлі қалаларында білім беру жүйесі әр түрлі болды. Спарта қаласында негізінен елдің болашақ әскерін дайындауға ерекше көңіл бөлінді. Ер балалар 7 жастан 20 жасқа дейін әскери лагерлерде оқып, уақытының көп бөлігін спортқа арнады. Оларды ерекше қатал жағдайда оқытқан.

Ежелгі Римде алғашқы жалпы орта мектептер б.з.д. I ғасырда пайда болды. Олардың дәрістерінің дені ойын түрінде өтетін болған.

Ежелгі Үндістанда білім алу жүйесі отбасылық-мектептік сипатқа ие болды. Бұл жерде отбасының рөлі маңызды болып саналды. Б.з.д. V ғасырға дейін, индуизм дәуірінде бала тәрбиесі әр адамның ахлақтық және ақыл-ой өрісін кеңейтіп, дамытуына негізделді. Балалар мектепке 7-8 жастан барған. Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас «әке мен бала» моделі бойынша қалыптасты. Б.з. II – VI ғ.ғ. индуизм бағыты қайта жаңарып, Үндістана екі сатылы: бастауыш және орта мектеп болып бөлінді. Бастауыш мектепте оқуға, жазуға және санауға үйрететін болған. Орта мектепте математика, тілдер, дәрігерлік ісі, мүсін жасау, бейнелеу сияқты дәрістер оқытылды. Үндістер ахлақтық тәрбиеге ерекше көңіл бөлді.

Ежелгі Қытайда алғашқы мектептің пайда болуы б.з.д. III ғасырға жатқызылып отыр. Алайда, (Шан) Инь дәуіріне (б.з.д. 16-11 ғ.ғ.) жататын жазба деректерге сүйенсек  сол кездің өзінде орта мектептердің болғандығы айтылады. Ондай білім ордаларында тек дәулетті адамдардың балалары оқи алатын болған. Мектептік білім беру жүйесі ұстазға деген құрметке негізделді. 

Бөлісу: